09.07.2022
  195


Автор: Ғафу Қайырбеков

ДИХАН ƏБІЛЕВ

Осынау қиын өмір тартысында,
Ақынның əділетсіздікпен айтысында.
Адамның ақты-қара арпалысында,
Серік боп бұл жасыңның жартысында.
Келемін іні болып, бауыр болып,
Жұрт бұзбай, ірге сөкпей, ауыл болып.
Айнымау адамдықтан – қиямет жүк,
Айнымау кісіліктен – ауыр жорық.
Түзетіп күнде тозған жүйкемізді,
Маңдайға айқұш-ұйқыш түскен ізді.
Жүректің қолыменен сылап-сипап,
Қайнаған бұрқ-сарқ іш-теңізді.
Сабырдың салқынымен бүркіп-басып,
Көңілдің аспанының бұлтын ашып.
Қаз-қатар тірлік кешкен осы күндер,
Дариға, кетер ме екен бір күн қашып!
Мен сізбен ерегестім, тай-таластым,
Мен сізге жақындадым, қайта қаштым.
Бір кезек қолыңа да қол ұсынбай,
Бір кезек құшағымды айқара аштым.
Ылғи біз отырмадық бал бөлісіп,
Тарқадық сағынысып, сан керісіп.
Кетістік етек қағып, өкпелесіп,
Сүйістік омырау ашып, ал келісіп.
Өмір ғой – шын өмірде болмақ бəрі,
Алмасқан рахаты мен зардаптары.
Сонда да бұл майданнан кеткіміз жоқ,
Қазақтың өлеңінің солдаттары.
Сонда да ақын атты ақ борышты,
Халықтың алдында біз қақ бөлістік.
Дариға, намыс деген неткен мықты,
Дариға, аброй деген неткен ыстық!
Сонда да үйде бөлек, жырда бірміз,
Бəріміз – үлкен-кіші бір дəуірміз.
Бұл күнде шекісу бар, бекісу жоқ,
Жандарды жарты қабырға көріп жүрміз.
Ақынша адал өмір кештік бастан,
Келіндей ақ отауда есікті ашқан.
Тұрақты адамдықпен амандасып,
Тұрақты жамандықты еш ұқпастан.
Мен сіздің бар тойыңызда бар адаммын,
Бүгін де қызметіңізді қалап алдым.
Мен сіздің бел қайысқан күніңізде де,
Белбеудің бір ұшына жарағанмын.
Мақтанып тойыңызда бір бөсейік,
Жанымыз бірге жайнап, бірге есейіп.
Тозбайтын сыйластықтан тон киісіп,
Азбайтын қадірлестік күн кешейік!





Пікір жазу