09.07.2022
  252


Автор: Ғафу Қайырбеков

ƏДИ ШƏРІПОВ

Сіз сындыңыз. Оңай ма жан сынуы!
Ден саулық қой – дүниенің бар сұлуы.
Көз жасы не? Əшейін ол адамның,
Құдайға айтқан əлсіз бір қарсылығы.
Сіз сындыңыз. Оқ тиді ойда-жоқта,
Асау басқа киілді тағдыр ноқта.
Маңдайдағы жайнаған жалғыз жұлдыз,
Қосылмастай құлады қайта топқа.
Сіз сындыңыз. Бəйтерек сынбас оңай,
Көпке дейін көкпенен бір жасамай!
Сыртқа шашпай сынығын, ішке жинап,
Баяғы бір күмбездер тұрар солай!
Бала деген бар ғой, – деп, жүре беріп,
Жоқ боп қалса, жығылып, түрегеліп.
Өзгесіне шүкірлік етер көп жұрт,
Жүдеп, ойша шаршамай жүрегі өліп.
Жалғыз болса – қайыспас белің қалай?
Мұқап, бірге мұңдаспас елің қалай?
Қайта-қайта соққан соң жаны талып,
Сол дауылдан сорлады, жеңілді Абай!
Соны білген жəне де көпті білген,
Сабырлы ақыл, сезімнің өткірімең.
Өлген тамыр қайтадан қан қабылдап,
Өне бойғы өшпейтін от жүгірген.
Қасиеті артық ағасыз – болат қорған,
Тұрғызбайтын күмбездей қалап қолдан.
Мерекесі жалпыға жетіп, артып,
Қайғысы да халыққа сабақ болған.
Мен сол үшін ардақтап, ұғам бəлкім,
Сіздейлермен жасамақ ұлы халқым.
Адамдарды жоқтатпа маған тағдыр,
Өзі түгіл, шашылған сынығы алтын!





Пікір жазу