ЖАМБЫЛ ҚАЛАСЫ
Есімде отыз бес жыл бұрын бұдан,
Жастықтың желігі мен жыны буған.
Кезім ед. Шөп төсеген қызыл вагон...
Жамбылдан сол күндерде бұйырды дəм.
Сонда да жетелеген қайран туыс,
Қала екен кіп-кішкентай бір-ақ уыс.
Үйлердің терезесі теріс біткен,
Қуықтай көшелері қуыс-қуыс.
Малынған бірақ миуа, мəуе баққа,
Жайылған теректері əуе жақта.
Сылдыры арықтардың оркестрдей,
Қосылып жаңғырады таңғы шақта...
Ал бүгін алып десе алып Жамбыл,
Күндіз-түн тыншымаған алып дамыл.
Қалғиды көк аспанда ғимараттар,
Талмаурап талма түстің шағында бір.
Қоршаған өндірістің алыптары,
Қаланы ортасына алып бəрі.
Еңсесін көтереді күнге қарай,
Бүгінгі жас Жамбылды танытқалы.
Бір жақта Жамбыл ГРЭС ұрандаған,
Комбинат үнін қоспай тұра алмаған,
Секілді болашақтың созған қолы,
Жағалай бұлтты емген кран маған.
Қалайша көз құмары қанбас бұған,
Осынау əсем қала – жап-жас тұлғаң.
Туыстай бір-біріне жетпей қалған,
Алатау Қаратауды жалғастырған.
Үш жүз мың жүрек соққан бұл қалада,
Шашылар жас иісі күнде ауаға.
Студент он сегіз мың əн шырқаса,
Тарайды бақыт жайлы жыр далаға.
Зымырап болашаққа, күнге қарай,
Алдынан таң жолығып алтын арай.
Өзінің сонау ұлы жыршысындай,
Жасайды жылдан жылға Жамбыл солай!