09.07.2022
  127


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖАМБЫЛ ТУРАЛЫ ОЙ

Болса да бұл əлемге аты кеткен,
Осы жер оны-дағы ақын еткен.
Қиырда «Жамбыл» тауы бұлдырайды,
Бір кезде оны бізге тарту еткен.
Жырында екі заман орналасқан,
Миында ескі-жаңа ой таласқан.
Сескеніп əулиенің аруағынан,
Тəубасын жиі айтыпты сол данышпан.
«Алдым – деп, – өз атамның атын тартып»,
Санапты өйтіп қонған бақытты артық.
Тəубаға уақыт табу – өзі ұлылық,
Тұрғанда есі кетпей тасып шалқып.
Бекерге өкініпті сол қарияң,
Өзіңнің атыңды алса туған ұяң.
Бəрі бір шаңырақтың аты емес пе,
Атаға ат жалғаса бар ма зиян?!
Ежелден осы емес пе берер бата,
Рет жоқ болатұғын оған қапа.
Бəрі бір – Əулиеата – Жамбыл десе,
Жамбылдың өзі Əулие, – өзі де Ата!





Пікір жазу