09.07.2022
  161


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚОСТАНАЙ ДƏПТЕРІНЕН

I
Жел қанаты кірлемеген,
Аппақ ауыл, күн айна.
Соларменен бірге денең,
Қалса, шіркін, бір айға,
Кетер еді-ау құсқа айналып,
Құлдыраңдап, көк шарлап.
Мұнда сені ұшпайды алып,
Қара тұман, боз шаңдақ.
Бетіндегі жұпар суын,
Жапырақтар сүртпеген.
Тоқтатпайды сырласуын,
Алыста ақша бұлтпенен.
Жан шомылып рақатқа,
Тірлікке алғыс айтасың.
Бəз-баяғы жастық шаққа,
Тез-тез барып қайтасың.
Шаршаған ми қуат жинап,
Демалысқа кеткенде.
Өзге сезім улап-шулап,
Қан жүрекке тепкенде.
Бозбалалық боз күймемен,
Алау-жалау жеткенде.
Сол қызыққа көз үйренген,
Шыдам, сабыр жоқ сенде.
Бəрін оның тастағансың,
Ұлғайғанның аулында.
Жаңа дəурен бастағансың,
Бақыт күліп баурыңда.
Сағыныштың кірін жуып,
Ақсамайға кептіріп,
Бұл дүниеге қайта туып,
Бал бұлақтай секіріп.
Көкжиекті көңіліңмен,
Көп итеріп тастайсың.
Барлық таза, мөлдіріңмен,
Ақық, маржан тастайсың.
О, туған жер, алтын Арқа,
Сендей əлем – жалған жоқ.
Сенің күйің тарта-тарта,
Тозған қолда арман жоқ.
ІІ
Қостанайда күн ашық,
Көкжиекпен ұласып.
Жатыр толқып ұлы егін,
Келеді өніп ұлы Астық.
Қостанайда күн ашық,
Хəл-жағдайды сұрасып.
Тұрған да бір ғанибет,
Туыстасып, сыр ашып.
Қостанайда күн ашық,
Тимегейсің тіл асып.
Ашық күннің қадірі,
Қазір тіпті тұр асып.
Үштен артық айтуға,
Жасқанасың сондықтан.
Күнмен бірге ай туған,
Баршылықтан, молдықтан.
Енді менің бауырым,
Аттанады Жансұлтан.
Комбайнның сауырын,
Аршып тастап балшықтан.
Енді Кəмшат туысым да,
Көк темірге қол батып.
Тартар бұрым ұшына,
Алтын сабақ орнатып.
Қостанайда күн ашық,
Ашық болғай əмəнда.
Жақсы егінді жинасып,
Жас көңілді жырласып,
Қайту керек маған да.
III
Солтүстікте бір көл бар,
Жағасы тік нар қамыс.
Жайлапты оны кіл көкжал,
Бəлкім, болған жолбарыс.
«Бөрлі» деген атынан,
Бүкіл дала үріккен.
Түнде жаққан отынан,
Түз тағысын түңілткен.
Қарыс азу қабыландар,
Көздерінде көк ұшқын.
Заманында салғандар,
Не көкесін соғыстың.
Жиде шоқпар, қақ сойыл,
Темір тепкі омыраулы ат.
Бөрі басар жақ шойын,
Қайрат жиған қарға аунап.
Қасқыр тонша сыртынан,
Қаптама шекпен киінген.
Мұз сорайып мұртынан,
Қабағы қарс түйілген.
Сонау қырда бір батыр,
Ерсіл-қарсыл жортады.
Бас салуға тұр қапыл,
Үнсіз дала қорқауы.
Кең жазыққа шығуға,
Келіспейді, қорқады.
Ер таниды, шынында,
Өзін алар, ор тағы.
Сиқырында қиялдың,
Көз алмай сол суреттен
Тұр ем.
Дереу ояндым,
Комбайннан дүр еткен...
Жоқ қой, шүкір, енді жау,
Жан ашынар жұлқысып.
«Бізде де бар – дейміз-ау –
Балақ жыртар бір күшік»
Солтүстікте бір көл бар,
Жағасы тік нар қамыс.
Жайлапты оны кіл көкжал,
Болған, бəлкім, жолбарыс...
IV
Қарабалық қасында,
Бір мекеме бар бүгін.
Жиналғандай осында,
Дəн туралы бар ғылым.
Тəжірибе тəжіндей,
Жарқыраған дəн маған.
Жер шарының өзіндей,
Осында кеп орнаған.
Барлық бидай түрі бар,
Не қиырдан алынған.
Қызықтары қыруар,
Кескіндері алуан.
Ергежейлі біреуі,
Жерден бойы бір қарыс.
Ол да саусақ тірейді,
Күлімдеген күнге алыс.
Бəрінің де емгені,
Жер ананың емшегі.
Егушінің еңбегі,
Көтеріп тұр еңсені.
Бəрі тату, құрбылас,
Баласы ғой бір жаздың.
Ғажабының бары рас,
Еңбек атты сабаздың.
Ойға кетем бұл сəтте –
Арман, тілек қамалап.
Аман-есен жүрсек те,
Талай жерді аралап.
Жай болады бір кезек,
Күйінбесе, күлмейтін.
Қай бидайдың нанын жеп,
Жүргеніңді білмейтін...
V
Бармағалы қырық жыл,
Тұтпағалы жол басын.
Түсті сапар дəл биыл,
Келді осында жолдасым.
Тағдыр қолы шашқанда,
Қайран туыс қайда аумас.
Туған жерін басқанда,
Тебіренбес жан болмас.
Қалды бірақ таңырқап,
Танымады еш кісі.
Келген бүгін жаңа ұрпақ,
Кеткен өшіп ескісі.
Сан машина шаптырып,
Сан əкімнен өтінді.
Бер – деп – туыс таптырып,
Табылмады, өкінді.
Келе жатқан дүкеннен,
Ұстап алып бір шалды.
«Бауырым деп күткен мен»,
Көріспекке бас салды.
Ойда жоқта шал аң-таң,
Онда мұның ісі жоқ.
Сүйіп жатыр жалма-жан,
Оған күлген кісі жоқ.
Орыс, қазақ ойланып,
Кетті бастар салбырап.
Тұрды бұл сəт толғанып,
Кемсең қағып, шал жылап.
– Əрине, сенің ағаңмын,
Мейілің, əке десең де.
Сау жүрсің бе, қарағым,
Үй іші, мал-жан есен бе?
О, туған жер, ағайын,
Сағынсаң, ылғи бар болып.
Кездесесің-ау əрдайым,
Осындай бір шал болып.
VI
Қарабалық, – Қарабалық,
Қаншама ақын қалам алып.
Шықты сенен көне күнде,
Оқу оқып, қала барып!
Мұхаметжан Сералиннің,
Ауылы тұр анау дөңде.
Тұңғыш журнал – ел жарығын,
Жағып оқшау, салған жөнге.
Қала орнатып, мектеп ашқан,
Мүшкіл күнде қолда бармен.
Ел есінде екі дастан –
«Гүлкəшима», «Топжарғанмен».
Бейімбет Майлин – бас иетін,
Өзіміздің «Биағаңдар».
Жүрегінің қасиетін,
Туған жерге сыйлағандар.
Əлі күнге ел сүйетін,
Серағаңдар, Елағаңдар.
Тұңғыштардың Отаны бұл –
Жаршылары жаңа атқан таң.
Туған екен топтанып ұл,
Қыздар қанша қанат қаққан!
Қарабалық, Қарабалық,
Жерің қандай нұрлы сипат!
Тебіреніп, ойға қалып,
Топырағыңды тұрмын сипап.
Көп қараймын көзім қимай:
«Мұрагерлер» – осы біз! – деп.
...Тербеледі теңіз бидай,
«Бəрі – рас!» – деп, басын изеп…
VII
Мырзағали бауырым, –
Жақсы сапар жолдасы.
Осы күнгі тəуір ұл,
Осы күнгі ел басы.
Торсығыңды тос маған,
Қымыз берші бір жұтым!
Қажуға қажу қосты ағаң
Жүйткиміз – деп күні-түн.
Қалмапты ғой бос далаң,
Мұнша егіннен, жігітім!
Үш тəуліктің ішінде,
Біз көрген жер – бəрі егін.
Көз тиер – деп түсінбе,
Дала сондай əдемі,
Тұңғыш көрген кісіге,
Бейне сенің сəлемің!
Ерді өсірген жер еді,
Дəмелі орын дəл осы.
Асқан екен беделі,
Ермен бірге дəн өсіп.
Тəтті қымыз екен бал –
Енді сен іш, мен іштім...
Абыройыңды өзің ал,
Қуанышыңды бөлістім.
VIII
Вера Сидороваға
– Толқынында Тобылдың,
Көк темірдің дəмі бар.
Онда неге шомылдың?
Бар, тазартып шəйіп ал!
Солай шеше қызына,
Алғаш ақыл айтыпты.
Одан сайын қызыға,
Ол толқынға қайтыпты.
Ойнап, арбап су ару,
Оны алысқа сүйреткен.
Жылау, сықтау, қуану,
Бəрін соған үйреткен.
Сүйегіне, темірдің
Жұға берген қиқымы.
Секілденіп өмірдің,
Жалықтырмас сиқыры.
Соқты соғыс дауылы,
Үй жығатын жел тұрды.
Оралмады бауыры,
Ажал алды кемпірді.
Қысты тағдыр жан-жақтан,
Қыз жүрегін жылытпай.
Қалған бүкіл шарбақтан,
Жалғыз темір шыбықтан.
Шынықты да, бой жетті,
Жатқа сатпай жанарын.
Киді бүтін көйлекті,
Басты ширақ қадамын.
Жасыл Тобыл суындай,
Жыл артынан жыл ақты.
Жастық шіркін туындай,
Махаббат та гүл атты.
Күн нұрындай жігерлі,
Жетелеген бұлақты.
Өмір бұған бір ерлік,
Жасататын сияқты.
...Кез еді ол жас қырғи,
Зор майданмен ұштасты.
Кең даланы басты күй,
Кең даланы күш басты.
Жалаң аяқ жүгірген,
Кеше жазық қырлары,
Тракторлар үйірген,
Ұршықтай-ақ зырлады.
Сол зырлаудың соңында,
Жүзеге асып жатты арман.
Жадау дала жонында,
Жарқырады ақ маржан.
...Енді соған жиырма жыл,
Жұрт соңында кеш қалып.
Егін жайда ол қазір,
Келе жатыр еске алып.
Жымияды жай ғана,
Жалғыз өзі қиырда.
Жалпақ егін айнала,
Бітік өскен биылда.
Өтті өмірдің ащысы,
Бақыт, абырой аяғы...
Қазіргі аудан басшысы, –
Жалғыз шыбық баяғы.
Кешке айналып күндіз деп,
Салқын егін енді іші...
Жарқырайды жұлдыз бен,
Депутаттық белгісі...
IX
– Енді он бес күн!
Енді он күн!
– Ашық болса, шіркін-ай!
– Жауар ма екен?
– Жаумас, бəлкім,
– Мына бұлттың сұрқын-ай!
Қымбат сағат. Минут қымбат,
Сұрақ – жауап. Жауап – сұрақ.
Комбайндар орып, турап,
Тынар емес, əсте, бірақ.
«Республика – миллиард!» деген,
Жалаушалар жолдағы оттай.
Кабинада зырлап келем,
Биіктегі балға-орақтай.
Айқасады трассалар,
Алқара көк асфальт кілең.
Аспан ашық – рас, хабар,
Мен де соны растап келем.
Аспан ашық – көңіл ашық,
Ашық барлық элеватор.
Республика жолын басып,
Үлкен астық келе жатыр.





Пікір жазу