Тұр еді жазға бермес тəп-тəуір күн...
Тұр еді жазға бермес тəп-тəуір күн,
Ағаштар жапырағын сақтап үргін.
Ақша қар астананы жаба салды,
Дəлелсіз, дəл бірінде Октябрьдің.
Жылады жапырақты балам аян,
Жалаң бас қалды ғой – деп – жалаң аяқ.
Менің де жүрегім шым ете түсті,
Баяғы қайта ауырған жарадай-ақ.
Белгілі, бір-ақ күнде болды соғыс,
Есімде, мен жалаңаш қалдым сол қыс.
Ағадан, ағайыннан жұрдай етті,
Ал, тағдыр, мықты болсаң енді болыс!
«Оқа жоқ, күннің көзі əлі-ақ шығар,
Ол тоңса, оның ата-анасы бар!» –
Деп баяу жұбаттым мен өз баламды –
Бір ойды бір құбылыс ала шығар.
Өмірдің іштей-сырттай ұқсастығын,
Ол жас қой, ол, əрине, ұқпас бүгін.
Қанына оның дағы көшті ме əлде,
Тұншыққан ащы жасқа жап-жас күнім?!
Əйтеуір көңілсіз ой ойлап кеттім,
Бала ғой, ол ұзамай ойнап кетті.
Күн шықты ертеңіне, жайнады ағаш,
Жапырағы аман-сау бойлап көкті.
Жауығуын қоймайтын жай мінез ғой,
Кəзір жан-жақ тыныштық, жайлы кез ғой.
Жаппай бəрі жақсылық ойлап тұрса,
Жалғыз-жарым неғылар жаман өзге ой!
Көңіл шіркін самғаған Құс Уақта,
Өмір жатыр жастанып күн шуаққа.
Ойламаған жақсылық берсең-дағы,
Ойламаған жамандыққа ұшыратпа!