Революция толқынынан...
Революция толқынынан,
Тарих жағасына
Түскен аттап,
Кілең жалын, өрттей ұлан,
Мен есімін өскен жаттап.
Сендер, жан мен қанды аямай,
Күнді қайта жасағандар.
Шұғыла шашақ,
Алтын арай,
Азат заман аңсағандар.
Одан бергі ғажап ұрпақ –
Социализм ұсталары.
Бесжылдықтар əнін шырқап,
Шыққан сонау тұста бəрі.
Қап-қара ажал қанатымен,
Жапқан кезде ел аспанын.
Жүрек серті, жан антымен,
Жау-жарағың жарасқан күн.
Қалдың сақтап Отанды аман,
Кіріп отқа кірпік қақпай.
Қанды майдан ошағынан,
Бірің қайтып бірің қайтпай.
Қайта оралып бейбіт күнге,
Бел шешіп те үлгірместен.
Қансыраған елмен бірге,
Қайта өркендеу жолын кешкен.
Сау ұрпақтан ұрпақ өсіп,
Жұрт қабырға жапқан шақта.
Тарихи дəурен тағдырын шешіп,
Тағы бір таң атқан шақта,
– «Дəнге айналсын бүкіл дала,
Болсын Отан нанға қарық!» –
Ұран болып кетті айнала,
Көтерілді сонда халық.
Ширек ғасыр. Содан бері,
Жылда егінмен көгеріп қыр.
Алтын күннің кірпіктері,
Алтын масақ көтеріп тұр.
Коммунистер – Туған жердің,
Бақ иесі – перзенттері.
Сенің ғана маңдай терің –
Елдің өсіп, ер жеткені!
Қадіріңді ұмытам неге?
Неге тұрам рухтанбай?
Оны ұмыту – дүниеде,
Болғаныңды ұмытқандай!
Дəл жиырма жыл қатарыңда,
Тайғаным жоқ серттен алған.
Сенің ғажап сапарыңа,
Серік болу неткен арман!