09.07.2022
  107


Автор: Ғафу Қайырбеков

АЛШЕКЕҢ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Күн ауғанда желкеге,
Көкжиекте жоқ кетік.
Шерқаладан Шетпеге,
Келіп түстік топ етіп.
Жаны аяулы жас жігіт,
Күтті үйінде тік тұрып.
Табақтап ет астырып,
Салқын шұбат жұттырып.
Кірді есіктен бір кісі,
Жер тіреген ішігі.
Бұрынғылардың үлгісі,
Бүгінде жоқ пішімі.
Манағы маңғаз Шерқала,
Болған кезде екінді.
Енді айналып адамға,
Кіріп келген секілді.
Бейне биік от жалау –
Жақсы-ақ екен туысың!
«Ассалау» да «Ассалау» –
Кернеп кетті үй ішін.
147
Он шақтысын бір жола,
Құшағында жоқ қылды.
Көрер емес, сірə да,
Жалғыз арқа шөп құрлы.
Қайран ұлдар əкеге,
Еркелесе – жарасар!
Жайып салған көрпеге,
Орналасты Адай шал.
Дуылдасты, күлісті,
Кетті ұласып қалжыңдар:
– Шынашақтай бұл құсты,
Қайдан ұстап алдыңдар?
– Шерқаладан шерулеп
Келе жатсақ, бұл батыр,
Кекіл шашы желбіреп,
Жаутаң қағып жолда тұр.
Баса салдық бауырға,
Болмайық – деп жат ене.
Əкеп тұрмыз ауылға, –
Əлде онымыз қате ме?
– Дұрыс, дұрыс. Ұнамды, –
Жөн сұрасып жатқан ғой.
Бұлар түгіл, қыранды.
Қонақтатқан салт бар ғой.
Əкел, балам, қолыңды,
Біздағы қарт бір тумаң.
Ашсын тəңірім жолыңды,
Естуші едім сыртыңнан.
Қалдың кенет ұшырап,
Киік асық – тəйкесің.
Қолтығыма қысып ап,
Үйге əкетсем, қайтесің? –
Селк-селк етіп күлгенде,
Үй ауасы теңселген.
Мені өзіне икемдеп,
Иіскеді желкемнен.
Қақты сосын арқамнан,
Жеңіл ғана сілкілеп.
Шықты орамал қалтамнан,
Көзден жасым сіркіреп.
Бақсам, бос-ақ екем мен,
(Ес кіріп, кеткен жетімдік).
Қырық жыл болған əкеммен,
Жолығысқан секілді.
Содан қызды əңгіме,
Серілігі тарқамай.
Соқты сөз бен дəмді де,
Сексендегі қарт Адай.
Революция жалауын,
Маңғыстауда қадаған.
Жангелдинге сонау күн,
Серіктікке жараған.
Нелер қырғын, топалаң,
Ел тағдыры шешілген.
Нар басындай осы ағаң,
Бəрін бастан кешірген.
Тірі тарих самбырлап,
Сөзін бұзбай тұр Шетпе.
Боз торғай да таң жырлап,
Тынған екен бұл сəтте.
– Кел қарағым, кел Ғафу,
Сапар саған лайық.
Ел аман да ер тату,
Болғаны үшін алайық! –
Дейді де ол ыдысын,
Босатады жігіттей.
Сергітеді үй ішін
Ұйқы көрмес бүркіттей.
– Сөкпе біздей шіркінді,
Кезіміз ғой көнерген.
Алып қойдым бір түнді,
Лұқсатсыз сенен мен!
Түнді қойшы, тəйірі-ай, –
Жақсы күнің көбейсін?
Күнді түннен айырмай,
Жүргендерге не дейсің! –
Ал содан соң Алшекең,
Арғымақтай бой жинап,
Тұрған кезде, намыс екен,
Жатқанымыз құнжыңдап.
Онымызды дана қарт,
Байқаса да байқамай.
Қарайды жонды аралап,
Қолымен көзін қалқалай.
– Кетер сағат келді деп,
Қоштасамыз жамырап.
Ақ көйлегі желбіреп,
Қақпа алдында қалды қарт.
Қайран сабаз қалды ғой,
Секілденіп жалғыз тау.
Осылармен мəңгі ғой –
Маңғаз өлке Маңқыстау!





Пікір жазу