09.07.2022
  134


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕРДІҢ ТҮБІ – ҚАРА ҚИЯ

Төкен Жұмағұловқа
– Мынау бір жатқан қап-қара ойпат,
Соқты ғой содан жып-жылы леп бір.
Дүниедегі ең төмен алқап,
Теңіз деңгейінен жүз елу метр.
Бұл – жердің түбі. Атамыз қазақ:
«Жер түбі» – деп, алысты айтқан.
Мінезі тосын, айбары ғажап,
Үстінен құстар ұша алмай қайтқан.
Өтпесек жылдам зуылдап қашып,
Тартады табан кідірген жанды. –
Жанарын Төкен бадырайтып ашып,
Жартылай күліп, зəрені алды.
Шынында мынау ғаламат астау,
Құп-құрғақ түбі қолқаны қапқан.
Кетердей кіріп ішіне аспан,
Көлеңке іздеп, таңдайы қатқан.
Əйтсе де тосын суретке таң боп,
Қадала қарап, сабыр сақтаймыз.
Бұл сəтте біздей маңайда жан жоқ,
Алып шарадағы бауырсақтаймыз.
Сол ойымды таныған Төкен:
– Шашылмай тұрып, қашайық, – дейді.
– Ақынға мұндай жер таңсық екен, –
Əйтпесе, сусын басайық, мейлі.
Ашады сосын салқын бір шампан,
Сорғалап көбік, дүркін де дүркін...
– Іштік қой жердің бетінде сан-сан, –
Ішейік жердің түбінде, шіркін!
– Керемет екен! – деймін де, есім,
Жиылмай, əлі қараймын ұзақ.
Биікте сонау тіршілік көшіп,
Алмайды дамыл зуылдап, зырлап.
Сырттағы дүние есігі бекіп,
Жапқандай қақпақ қос-қостап тығып.
Аздан соң астау тесіліп кетіп,
Қалатындаймыз космосқа шығып.
Осындай əсер жүректі қамап
Көргені бар ма? Сен айтшы, досым!
– «Жер түбін» көрген жандардың əмəн,
Жортқанда сапар, жолдары болсын! –
Дейді де Төкен, тартады шарап,
– Тіріде тағы көрерміз талай! –
«Түбіне жердің» – соңғы рет қарап,
Жүйткиміз жердің бетіне қарай..





Пікір жазу