ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ОЙ
Ел Адай, енді саған оралайын,
Ой толғап, сол ойыммен дем алайын.
Əлдиле ыстық жолда ықыласыңмен,
Қашаннан қайсар мінез, ер ағайын.
Не ғажап! Мұнда келіп кеттім өсіп,
Көңліммен асқақтаған көк тілдесіп.
Қиялдың қанатынан от сорғалап,
Ауаңды ерсіл-қарсыл өттім кесіп.
Не сиқыр! Өз-өзімнен аруақтанып,
Өң түгіл, түсімде де алға аттанып.
Ұрандап оянамын, босатпайды,
Жанымды қаптап, қоршап алған шабыт.
Бар ма еді бұрын менде қызу мұндай,
Өмірде ұзақ жасар қызығымдай?
Əлде ол – менің саған адалдығым,
Қашаннан келген айнып, бір бұзылмай.
Білем мен бір кісідей тарихыңды,
Тап басып ақыл сені танитын-ды.
Тағдырдың сойқан дауыл соққысында,
Жалаудай алып шықтың жан-ырқыңды.
Білем мен найзағайдай мінезіңді,
Лақтырған отқа талай бір өзіңді.
Ант бұзған, серт қиратқан дұшпаның да,
Көрмеген жерге басып шын сөзіңді.
Еркек жұрт ерік тапқан ат жалында,
Маңғыстау – махаббатың, мақтаның да.
Айтшы сен, еркелікпен бір сұрайын,
Жақсы жер бұдан артық таппадың ба?
Көн жазық – қасқа сор мен қаратандыр,
Көрмеген жыл тəулікте дала жаңбыр.
Шел басып қаңсып қалған бос күбідей,
Жер түгіл, аспаны да күңгір-қаңғыр.
Тас кебіс тумай жатып бота киген,
Қуырылып, құлын-тайы отқа күйген.
Балаңның бадана көз, кірпігін де,
Жасынан жалын шалып, аптап сүйген.
Осындай мекен үшін бел қайысып,
Ат ерттеп, садақ асып, сан сайысып.
Келгенің маған жұмбақ – деймін саған:
– Япыр-ау, мына бір тұс қандай ыстық!
Дейсің сен: – Иə, бұл тұс сондай ыстық,
Сол ыстық үшін де біз көп сайыстық.
Ыстық жоқ – туған жердің ыстығындай,
Жүрсе де күнде басың отқа түсіп.
Қойдым мен. Бұл əшейін пендешілік,
Сөйлестік мен еркелеп, сен кешіріп.
Тағы да заулат мені жолдарыңмен,
Үш түбек, жатқан дала кең көсіліп.
Бер маған күрең қасқа сəйгүлікті,
Қуайын, жетер ме екем мəңгілікті.
Адайдың тұлпарының тұяғының,
Астында от жатқанын кім біліпті...