09.07.2022
  127


Автор: Ғафу Қайырбеков

ФОРТ-ШЕВЧЕНКО

Атырау алыс кеткен жағалаудан,
Қасынан қарт қаланың табаны ауған.
Алыстан ақ жал толқын қайтар кері,
Жалығып жардың басын сабалаудан.
Орнығып сонау шыңда Тарас ақын,
Көп көрген көк теңіздің парасатын.
Ол сабаз табиғатпен тілдескенде,
Жандары жаңғырығып жарасатын.
Даланың өзге тұрмыс, басқа аңызы,
Ғажайып дүниедей ашқан өзі –
Бəрі де ақын атын жатыр айтып,
Сыбырлап жүрген жері, басқан ізі.
Төменде Тарас бағы дүрілдеген,
Секілді əр жапырақ – бір-бір өлең.
Солардың басын қосқан оркестрдей,
Атырау сабасында күмбірлеген.
Бəрінде Тарас исі жұпар атқан,
Оны айтпас жан болмайды бұл танаптан.
Қазақтың қасиеті мен қасіретін,
Қастерлеп, қалам тербеп, жыр таратқан.
Біз көрдік ол болжаған болашақты,
Ту етіп бауырласқан жаңа шақты.
Алыстан, сонау арғы жағалаудан,
Бір кеме келе жатыр «Тарас» атты.
«Əнекей «Тарас» келе жатыр!» – десіп,
Балалар шапқыласып, толқын кешіп.
Алдынан бара жатыр, енді ұзамай,
Фортымен тұрар шалқып, ол жүздесіп.





Пікір жазу