09.07.2022
  89


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕТІБАЙ ОТТАРЫ

Жағалай жан-жақ – ақ жалау,
Даланың қолы көтерген
– Ақ жалау емес – ақ алау,
Жер астынан от өрген.
– Талтүсте бұлай маздаған,
Қаз-қатар отты көргенім.
– Ақындар мұны жазбаған,
Таппаған əлі өрнегін!
– Мұншама жалын өлеңге,
Сыюы мүмкін емес қой.
Апарсам бірін мен елге,
Оны да олқы демес қой!
Күледі маған жас адай,
Мүсіркеп, бəлкім, қарайды.
Дала бір жарық ақ сарай,
Көзіңе маздап қарайды.
– Мұнайдың – осы жолдасы,
Газ серік – дейді қазақша.
Бұлардың анық болмасы, –
Егерде мұнай таза ақса.
Əр жерден тесіп сондықтан,
Ажыратып қойған əдіс бұл.
...Буалдыр тартқан сол оттан,
Күп-күрең сағым, алыс қыр.
Күрсінем, көзге баяғы,
Қараңғы дала елестеп.
Шырпының жалғыз таяғын,
Табуың да мұң емес пе ед?
Ендігі міне жатқаны,
Күндіздің өзін жарық қып.
Даланы отпен жапқаны,
Жақсылық деген жарықтық.
Қаншама болды жол құрбан,
Маңдайдың тері кепкенше.
Сонау бір тезек шоғынан,
Біз мынау отқа жеткенше!





Пікір жазу