09.07.2022
  115


Автор: Ғафу Қайырбеков

Сені жырлап өлең жазды көп ақын...

Сені жырлап өлең жазды көп ақын,
Бірақ оның ортасында жоқ атым.
Бірақ менің сені сүйген жүрегім,
Жүрегіңмен ылғи бірге соғатын.
Не болады салқын өлең, сан қағаз,
Туған жердің барын жинап – берсең аз.
Қайран қазақ ер екенін айтуға,
Екі-ақ сағат жұмсадың-ау сен сабаз!
Мен соны ойлап терең-терең тебіренем,
Мен де бір күн көкті ұмытып, жерге енем.
Отыз жылдай отқа бөлеп кеудемді,
Отыз жылдай өлең шаштым елге мен.
Мен соныма жас баладай уанам,
Сен өңіңде, мен түсімде ту алам.
«Ту тұтқандар жасасын!» – деп, сенімен,
Бір жолығып қалған сайын, қуанам.





Пікір жазу