09.07.2022
94
КҮНДЕ ЛАУЛАП ЖҮРСЕМ МЕН
Бұл əлемнің байлығы –
Шықты аспанға биік күн.
Көңіліңді май күні,
Көтерейін, сүйіктім!
Қарқ қылып «қалқамға»,
Сен де мені биіктет!
Жерде тұрып, балконға,
Лақтырайын бір букет.
Күлкі шашқан көзіңмен,
Қолың соз да қағып ал.
Жігіт аспас өзімнен,
Сендей кімнің жары бар!
Ширек ғасыр жыл өткен,
Жатыр сайрап жол артта.
Шымқай қызыл көйлекпен,
Шығып ең-ау парадқа!
Қалың топтың үстінен,
Қарап едім шолып мен.
Сонда көзге түсіп ең,
Өрт жалаудай болып сен.
«Алып қаш» – деп, – сол өртті! –
Жүрегімді жұмсадым.
Содан қанша жыл өттім,
Отқа толы құшағым.
Ақын болып жұрт сенген,
Үлестіріп олжамды.
Күнде лаулап жүрсем мен,
Сенің отың сол мəңгі!