БАЛАМДЫ, ДОКТОР, САҒЫНДЫМ!
Жасқанып жүрек, күрсінсем,
Жан шайқалар құрақтай.
Өлең, қайда жүрсің сен,
Сондайда мені жұбатпай?
Туғалы тілеп саулығын,
Ауыртпай жүргем сəбиім.
Ойда жоқ сəтте ауырдың –
Ауырды сонда сəні үйдің.
Ішімде, арғы сарайда,
Қаңғырлап бір зат сынғандай.
Сəулелер сөніп маңайда,
Көлеңке сапқа тұрғандай.
Емхана беттеп, ем іздеп,
Зымырап келе жаттық біз...
Бақыт пен сорды – егіз – деп,
Саулықта қашан айттық біз?
– Қаласың мұнда! – дегенде,
Қалайша сабыр ұстадың?
Жасырып сүрттің менен де,
Көзіңнің дымқыл тұстарын.
Шайқалып кетіп, шақ тұрдым,
Əзірге маған қош айтып.
Жөнелдің сосын ақырын,
Саусақтың басын шошайтып.
Қайырсыз күндер тез өтті,
Жаныма салған əбігерді.
Денеңді сенің түзетті,
Мақтадым ұзақ дəргерді.
Сағаттың өзі көп күн-ау –
Ішінде жүрсең сағымның...
Рақмет саған, доктор-ау,
Баламды берші, сағындым!