09.07.2022
  258


Автор: Ғафу Қайырбеков

Туған жерге хаттар - 2 хат

Туған жер, саған деген сағыныштан,
Быт-шыт боп көкіректегі жарылыстан.
Жай денем жетімсіреп жерде қалып,
Ғарышқа күнде самғап жаным ұшқан.
Білесің жан ұшудың не екенін сен,
Жалғанда жалғыз жұмақ мекенім сен.
Алыста ақсақ құлан секілденіп,
Ажырап жайлауымнан жеке жүрсем.
Ол – менің жайым емес жатсыраған,
Өзгеден халім емес бақ сұраған.
О, ондай бишаралық шықса менен,
Киелі ақ сүтіңе тапсыр, анам!
Ол мені адаспастан анық табар,
Тағдырдың таяғымен салып қалар.
Əуелде-ақ шығарып сап ұзын жолға,
Дегенсің: «менен тусаң – халыққа бар!»
Сол жерден, сол биіктен сөйле! – дедің,
Ұсаққа көңіліңді бөлме! – дедің.
Алдына бес-он қойды салып алып,
Жүретін жүнді бас көп менде, – дедің.
«Мен саған алысқа ұшар қанат бердім,
Астыңа алтын ерлі ақ ат бердім.
Тағы да бата бердім нар басындай:
«Қолда, – деп, – қолтығынан талапты ердің!»
Қазақтың өлең-өнер жазығында,
Жалындым – бауыр бер, – деп жазылуға.
Шаншылып шаршы топтан шыққаныңда,
Оралып қайтқайсың, – деп қазығыңа.
Айтатын адам аз ба бірдің сөзін,
Айт, – дедің – өзің бір боп,
мыңның сөзін,
Бұл істі өзге жанға тапсыруға,
Жері жоқ көрмей қалған менің көзім.
Сөйт, балам! –
Дегенсің сен, жат ғаламға.
Мен алғаш жалғызсырап аттанарда,
Тұрғансың «Менікі», – деп, – мынау байғұс,
Зымырап қара көрсең аққан алда.
Жан Торғай, Анам Торғай, панам мықты,
Үйреттің алдымен сен адамдықты.
Содан соң бердің маған ақындықты,
Сол жолда арқалаттың алуан жүкті.
Сан жарыс, жүгірісте тимей жерге,
Қол-аяқ бір-ақ уыс күйге енгенде.
Жұлдыздай ағып өтіп қарақшыдан,
Еңіреп кеп топырағыңды сүйгем мен де!
Айтқансың аруағыңа мың алғысты,
Дүниеде сəт бола ма бұдан күшті!
Алдымен елдің белі қайыспай ма,
Егерде қолдан берсе ер намысты!
Сол намыс мені əлі күн дем таптырмай,
Келеді тоқымымды құрғаттырмай.
Əлемнің талай алыс жолын бастым,
Адамға шаужайымнан бір қақтырмай!
Арқамда дəл өзіңдей алып тұрып,
Жайнатса бар жолымды жарық қылып.
Мен сонда бүгежектеп жүре алмасам –
Мойныма қыл арқанмен салып құрық:
– Ой, тумай-туа шөккір! – деп, ауыздап,
Кетесің құм ішінде сен бауыздап.
Мен сенің мінезіңді білемін ғой,
Бақылап бала жастан келген ұзақ!
Көргем жоқ, сондықтан да аттан құлап,
Кей-кейде қалып жүрдім, баптан, бірақ.
Біреулер шын бəйгеме қоспай қойып,
Қолынан жүйрік жасап жоқтан құрап.
Айқайдың астында қап, көзім терлеп,
Қамықтым жалғызсырап, тоқтаңқырап.
Өмір ғой, өмір жолы тегіс емес,
Қаншама жібергенмен мақтаңқырап.
Сонда да көкрегімнен жыр үзбедім,
Секілді үнсіз тулап аққан бұлақ.
Кешегі топырағыңда аунап өскен,
Бір бала қара бұжыр қалқан құлақ.
Сыр ғой бұл саған ғана айтылатын,
Шыдасын бүгін айтпай қайтып ақын.
Осылай анасына басын сүйеп,
Желіде тер кептіріп тай тұратын.
Дəл соған қалдым ұқсап мен де бүгін,
Ұстады сүйкімді бір пенделігім.
Туған жер, саған деген, саған сіңген,
Тізімін жасамаймын еңбегімнің.
Жүрмеппін өз қосымның артын қымтап,
Қасында бөгежектеп отын бұтап.
Қазақтың өлеңіне əкеп қосқан,
Тұр бүгін өз қолыңда отыз кітап.
Шықтым мен «ə» дегенде шырқап биік,
Ыбырай Алтынсарин атын атап.
«Большевик ауылыңды» жырға қостым,
Кешегі ұлы майдан, қанды шатақ.
Содан соң жақсы күндер, қиын кезең,
Қаламнан жыр боп тасып, құйылды өзен.
Ұлы Отан соғысының асуында,
Қаншама омырау тозып, қиылды жең.
Қаншама айрылдың сен боздағыңнан,
Мерт болды көкке қолын созған ұлан.
Сан істі санасымен басқаратын,
Қол үздің азаматтың маздағынан.
Еңіреп, ерсіз қалып мұңың шақтың,
Мекені кілең жетім құлыншақтың.
Сонда мен домбыра алдым қаршадайдан,
Буыны қатпай тұрып он саусақтың.
Жырладым қасіретіңді қараша үйде,
Айрансыз жаутаңдаған ала шиге.
Көтердім көңіліңді сəби уіл,
Ие боп тұрмасам да тамаша үнге.
Сен қоштап «бəрекелді» десең болды,
Ағыттым асау өлең оңды-солды.
Дариға, тебіреніп еске аламын,
Сен өткен елдікпенен сол бір жолды.
Сан өлең, айттым сонда жатқа дастан,
Сөзім жоқ онда менің тасқа басқан.
Басылды жаның менен жүрегіңе –
Қайғыңды жырлаған соң бастан асқан.
Берірек бейбіт өмір гүрлегенде,
Жаныңнан жалын отты үрлегенде,
«Енді, сен, оқу оқы, балам! – дедің, –
Адам көп ер қара боп жүрген елде.
Бара ғой, болдың бізге біраз серік,
Қуантып, өнеріңмен қуат беріп,
Бір тайды қостық біз де деп қалайық,
Жер танып, оралғайсың суат көріп».
Баяғы қиын күнді – Бала-шаға,
Жаздым мен Алматыға келе сала.
«Мынауың əлден піскен ақын ғой!» – деп
Сипады маңдайымнан Қасым аға.
Ол солай, оған талай жылдар өтті...
Су тасып, дария қайтып, жылға кепті.
Жаңа ұрпақ дүниеге жайды қанат,
Қызықта қыздар өсіп, ұлдар жетті.
Еңбектің өлеңдетіп, туын ұстап,
Олардың көбі жаңа тыңға кетті.
Тусырап жатқан жердің топырағына,
Береке, ырыс екті, нулар екті.
Ал міне, Жаңа Торғай туды келіп,
Жақсылық жұртты нұрмен жуды келіп.
Туа сап, жүз миллион пұт астық алып,
Алдыңғы биік жерге тұрды келіп.
Қуандым, қуанғаннан есім кетті,
Егінді Торғай да екті, Есіл де екті.
Баяғы бір үзім нан көзден ұшқан,
Қозғады балалық шақ, есіл дертті.
Тебреніп жаздым сонда «Миллиард-дастан»,
Бар шабыт, бар қиялды жиып ап бастан.
Өлеңнің элеваторына құйдым келіп,
«Жер еді жесір тағдыр қиыны-ақ қашқан.
Тасиды кезі келсе қалай?! – дедім,
Бақытты енді қолдан қалайды елім.
Бойлаған Арқалықтың еңсесіне,
Жалтақтап жасты көзбен қарай бердім.
Арқалық сонда маған – ағам! – деді,
Мен тудым, енді бабың табам! – деді.
Торғайға биік вольтті от апарып,
Жолыңды көк асфальтпен жабам, – деді.
Бұл жерден жете алмайтын апта жүрсең,
Түйеде, өгіз бенен атта жүрсең, –
Аттансаң азан туа осы арадан,
Сəскеде жетеріңді жатқа біл сен!»
Дастанды одан əрі зымыраттым,
Шабыттың шалқарына шығып аппын.
Қасымда Бақытым бар – жол серігім,
Қарасам – өз аулыма келіп қаппын.
Бұл – тарих, айта берсең ғажап тарих,
Алғам жоқ бұл жолы да аз ақтарып.
Айналдым орындалған арманыңнан,
Туған жер, туған əулет – қазақ халық!
Мен сенің ақының боп өз атыңнан,
Тынғам жоқ от маздатып, сөз айтудан.
Зымырап сол екпінмен, сол жүйткумен,
Күйіммен аспаныңа сол атылған.
Елуге келгенімді байқамаппын,
Бақытын қызықтаумен бай танаптың.
Сен енді елуімді еске салма,
Дейін мен: «жиырма бесті қайталаппын!»
Тұяқтан сан жарыста тарапты шаң,
Сан кезең өтіпті ғой санап тұрсам, –
Сағындым, сағыныштың қанатында,
Мен бүгін саған сəтті сағатта ұшам.
Туған жер, рахымыңнан қолыңды үзбе,
Тағы да асқар тауға талап қылсам.
Арман жоқ ақ басыммен аң-таң қалып,
Көркіңе сонау ғажап қарап тұрсам!





Пікір жазу