09.07.2022
  193


Автор: Ғафу Қайырбеков

...Днепр үшін соңғы айқас...

...Днепр үшін соңғы айқас...
Қырғынның қырқы сол тұста.
Соғыстың бұлты зілдей тас
Барады ауып батысқа.
Бозарып бойлап таң атты,
Еңсесін жердің көтеріп.
Шаршаған шойын, болатты
Бөксеге салып бөктеріп.
Жаралы дене жыртық күн
Шықпасқа болмай көгіне,
Қаралы жиһан мұңдықтың
Мүсіркей қарап өңіне.
Тұрғаны сол ед, арс еткен
Арыстан көмей-бұлт құсып,
Алқызыл арай – қан шекпен
Мұнарға батты бүк түсіп.
Алдымен солай жау сойқан
Күнді атып алып шығыстан,
Бастайтын əлек – жын сайтан
Зырылдап ажал зымыстан.
Ұмтылды сонда біздің жақ –
Күн кегін қуған күркіреу,
Кетпестей үске көк құлап
Шанышып оттан мың тіреу.
Боздады қырда мың бота –
Катюша сабаз зымыран.
Қаптаған танк жон-жота,
Қаулаған көкте кіл қыран.
Жыбырлап, құрттап жер үсті
Жөнелді ойнақ тапқандай.
Қуырылып құйқа, терісі
Айдаһар қақсап жатқандай.





Пікір жазу