09.07.2022
  146


Автор: Ғафу Қайырбеков

АЖАЛ ПЕРІШТЕСІ

Саған, саған – бұл сыпайы сыйлығым,
Əлі сынап, жан айтпаған билігін,
Өткен күн мен шабыт алып өзіңнен
Орындадым жалын жүрек бұйрығын.
Сол жүректе сақтай-сақтай бейнеңді.
Күн өткізіп, келем сүйреп кеудемді,
Болшы ажалдың періштесі мен үшін –
Өтінемін, бір тілекті бер енді!
Шырмағанда құсалықтың торлары
Өзің келіп, бір сүйіссең болғаны.
Махаббаттың өлкесінде, өзге елде
Кездесуге кепіл болар сол-дағы!
Алтын шығыс – ордасы не ғажаптың,
Мекені бал махаббат, рахаттың,
Аспанның ару қызы – гүл райхан
Бəрі бар, өзгесінен бақыт, бақтың.
Өзендер ағып таза мөлтілдескен,
Көгінде ақша бұлттар еркін көшкен.
Алаулап кештері де əсем батып,
Дүниенің бар қызығын белден кешкен.
Былғанбай адам жаны зұлымдықпен,
Тек қана жақсылықтың нұрын күткен.
Күндердің сол алғашқы белгісі бар,
Сүйемін сені Шығыс, бір ынтықпен!
Көрген жан сені, ұмытқан туған елін,
Ғажайып сұлуларың – бұраң белің,
Жайнаған жанарыңда от тəкаппар –
Дейтіндей ұмытпайтын дұғам менің,–
Сондықтан еш күмəнсіз назарың сап
Менің бұл хикаяма нанарың хақ.
Ажалдың періштесі анық бары,
Бітерде, ақырғы азап, өмір зары,
Ол бізді аймалайды сүйіп құшып,
Бірақ ол аймалауы тым ызғарлы.
Ұсқыны болады оның сұмдық жаман
Кезінде құрбанына, бір қараған.
Қалшылдап қоя берер аза бойың
Ең соңғы береріңде деміңді оған,
Безілдеп жүрек байғұс қағар безек.
Алайда ерте заман ол бір кезек
Сүйкімді болған жұртқа жолығысы,
Сөйлеген жұмбақ тілмен толы күші,
Арбаған жанарының нұрыменен,
Баспаған бұл кезгідей оның мысы,
Біртіндеп асау сезім бұғалықтап,
Көндірген асау жанды дұғалықтап.
Бір сəтке үміт отын елестетіп,
Алдаған сосын оны жəне мықтап!
Болса да бұл əлемнің алабы кең,
Бəріне жас періште барады екен.
Бəріне жер пəндесі атаулының
Өзгермес өш көзімен қарайды екен.
Жұмсарып ол келерде дүние бей-жай
Аспанның тыныштығы орнағандай.
Жұлдыздай түн ауғанда туатұғын
Жүзінен момын сəуле нұр тамғандай.
Жандарды мұрқұм қылар арбап барып,
Жұмақтың қақпасына шығарып салып
Босанған жан біткенді тергеу, соттан,–
Мəз болар сонысына рахаттанып.
Не болды енді кəзір ашынғандай,
Сүйгені – қарғыс таңба басылғандай.
...............................................................
Күркіреп көк толқыны көбік атқан
Мұхиттан, алыста емес, жаға жақтан,
Астында Үндістанның аспанының
Шаншылып төбелер тұр көкті қапқан.
Үрейлі соңғы төбе биік асқан
Сұр тастар денесінде қиюласқан.
Теңізге сұғынып тұр, ұшар басы
Бүркіт пен құзғын қаптап ұя басқан.
Ауларын балықшылар арқалаған
Келуге түн ішінде қорқады одан.
Үстінде бір үңгір бар түсі суық
Тарбиып тағы бұта қоршалаған
Қараңғы көрден соққан салқындай-ақ,
Алданған арманынан ақылдай-ақ.
Немесе мақсаты жоқ тірліктей-ақ.
Немесе тамағыңа пышақ таяп,
Зымиян қарақшының көзіне ұқсас
Жыланның ұясы еді бұл үңгір тас.
Толық ай – оның жаққан шырағданы,
Тіл қатып, толқын ғана сыр алмағы,
Тізілген дəл аузында пальма ағашы
Қаз-қатар қарауылдай тұрар бəрі.
Елінен қуған көріп баяғыда
Тұрғаны жас Зориам аян мұнда.
Аяусыз жер бетінің қаңғыбасы
Қайыр жоқ адамнан да, құдайдан да.
Бақытты-ақ болар еді – рахатты
Бірақ ол бос ермектен іздеп бақты.
Іздеді адамдардан парасатты.
Олардан болмаса да өзі ардақты,
Іздеді ұлылықты ұсақ заттан,
Енді ол ізгі үміттен беті қайтқан
Өкінді бақытына жалған тапқан,
Орынсыз сақтық істеп, жасқаншақтап
Ешкімге қойып кетті сенуді де.
Бəрі жат тіршіліктің көрінді де...
Сүйетін азаттықты, түн баласын
Тау-тасты, табиғаттың айналасын,–
Сүйетін адамдарды, бірақтағы
Көрсетпей қашып жүрді ол қарасын.
О бастан, сол алғашқы ерте күннен
Үйретті көз жанарын жек көрумен.
Өйтсе де əлі келмей от жүрекке
Жүрді ол мысы құрып өртенумен,
Махаббат зорлығыңды тыңдай ма екен.
Күнəкəр болса-дағы ол – құдаймен тең!
Астында мынау аспан, мынау көктің
Үстінде кең жазира, төңіректің –
Болды оның жалғыз ғана қазынасы –
Əулие, пір тұтынып жүрген көп күн.
Ол барда қу шөліңмен жұмақ бір бəс.
Алайда түске үнемі сеніп болмас!..
Ливанның өр көкірек шың-тасында
Өсіп тұр бір кипарис бейіт басында
Жап-жасыл жапырақты пүліш өскен
Оралған оның тіп-тік тұлғасына.
Мейлі құйын-дауыл соғып күшті
Сындырсын биік сонау кипаристі,–
Бəрі бір жалғыз өлу жоқ қой оған
Қасына серік қылса бір танысты.
Сондай-ақ, жас Зораим дүние безген,
Бұл жерде серіктескен Ада қызбен!
Жұмақтың өз гүліндей иісті еді ол,
Киіктей ойнақ салып дала кезген.
Бір мін жоқ – төс пен тұлға, тұла бойда.
Өрт құмар, тəтті лəззат тұрар ойда.
Екі көз – оңтүстіктің екі күні
Секілді, тұрған бір қыз тулап, ойнап.
Келгенше қуғын көрген кезбе бұл жан
Ерке қыз əр нəрсені ермек қылған.
Көрді оның жадау, бірақ өр кескінін,
Көзінің суық болса да сөнбес нұрын,
Сол нұрды жандыруға одан сайын
Бір тілек қыз жанына бермес тыным.
Əп-сəтте əзір болды өлі жүрек
Сүюге қайта жанып, қайта елжіреп,
Тартты қыз махаббатқа, оятты оны,
Ақыры, тынды мақсат, болды тілек.
Зораим сүйді оны, қыз мұны да
От жетпес ол сүюдің қызуына
Оларды қосты сүйтіп тағдыр-ана,
Айырар – айырса тек мола ғана!
Ай туып, жарқырады биік аспан,
Алыс бір жұлдыздармен сəуле қосқан.
Түсірді сол сəулені үңгірге де.
Көк толқын жағалаумен арпалысқан –
Бойынан түнгі салқын лебі еседі,
Жартаспен жарбаң-жарбаң сүйіседі,
Есімде – дəл осы бір ғажап сəтте
Бір сылқым шығушы еді дауыс тəтті,
Ойнаған, еркелеген қалпыменен
Ол дауыс кетуші еді бойлап бақты.
Əуелде шығушы еді ол үңгірден
Дариға, тартты неге көңіл кірбең?
Қай сиқыр, қай əзəзіл сөндірді оны,
Ұйықтатып сол үндерді кім үлгірген?..
Сезімсіз, əл-дəрменсіз ақыл ада,
Өң-түссіз хал үстінде жатыр Ада.
Жеңіл жел желпімейді бетін оның
Жанары сүзіледі жарты ғана,
Күбірлеп күн шығысты бетіне алып,
Жатыр ол таң атуын текке бағып.
Тамаша таң арайын көре алмастан,
Мəңгілік мекеніне кетпегі анық.
Ол жақта қайда бізге күнді білмек!
Құпия қорқынышты үрей билеп
Арудың бас жағында тұр Зораим,
Тізерлеп, қасірет мұңы жүрегін жеп.
Қолында ақырғы рет алған қармап
Жатыр жай қыз білегі ағараңдап.
Жылтпайды енді өмірдің ыстығы оны.
«Алайда – деп ойлады ол – ажал аулақ!
Оқа емес – қол суыса, жай дерт болар –
Кезі емес кəзір оған өлім соғар!»
Осылай əдеті ғой үміт сəуле
Көңілге жоқты бар ғып, демеу салар.
Салар да, күдігіңді қуар барлық,
Ештеңе қалмаса да жұбанарлық.
Сол үміт сол жүректі мазақ етер.
Ақырғы сəтке дейін жоқты бар ғып.
Бұл шақта əлгі ажалдың періштесі
Оңтүстік аспанның кезіп төсін,
Кенеттен естіді үн келе жатып,
Махаббат жоқтауы мен нəзік өксік.
Ілезде ашып-көзді жұмғандай-ақ
Үңгірге заулап ұшып, келді таяп.
Ақырғы ішпек болған азап уын
Тəттірек еткісі кеп, кетті аяп.
Адамның, мойын ұсынған өрім жастың
Ерніне сұмдық сүйіс мөрін басты:
Беретін одан артық қызығы жоқ,
Қаншама болса-дағы ықыласты!
Бəлкім, ол Зораимды көрмеді ме
Ең алғаш қызға төніп келгенінде?
Ұзамай жанған шырақ сəулесімен
Кездесті суық жанар бірме-бірге.
Оқыды ол сол жанардан жазғыруды,
Ол көзден сұсты кінə, сыз білінді.
Ажалдың періштесі, шапағатты
Жанында өкініш туып, аз кідірді.
Айтсам ба? – ол қылмысқа барып кейде
Кіналар өзін-өзі налып кейде.
Алды ол Зораимның бар қызығын,
Сол еді жалғыз бұған жарық бейне.
Сүйді ол, ол керемет ғашық еді,
Сүюі – бар лəззаттан асып еді.
Сөйтсе де жылаған жоқ,– бірақ оның
Жүзінен айдан аян ашық еді,
Ажалды азабымен жеңгендігі,
Қызығы оралмасқа көнгендігі.
Білді оны періште де – білмей қайтсын.
Сол болса жан алғыштың көрген күні?
Білді ол үмітсіздік белгісін де
Сұп-суық үнсіз тұрған бұл пішінде.
Білді ол жылағанның жеңілдігін
Өтірік қайғырғаннан жұрт ішінде.
Періште ғажап ойға кетті ғайып
Ол ойы – əсем еді көкке лайық.
Мынау бір соры қалың шермендеге
Жақсылық істемекке, көңлі сайып.
Бекінді ол. Неге қарсы болмақ алла
Жұбатып бақытсыздарды, қолдағанға?
Сөйтті де, періштелік жанын салып
Тірілтті қыз денесін ол табанда.
О, ғажап! Суып қалған кеудеде енді
Қан ойнап, бетінде нұр дөңгеленді.
Астында оң кірпіктің от жанары
Баяғы сиқыр күшті жөнге келді.
Солайша сол періште жанын қосты
Несімен жақсы көрсек өмір досты,
Амалсыз ақыл бірақ шектелді де,
Билігі болмады енді көктегідей,
Жадында сұрғылт тұман қоюланған
Тек сонау өткен жылдар ойы қалған.
Адаға емес ол ой еш жуыспақ –
Аққан түнде құйрықты жұлдызға ұқсап.
Жанының бейқамдығы қызық оған,
Белгісіз су қараңғы əм болашақ.
Сезім де мəңгілікпен мəңгілік боп,
Қосылды бір-біріне жаңғырып кеп.
Арнады бар қуаныш, бар тілеуін.
Алаңсыз орындауға жар тілегін.
Күнəсіз жүрегінің от лəззатын
Еш уақыт алмағандай тартып өлім!..
Бір күні жартасқа кеп жағадағы,
Қасында сүп-сүйкімді Ада жары,
Отырды қалың ойда қуғын жігіт
Толқынға құлақ түріп одан əрі...
Алтындап көк мұхиттың алып төсін
Сəулесі жарқырайды жарық кештің.
Тұманның арасынан көз шалады
Сабылған желкендердің анық көшін.
Досына əлденеден алаң сезім
Үп-үлкен қадайды қыз қара көзін.
Көңілде бір найзағай ойнағандай
Сарқылып кең кеудеде қайран төзім.
Қарайды ол алабұртып, көңлі елеріп,
Қызарған күн батысқа көз жіберіп,
Кенеттен білегінен ұстап қыздың
Сөйледі былайынша тілге келіп:
«Жоқ, жаным, мен елсізде енді тұрман.
Ал босқа күн өткізіп, өмір құрман
Болғанмен өзім еркін, жан еріксіз
Жөн шығар бұл бұғауды быт-шыт қылған.
Өмір не? – Даңқ кесесін, бер, тұтайын,
Ішінде у болса да, қылғытайын,
Көр де тұр, одан қолым қалтырамас,
Көп рахаттан уды да бір жұтайын.
Құтқармас келер алда күн зымыстан
Бəрі бір көшуім хақ бұл тұрмыстан.
Дүниенің ақтығында түк емесін
Сонша жыл ойлауменен ғұмыр кештім,
Сондағы қалмақ ізім – молам ба екен
Үстінде тұратұғын бір белестің?
Сөйтіп мен тынбақпын ба? – Жоқ, жалынба!
Қара сен: анау таудың аржағында
Соғыспақ болып жатыр екі патша,
Қаптаған қалың əскер жан-жағында,
Ал ертең ақша бұлттар қанатында
Ойнаған таң сəулесі сағатында,
Ұрылып соғыс дабыл, қылыш даусы
Жаңғырар жапан түздің қабатында.
Біріне сол патшаның, тағы дəмем,–
Бел будым жауынгер боп баруға мен.
Жеңілсем, келеді деп күтпе, жаным.
Одан да көміп толқын, бүктеп ағын,
Жасырсын ну қамыстың арасына
Қалдырмай қас-дұшпанның табасына.
Ал егер болса жеңіс біздің жақта
Онда мен тұрам берік берген антта,
Əкелем маржанымен саған алтын,
Өзіме жарап жатыр абырой, даңқым...
Біздерде сонда дəулет, бақыт та бар,
Тұратын тасып-шалқып уақыт болар...
Білемін: махаббат та көкке өрлеген
Ешқашан ер семсерін жек көрмеген.
Тілекті сен ешқашан тежеп пе едің...
О, досым, қан көруім қажет менің!
Маған сен: жоқ мен үшін бүгін құны –
Қатыгез соқыр тағдыр зұлымдығы.
Қалай бұл? Сұрландың ба? Көз жасың не?
«Періштем, бұл жылауың – ненің мұңы?»
Сол кезде қыз-періште жауап қатты:
«Көргенің бар ма мөлдір ақ бұлақты?
Иілген сол бұлаққа қызыл гүлді?
Сол гүлді сəулесінде су ойнатты.
Егер су қозғалмаса – ол қозғалмас
Мөлдіреп қарар ол да, иіліп бас.
Ал сонда рахат жел соқса келіп,
Көк толқын жыбыр қақса, сəл тербеліп.
Гүлдің де көлеңкесі қозғалмай ма,
Астында дірілдеген суды көріп?
Дəл сондай тағдырыңды тағдырыңмен,
Жаңылмай жазмыш қосқан сабырыммен...
Көк толқын – сенің бейнең, гүл – мен өзім,
Мен жүрем сен қамықсаң қамығумен.
Кім білсін? Мынау сағат, бұл бір кешің –
Біз үшін соңғы бақыт боп жүрмесін!..»
Неліктен жасыл алқап қойнауынан
Хош иіс, тұрар тарап бойға дуаң?
Неліктен? Табиғат та тұл қалады
Желіккен адамдардың ойнағынан.
Əлемнің қожасымын дейді-дағы
Тиеді сол əлемге кейде лаңы.
Аспанда құс орнына садақ ұшып,
Бояйды гүлді жаншып, оның қаны.
Қураған күл сүйектен күн тұтылып,
Айқайлап жеңгендері, шын құтырып,
Ойбайлап жеңілгені жер жылатар.–
Бағынан шошып ұшып, бұлбұл шығып,
Басқа бір тыныш алқап, тылсым жайды
Тапқанша байғұстарың тыншымайды.
Момын түн, іздейді олар бейбіт күнді,
Патшасын махаббаттың – серік гүлді
Ол жақта таптамайды ожар сарбаз,
Қанға да боялмайды гүлдей сырбаз.
Ал міне! Тасыр-тұсыр... Тулады шаң,
Ысқырды ерегіскен екі жақтан!
Шыққан күн жаңа ғана жасыл көктен
Қан күрең жер бетіне сəуле төккен.
Батырлар қарулары жалт-жұлт етіп
Жақындап келе жатыр арғы шептен.
Тақасып келіп-келіп, кетті айқасып,
Жан-жақтан қара селдей қаптай тасып,
Сартта-сұрт қалқан, найза қабысқанда
Қалғандай өздері де таңырқасып.
Қанды кек – кеудедегі патша емес пе? –
Əп-сəтте таңырқауды алды басып.
Ғаламат сұмдық еді бұл кездесу
Алапат адам қанын белден кешу,
Айқасты қос аспанның қос күркірі –
Екі жақ қарш-құрш кескілесу.
Барады иық жұлысып, ұйлығысып,
Қан-өзен құйылады жып-жылы ыстық.
Əр шоғыр қарауытқан төбесінде
Жалаулар көлеңкедей жүр жылысып.
Шыңғырып азалы жан ақтық жылап,
Өліктер үсті-үстіне жатты құлап...
Ақыры, бір жақ тобы шегіністі,
Батпады жеңілген ер айқас сұрап,
Қан басқан жылжып шөптің үстіменен
Əне бір қашты қорқақ күштілерден.
Қашпады жалғыз батыр жаннан кешкен,
Болмайды аяқ алып бастан кескен,
Əнекей, қоймай жүріп қоршады жау,
Жан-жағы жатқан өлік астан-кестен.
Патша емес, патшаның ол ұлы да емес.
Ішінде ер тəкаппар, қырғын-егес
Қырандай көз қарасы бөлек еді,
Кескіні өміршіңнен бір кем емес.
Амал не, қайырсыз оқ жетті алыстан,
Гүрс етіп құлап түсті жас арыстан,
Қан шапшып қоя берді, құларында
Сөз айтпай жалғыз ауыз қасарысқан.
Дүрілдеп көтерілді жеңген ұран,
Жоқтаудай мұның бетін көрге бұрған
Жау батыр ерлік оты жүзінде ойнап,
Зу етіп өте шықты дəл жанынан.
Биік тау, жақпар тасқа шығып алып,
Қиырдан қанды ұрысқа көзін салып.
Аллалап Ада сұлу тұрды жалғыз,
Саусағын көкке жайып, дұға шалып.
Жүрегі үрей толы соқты қатты
Жас келіп, əлсін-əлсін көзін жапты.
Құдай-ау! Дəл мынадай көздер үшін
Кетпес пе тəрік қылып даңқ, бақты?
Зораим бара бара қызды ұмытты
Болды оған қанды жорық қызғылықты!
Ақымақ! Дəулетінің құнын білмей,
Ақыры өз бақытын өзі құртты.
Тып-тыныш жұмақ орнын қиып тастап,
Періште іс жасады биік те асқақ,–
Аданың жүрегіне жан кіргізді,
Сен соны ұға алмадың, үмітті ластап.
Талайды қуанышты соңғы сəттен.
Айырды ол бір сен үшін сабыр, дəттен.
Зарлаған байғұс Ада жалынышын
Қайырдың қабыл алмай ылтифатпен.
Жалғаннан қуғын көріп, шошыған жан,
Еңіреп, енді айрылып дос ұяңнан,
Сұлулық періштесін айырбастап,
Не таптың өр көкірек, бос қиялдан?..
Қарайды қыз биіктен жалтақ-жалтақ.
Жазықта қанды қырғын тиылған шақ.
Тірі жау тірі жауды қуып кеткен.
Жағалай өлік біткен жатыр жамсап.
Жұбатар қайда олардың періштесі?
Қайда жас жұмақ өкіл, пейіш досы?
Олардың естімес бұл мұң мен зарын.
Мұны да арбап алған жер үсті осы.
Тастауға күн де жақын көк бесікті...
Күтті Ада... Маңай тыныш. Ол кешікті!..
Жазыққа тосып-тосып, қыз да түсті,
Көрді ол мынау тосын, сұмдық істі.
Жазаға бара жатқан жазықсыздай
Үрей мен үміт билеп, зəресі ұшты.
Жорымас жамандыққа жан безеріп,
Аяғы кері тартып, бой тітіреп,
Сонда да қорқынышты алды жеңіп
Баяғы махаббатшыл қайран жүрек.
Ажары сүйкімді қыз сұп-сұр бірақ
Келеді зілдей басы төске құлап.
Тапжылмай қалды бір сəт, дəл осылай
Тұратын бейіт басында бір тал құрақ!
Зораим қайда? Біреу өлтірді ме?
Кім анау ыңырсыған? Көрді міне...
Сұлудың аяғының дəл астында
Садақтан жараланған ер бүгіле.
Құдай-ау, жан түршігер кімнің даусы?
Жағалай жайрап жатқан өлік қасы
Кеткелі жатыр тағы мынау онда.
Кім өзі? Зораим ғой! – құдауанда!
«Сенбісің? Келген мұнда Адамысың?
Басына неге келдің жаман істің!
Соғыстың сұмдығына сенің көзің
Сірə да, жаралмаған қарау үшін.
Көрері оның əсте өлім емес,
Арбасқан қу далада сенім, елес.
Əкелген сені ессіз махаббатың –
Ал содан бар ма тапқан рахатың?
Мен өзім болмай қойғам қан көрем – деп,
Көрдім... ал ойламаймын жөнделем деп?
Ұйықтаймын түс көрмейтін ұйқыменен,
Жатырмын жұлдыз туа жөнелем – деп..
Сол жұлдыз айырылысқан тағдыр-хабар,
Болдым мен өзіме-өзім ажал табар,
Қорықпа енді қаннан, қолыңды бер,
Алдыңда жатқан мынау мен күнəкəр.
Кеш мені! Енді мүлде қалдың жетім,
Таппайсың жанашыр да əл беретін.
Өзгеден бақытың жоқ еш уақыт,
Болмайды бір адамда екі бақыт.
«О, досым, от сүйісің жалындаған
Пайдасыз, қажеті не оның маған?
Ол сүйіс енді мені тірілте алмас,
Өршітер қасретімді қабындаған.
Бір кезгі бақытымды еске салып,
Шіркін-ай, ұмыта алсам, көңіл жабық
Болса егер өткен күндер елесіне,
Жанымның жұбатар ем емін тауып!
Сеземін, ал мінекей, бітті дем кеп.
Кеудемді өлім ызғар кетті кеулеп,
Дариға ай, жас едім ғой, кім ойлаған,
Қанымды бекер босқа төктірем – деп!
Қаншама жатыр еді күндер алда
Сенімен бірге өткізер бұл жалғанда.
Жамылып пальмалардың көлеңкесін
Жүрер ек теңіз шуын тыңдап онда.
Дəл бүгін жауыз жазмыш алдап соғып
Мезгілсіз өзімді мерт қылмағанда!
Есімде, өз елімде бала жастан
Бір бəлгер жұртқа сыйлы, балын ашқан,
Айтып еді,– бар – деп, сенің бір сағатың –
Жасайсың сол сағатта ерлік асқан!
Білемін, осы болар сол бір сағат,
Жасар ел атымды атап зор салтанат,
Не керек...» осы арада сөзі ұғылмай,
Арфаның алыстағы ызыңындай,
Көзінің бірте-бірте нұры қашып,
Əлсіреп бара-бара қалды жасып...
Байғұстың сөзіне Ада салмай құлақ
Құшақтап, сүйе берді тек аймалап.
Бұрынғы жан тірілтер қасиеттен
Ол кəзір жұрдайлығын білмей бірақ.
Енді оның сүйісінен түк өнбейді,
Жəй дыбыс, ал жай дыбыс кімді емдейді?
Енді одан табытыңа түспес жарық,
Ешкімнің азабына дем бермейді.
Сол кезде алыс аспан тұңғиықты
Қақ жарып, аппақ жарық жұлдыз шықты,
Тап-таза, өзгермейтін нұр сəулесі
Бөледі мүлгіп тұрған үнсіздікті.
Білмеді ол жер бетінде не болғанын
Кірпігі кімге барып қадалғанын.
Сондықтан жайнаң қағып сəуле түсті
Үстіне өліп жатқан адамдардың.
Зораим сол сүйіске ең соңғы бір
Зорланып, еріні тек етті күбір.
Бəрі бір ендігі оның айтпақ сөзі –
Еді тек қуанышсыз құрғақ сыбыр!
Беті де бір қатқан мұз – бары-жоғы,
Күйдірмес қыз жасының жалыны оны.
Қаны да жарасынан баяу аққан,
Шаңқылдап ұшып келіп алыс жатқан,
Құзғындар төбесінен шырқ айналды.
Өзге де өлімтіктің дəмін татқан.
Қамығып сонда жігіт көз тастады,
Соңғы рет батар күнге құз-тастағы,
Қалшылдап жер таянып, күрсінді де,
Кетті өліп, кімнің солай тозбас тəні!
Дариға, баяғы бір сүйкімді ажар,
Не істеді енді қара, өлім ажал?
Көк ерін, ағарған көз – тым үрейлі
Сұмдықтай көріп тұрып көңіл азар.
Шұбалған мынау кімнің көлеңкесі,
Адасқан болды ма екен көк еркесі?
Анау бір алғаш туған жұлдыз жаққа
Ақты ғой, көтеріліп жерден төсі.
Басында күміс тəжі жарқыраған
Кескіні қуанышты, пəк күнəдан.
Қақ жарып қараңғыны көпке дейін
Артында ізі қалды от шұбаған.
Ажалдың періштесі еді ол аққан –
Босанып енді жерден бойын тартқан.
Қалдырып қыз денесін топыраққа
Өзінің аспандағы елін тапқан.
Не көрді, жер бетінен нені ұнатты
Жолығар тағы соған,
сүйер қатты!
Өзі – сол,– сол баяғы əмірі де,
Өзгеріс болған емес өмірінде.
Жүзінен қамығудың ізі түскен
Айнымай баяғы бір көрген түстен.
Тек қана ызалы ой, зердеменен
Сақталған ыза-кегі жерге деген.
Ол кегі – қаза болған достық құны
Алатын жердегі бар пенделерден.
Өшіксе жан біткенге кек құрғатпай,
Көрінді оған деген махаббаттай.
Өзі – сол,– сол ұшырлығы бейне қиял,
Кетеді кеңістікті бір-ақ аттай.
Жылдарды, ғасырларды, мəңгілікті
Көзімен бір шолуға əзір тіпті.
Алайда ажалдың жас періштесі
Баяғы қайырымды енді ұмытты.
Татымас қасіретін бөлісуге.
Сый емес, жаза ғана лайықты
Зарланып соңғы минут өлісіне!
Пəнделер жауыз қатал – жолы басқа.
Алары азғын мінез айырбасқа
Сондықтан тумай жатып өмір – қасірет...
Ойы сол – неге солай ойламасқа?..
Анық деп ақыры оның бір келері
Қорқады одан əркім содан бері.
Найзадай өңменіңнен өтер көзі,
Жолығып, оның айтқан сəлемдері
Айыптай саған таққан ар қысқанда.
(Кеудеден ол келмесе жан ұшқан ба!)
Мұздан да бетер суық құшағы оның –
Сүйгені – сүю емес, қарғыс таңба!..





Пікір жазу