09.07.2022
  138


Автор: Ғафу Қайырбеков

АРАЛ

Бірінші жыр
I
Ауысты күзетшілер. Су бетімен
Шалғындай судыр қағып тербетілген
Қақ жарып көк толқынды жүзді кеме,
Секілді алып соқа жерді тілген.
Маржандай шашып көбік жан-жағына,
Көз жетпес бер жағына, ар жағына,
Көк жидек көсіледі көлемі ұзақ,
Еркіндік дүниесі – таңғы шуақ,
Алыста, қалды артта жат сулары,
Шуласқан аралдардың тұтқындары,
Сиреді түнгі мұнар, қылаң берді,
Жаңа таң нұрға бөлеп алыс белді,
Секіріп дельфиндердің ойнағаны,
Секілді күнді қарсы ап тойлағаны,
Жұлдыздар жасырынып нұрдан қашып,
Жасқанды кірпіктері жыбырласып.
Жайнатып желкендердің аппақ төсін
Қатайып жел көрсетті əуселесін.
Секілді теңіз беті күрең күміс,
Күн шықпай басталмақшы енді бір іс!
II
Қырағы күзетшілер, сенім берік,
Түсінде сонау алыс елін көріп,
Капитан жатты қалың ұйқыға еніп,
Барған соң, ерлігіне баға беріп,
Еңбегін ауыр жолда еткен мұның,
Отаны тойлайды деп өткен күнін,
Өйткені ол түстік полюс жолын ашты,
Тарихқа атын жазды ол алғашқы
Сонымен бастан өтті нелер дауыл,
Енді бір тыныс табар, алар дамыл...
Мынау не? Палубада асыр-тасыр,
Асау топ, өрекпіген өңкей жас бір,
Кеменің руль-тұтқасын тартып алып,
Əлекті кеме үстінде жатыр салып,
Үйі жоқ онда барса сағынатын,
Күйі жоқ табылатын қыз бен қатын
Тағы боп түзде жүріп кеткен əбден,
Қайдағы бос қиялмен неткен əуре
Дейді олар, аңсайды бір жұмақ жақты,
Жемісі мəуелеген тым-ақ тəтті,
Көксейді еркін жүрген аңшылықты,
Жері кең білмейтұғын таршылықты,
Аш көздік баяғыдан бізге біткен,
Əкімдік заңмен оны тас бекіткен.
Аңсайды қазынаны ашық жатқан,
Алатын қолмен күреп қанша батпан.
Ол жақта – еркін өмір, храм-сарай,
Ол жақта – бақ пен жеміс – алсаң қалай
Болады, бəрі жеңіл, бəрі де оңай.
Табиғат еркелеткен перзенттерін,
Қалаған емін-еркін ер жеткенін,
Ұлудың қабығынан маржаны көп,
Адамның оған жеткен арманы жоқ.
О, жастық, осылайша шалықтаған,
Қиялмен қайда-қайда барып қалған!
Ал мынау жаңа таңмен бұрқанған жұрт
Жіберді сол қиялды күл-талқан ғып.
III
Оян сен, тұр, орныңнан, батыр Блэй!
Жау жайлап босағаңды жатыр дүлей, –
Сілкін сен! Кеш боп қалды, бірақ, əттең!
Шегіне шықты бүлік! Мынау өрттен
Құтылу болмай қалды, алдында тұр
Көсемі бүлікшілдер алған қапыл
Тұр, міне, кеудесіне қылыш тіреп,
Байлап ап қол-аяғын, тыныш тұр деп,
Бұл кезде жарияланып болды бүлік!
Айырды сені еркіңнен қолды қылып!
Əнекей, алып шықты жоғарыға!
Əп-сəтте билік сенен жоғалды да,
Рульді тартып алды, барлық жабдық
Бағынды бір солардың сөзін заң ғып.
Көздері қанталаған өңшең бөрі,
Өшігіп алған саған есерлері,
Қарайды көзімен жеп, өзі өңмеңдеп,
Ызаңнан, ештеңе өнбес ашуыңнан,
Амал жоқ өзге бұған бас ұрудан.
IV
Алайда ажалыңның алдында сен
Қалмадың үнсіз-түнсіз қалпыңда сен!
Шақырдың адалдарын əлі де сен,
Амалсыз бүгін тұтқын, кеше көсем,
Мазақтап күлді полк, алайдағы
Міндеті бағынышты бар ойдағы
Кейбірі шығуға алға батпай тұрды
«Айтыңдар, мынау бүлік неге туды?»
Бірақ та сұрағыңды кетті көміп,
Долданған айқай-ұйқай, қарғыс, желік.
Жарқылдап көз алдыңда болат қанжар,
Таялды тамағыңа – тақау ажал.
Алынды қарауылға сенің кеудең, –
Жері бар қай ажалдың жеңіл келген?
Сезімі өшігудің өршігенде –
Қатыгез қарақшы қол кешігер ме?
Сен дағы адам едің өжет туған,
Бір қарап көп мылтыққа кезеп тұрған
«Атыңдар, кəне!» – дедің. Сонда барып
Басылды құтырған топ, ырзаланып
Қалғандай болды сенің ерлігіңе!
Бір сəтке алды оларды үрей қамап,
Кешегі көсеміне тұрды қарап,
Жетпеді өлтіруге батылдары,
Тектен тек жазалауға бармады ары...
Содан соң: «Лақтырыңдар суға! – десті, –
Беріңдер толқындарға – ермек етсін!»
V
«Қайықты түсіріңдер!» – деді басшы,
Əрине, «Жоқ!» – деп оған кім айтпақшы,
Құтырған қалың топқа қарсылық жоқ.
Жынды күн шықты, міне, аршылды көк
Кішкентай салды суға бір қайықты,
Азығы аз өмірге лайықты
Аяды аз да болса тағдыр сені!
Қатқан нан, қара сумен өндіршегін,
Азырақ қорек қылсын – дегендері,
Соңғы нəр арпалысып өлгендегі
Жəне бір арқан, кенеп берген болды.
Жүзгіштер бұрын мұндай көрген жолды,
Оны да өтінішпен алып еді,
Жалғыз-ақ сол-ақ үміт қалып еді,
Сонымен «Оң сапарға ал тарт!» – деді,
Тағы бір бағыт үшін компас берді,
Осылай қара жолдың серіктері
Жосылтып ескектерге ерік берді.
VI
Төтенше бүгін мынау болған істің
Аптығын басу үшін толғанысын,
Тобына жалған көсем жарлық берді
Енді бір ішу үшін қанып, тегі.
Беріктің бір кездегі айқайындай:
«Ерлерге арақ бер!» деп айтқанындай.
Даңққа жеткізетін, мұратқа да
Көңілді бұл дүниеде шарап қана! –
Десті де, жеңімпаздар гуілдесті
Болайық дау-талассыз бүгін десті.
«На Отанти!» деген айқай, ұран-дауыс,
Бергендей анаған да, бұған да күш,
Кейде бір тентек тойдың тілі қызық,
Шығатын іштен тасып, кеуде бұзып.
Шынында, Отанти – деген Арал
Осылар оны армандап, болған құмар –
Молшылық дүниесі, күнде думан,
Мəңгі той, мəз-мереке, сауық құрған.
Тамаша табиғаттың балалары,
Сыйлығы махаббаттың – жан алады...
Осы еді теңізшілер түсте көрген,
Қаңбақтай жел аударған, күстеленген
Теңіздің суыменен денесі – тұз
Қаңғырған өмірбойы мекені – түз.
Сый тауып жауыздықтың колыменен,
Батырлар тыныш тапты долы кілең –
Адамның біз білетін болмысы сол,
Табатын бір бақытқа əр түрлі жол.
Байлық та, мəртебе де, сəттілік те,
Тумақ та, жамандық та, ақ тілек те –
Айналар күні бітсе саз-балшыққа,
Құдайдан «Қайт!» деген бір үкім шықса,
Даңқтың ұраны да, саудагердің
Қазынасы, қуанышы жеңген ердің –
Сыяды бір жүректің қуысына, –
Түкпірде жаңғырықты дыбысына
Өмірдің ала-құла хикаясы
Оқылар бірдің соңы, бірдің басы,
Алланың мəңгі өшпейтін дауысындай –
Кеудеңде күмбір қағар арың тынбай!
VII
Қайғылы қара қайық, жаман қайық,
Ішінде адам толы, алмағайып,
Көбісі көсеміне берілгендер,
Мұнымен тағдыры ортақ көрінгендер,
Сыймайды бəрі бірдей тар қайыққа,
Кінəсіз жолыққандар зор айыпқа,
Күйреген тақтайында жандарының
Жүзеді – баспанасы – ол бəрінің –
Кəдімгі жайдақ кеме үстінде ағып.
Тағдырдың сыйлап қойған ісін бағып.
Желменен таласады жетім желкен,
Қай жерде сорлы қайық күйрер екен.
Дегенмен қалт-құлт етіп келеді алып,
Басқарған əккі моряк ер еді анық,
Мұхиттың періштесі қорғап, қағып
Келеді еркін жүзіп, алдын бағып.
Өр толқын лақтырады өркешіне,
Кей кейде шығарады желкесіне,
Кей кезде тереңіне бұқтырады,
Шаншылып кейде желкен тік тұрады.
Жеңіспен қайтқан кеме керуені
Түк емес секілді оған көрінеді.
VIII
Бəрі де болды дайын. Кеме əзір,
Теңізге жөнелуге қазір əзір,
Белгісін басшылардың тұрды күтіп:
Блэйдің күзетшісі – хəлі бітіп,
Амалсыз құлдай көнбіс болды оларға,
Көсемін аяйды іштей, амал бар ма,
Қарайды қабағына бағып қана,
Ол болса шөлдеп, іші өрт боп жана,
Еріні кеберсиді, мынау оған
Жемістің суын беріп, алаулаған
Тосады ерініне, көріп қалып
Онысын бақылаушы тұрған бағып,
Айқайлап, қуды оның маңайынан:
«Жоқ оған еш рахым!» айғайынан
Жаулары келіп қалды жан-жағынан
Бір кезде панасына алған ұлан,
Мынау бір жас матрос – бүлікшінің
бірі еді, алға шығып, білгірсуін:
«Не күтіп тұрасыңдар?» – деді борттан
Айқайлап жүзгіштерге: «Дереу аттан!»
Кешігу өліммен тең – пəтшағардың
Тұрғанын істеп мынау – аттап ардан
Кенеттен көзін оған сала беріп,
Есіне өткен күні түсті келіп,
Жасаған жақсылығы, қамқорлығы
Көсемнің адам етіп ол сорлыны,
Жендеті болды кімнің енді бүгін?
Шығарып сыртқа Блэй кегін, зілін
Деді оған: Осы ма еді берген ақың?
Жаныма тартқан үшін сені жақын?
Осы ма қайтарғаның жақсылыққа
Байлаған үміт үшін басты мықтап,
Даңқ үшін Англия жанды қиған
Жоқ екен, о, сұмырай, сенде де иман!»
Селк етті басын сонда төмен салып,
«Қарғады құдай мені!» – дегені анық,
Көрінді жыбырлаған ерінінен.
Кеменің үнсіз тақап ернеуінен,
Блэйді қалды итеріп қайыққа əкеп
Бере алмай бір қарауға көзі төтеп.
Сөзінде жалғыз ауыз «Кешір!» деген
Бар еді талай мəніс шешілмеген.
IX
Жайнаған тропиканың күні биік,
Еркелеп, жел ойнайды толқын сүйіп,
Арфаның алтын шекті ызыңындай,
Соғады ол теңіз бетін сызып ұдай.
Осынау жалғыз қайық қуғын көрген
Ескегі қайсарланып толқын керген,
Анау бір бұлдырлаған жартастарға
Бет алып, жұмбақ жаққа жол бастауға
Бекінген, мұңды сапар жан салатын,
Алдынан ешкімі жоқ қарсы алатын!
Мен емес жазар оның қасіретін,
Күні-түн қауіп-қатер кешіп өртін,
Бекініп көзсіз соқыр тəуекелмен
Жан дəрмен рухына нəр əперген,
Аштықтан сүлделері семген, кепкен,
Танымас анасы да көрген беттен.
Бəрі де жəй бір сұлық, тірі аруақтай,
Дымдары құрып біткен, еш нəр татпай.
Сан рет жұтылуға аз-ақ қалып,
Құтылып əупірім деп, азаптанып,
Қаусаған жартысы сынып сорлы қайық,
Сырғанап толқындармен мың қисайып,
Сұм шөлден іш өртенген, өңеш кепкен,
Бір тамшы тек көзіне елестеткен,
Аспаннан бұлт шықса да дəмеленіп,
Сусаған еріндері еміреніп,
Кенепке жауын сіңсе, сығып алып,
Нəр қылған соны ғана ыңыранып,
Қашқындай жан қорғаған қарақшыдан
Қайтадан теңіз құшып аунақшыған,
Айтуға тілім жетпес бұл сұмдықты,
Адамның рухы деген қанша мықты!
Бəрінен ауыр еді-ау, о, айтпақшы!
Жоқтауы жүзгіштердің үй, от басы!
X
Тағдыры соныменен бітті олардың.
Дүниеге жетуі мұң бұл хабардың –
Ерлердің азасынан ел күңіренді,
Бəрі де ант, кек алуға берді енді:
Флоттың тиді бұлар намысына
Ежелден даңқы менен дабысына
Сүйсінген, аңыз еткен тарихы бар!..
Полктың тарихына шектік сапар.
Сонау бір дүрліктірген елдің бəрін,
Байқайық аңдап ізін, не боларын,
Олардың ойында жоқ ел ызасы,
Бəрінің есіл-дерті, ықыласы –
Сонау бір таңғажайып арман – Арал,
Тек қана еркіндікті содан табар,
Өмірдің бір рахат көріп сəтін
Болса да өкініш жоқ көз жұматын.
Ажарын, жердің ғажап əулиесін
Көрердей сағынысып, танып есін,
Онда əсем табиғат бар, əйелдер бар!
Сені олар бейнеттенбей өзі-ақ табар.
Ағаштың басында нан пісіп тұрмақ,
Жүрмейсің жайдағыдай ұрлап-жырлап,
Қиналып, аудармайсың жер қыртысын,
Құл болып жүрмейсің де күнің үшін,
Атанған онда уақыт – алтын ғасыр,
Өз еркің – алтынсыз-ақ атыңды асыр,
Алтынды – алтын екен – деп білмейді онда!
Қылышпен Европа бармағанда,
Оларды жаулап алмай тұрған шақта,
Ол солай! – еркіндікті қызғансақ та.
Оларға біз апардық дерт, мерезді
Ұқтырып алтын, күміс, мыс пен жезді.
Жə, қазір айтпайықшы ондай ойды!
Əлі де табиғаттың таза бойы,
Онда олар ол ананы құрметтеген,
Мəңгілік сондай таза жүрмек екен.
«Ура! Ал, біз беттедік Отанитиға!» –
Жүйткіген желкендері соған қарай,
Желі де оңнан тұрған оған орай,
Жығылған толқындар да ыққа беттеп
Көкжиек шақырғандай «жылдам жет» деп,
Жан қолы сипамаған қыз денедей
Жап-жазық мынау өлке көзге мерей!
«Арго!» деп дауыстаған шақта бірақ,
Баяғы туған өлке ыстығырақ,
Секілді, жүзгіштер де артқа қарап
Қояды, көңіл босап, көз жасаурап,
Ал бұлар теріс қарап ұшты тынбай,
Баяғы Нұх пайғамбар қарғасындай.
Ұшты ол да қарлығашы махаббаттың –
Ұясын іздеп алыс жас жұмақтың!
Екінші жыр
І
Жақсы ғой Тубонайдың1 əуендері
Коралдың ту сыртынан күн өрледі.
Жарасып шыққан күннің нұрыменен
Айтады сол араның сұлуы өлең:
«Барайық бау-бақшаға құс сайраған,
Көңілде күй оянып, күш қайнаған,
Əнекей, тоқылдақтың тұмсығынан
Орманның төбесіне ұшты бір əн.
Дауысы құдайлардың емес пе екен,
Естілген Болотрдан, елестеген.
Атақты гүл терейік молалардан,
Сол жерде батыр ата-баба қалған.
Болады онда өскен гүлдер де əсем,
Қыдырып екеу-екеу кеште келсең,
Əндетіп отырайық, қарағайдың
Ішінде, сəулесінде жарық Айдың.
Сыбдыры қандай жақсы жапырақтың,
Болады оны естісең тəттірек мұң.
Барамыз содан теңіз шығанаққа,
Тулаған толқыннан жөн сұрамаққа,
Жартастың кеудесіне соққан тынбай,
Көбігі көкке жетіп тоқтайтындай.
Керемет бір айқас қой осы дағы,
Кей-кезде одан жаның шошынады,
Кей-кейде жаның қайта рахат тауып,
Тұрасың тыныштықта аппақ сауыт
Көзіңе шағылады, теке-тірес
Алдыңнан басталғандай айқас-күрес.
Болады көркейткендей Ай ажарын
Теңіздің көріп тұрып ақ жолдарын».
II
«Табыттардың босағасына өскен гүл, –
Оны жұлып, той жасаймыз кеште бұл,
Аруақтардың мекенінде асыр сап, –
Көк толқынға денемізді жасырсақ,
Қойнында оның ақ шабақтай ойнаймыз,
Жұмсақ мүкті оранамыз бойға біз!
Қасиетімен құдіретті жандардың
Қосыламыз, о дүниеге барған күн,
Түсті, міне, қараңғы түн, шақырды
Муа1 бізді, жаққан оттар шарпыды
Түн қанатын, күреңітті атырап,
Би билесіп, көк майсада жарқырап.
Жатыр бəрі, біз де сонда кетейік!
Өткен күнді еске салып өтейік.
Қайдасың сен, қайран дəурен, тыныштық?
Келді жаулар, қанды жорық ұрыс қып,
Қырды қыршын кілең гүлдей жастарды,
Біздер үшін қырсық дəурен басталды.
Ұмыттық біз қуанышты күндерді,
Шұғылалы, тыныш айлы түндерді,
Біздерге жау өрт қоюды үйретті.
Оқ атқызып, найза беріп түйретті, –
Енді соның көрсін өзі қызығын.
Түні бойы тойлаймыз біз. Күн шыға
Басталады қанды соғыс – у-шуға
Дүние толар. Дөңгелен би, дөңгелен!
Құйыл шарап тостағанға көлбеген!
Біреуге атақ, біреуге – өлім таң ата!
Шығамыз біз жаз киімі жараса,
Киіп алып жаңа көйлек таппадан
Көркімізді көктем өзі мақтаған.
Мойнымызға асыл моншақ тағамыз,
Шұғыладай құлпырады жағамыз
Қоңыр тартып кескініміз алаудан,
Өршіл көңіл жауынгердей жаланған!
III
«Би тарқады, бірақ қыздар кетпеңдер,
Мерекені жалғастырып, ептеңдер!
Ертең Муа бізді айқасқа шақырар:
Əзір мына бір соғатын хақың бар.
Теріп əкеп алқабынан Лику-дің
Гүл шашыңдар астында айқай-қиқудың.
Туған жердің сиқырлы əсем қыздары,
Тарқатыңдар қам көңілдің ызғарын!
Көріктерің көркем еді не деген!
Хош иісті рахатқа бөлеген
Уылжыған еріндердің дəмінен
Мастығымнан айыға алман əлі мен.
Матолоко3 соққан самал тауынан
Аялайды теңіз төсін сағынған,
Лику бізді шақырады, арбайды.
Сабыр жүрек, асығуға болмайды.
Ертең таңда аттанамыз жорыққа,
Сабыр жүрек, асықпа да, қорықпа!»
IV
Ғасырлардың əуені мен ырғағы,
Дəл осылай естілді де, жырланды,
Ақ нəсілдер келгенінше жат жерден
Солар зұлым, сорақылық əкелген
Əрі тағы, əрі еркін өлкеге.
Ол ақиқат яки кеш пе, ерте ме –
Күнəменен үйреніскен жанымыз –
Əбіл, Қабыл ұрпағымыз бəріміз.
Екі жақты ішкі дүние сарайың, –
Көңілінде Ағару мен Қараю!
Ескі əлем азып бітті, жаңа əлем
Ол да ескірді күнə, ғайбат, жаламен,
Дүниеде болмайтыны секілді
Еш уақытта азаттықтың екі ұлы.
Колумбаның тапқан осы алыбы,
Оған дағы құлдық соры дарыды.
Барлық жерде масқарасы бір соның,
Құртса, шіркін, жер бетінен құл соңын.
V
Əлдеқашан өткен күннің даңқына
Мадақ айтқан жырлары əлі қалпында.
Дəл осылай өсиет етіп қалдырған
Ерлер жайлы аңыздары жаңғырған.
Жыр шындығы – емес қиял ермегі,
Ол тірілтер рухты да көрдегі,
Гармония, ол – өзіңсің! Шегіңмен
Оятасың қазіргідей көңілмен
Туған елдің даңқтарын кеше өткен.
Туар жыршы жас ұрпағы кезекпен,
Шіркін, əрбір гимн, мадақ-ұранда
Айтқан əсем жаңа ұрпақ туарда
Бар үйлесім анау асау толқынмен
Бұлақтарда сылқ-сылқ етіп көп күлген!
Күз-шатқалда, ойпаттарда жаңғырған,
Жүректерді қозғайды ғой сол бір əн!
Онда барлық жаның тұр ғой, байқасаң,
Нелер таңба-əріптерде басқан шаң
Жалықтырар ұзын сүре, шежіре.
Өлең – деген – бүйрегі ғой сезімнің
Дірілі ғой қайран біздің жүректің!
Қандай ғана қарапайым сол жырлар –
Қарапайым тыңдаушысын толқытар!
Сол жырлардың қасиетін бағалап,
Нормандықтар жүзіп шыққан жағаға...
Азаттықтың уыменен зардабын
Сол елдерге жаймас бұрын жау залым,
Не пайда бар əсем дастан, жырыңнан
Ешбір жүрек болмаса егер жылынған?
VI
Солай өлең рахаты ақ жарқын
Көмілді аспан тұнығына көк жайқын.
Өліп бара жатты күннің жанары,
Жерге төніп оның күрең шанағы.
Тропиканың қызыл жалын мейрамы,
Дүниені хош тыныштық жайлады...
Қозғады, əне, пальма басын жеңіл жел,
Оянғандай небір жартас, қоңыр бел!
Яки толқын үнсіз баяу қозғалып,
Оңашада жас жігіт пен қыз қалып,
Отырды олар əн салысып, ырғалып,
Көздерінде жалт-жұлт етіп нұр жанып.
Махаббаттың мас уына буланып,
Əлі шыбық жаңа шыққан бүр жарып,
Қандарында алауланып от жанып,
Өртенуден жасқанбай да сақтанып,
Осы күйде өліп кетсе – жоқ арман!
Бүкіл өмір садағаға арналған.
О, ғажайып, махаббаттың жалыны-ай!
Өтесің-ау жер бетінен табылмай!
VII
«Тағылар» деп аталатын қауымда
Өсті бір қыз əсем бақша-бауында
Келе жатты ол да əйелдей жасанып,
Кəмелетке толмаса да жасы анық,
Біздің жақтың есептеуі бойынша,
Əлі бала жүретұғын ойын сап,
Əсем еді, өрт еді бір бейкүнə,
«Жүген-құрық түспеп еді мойнына».
Жұлдызды аспан секілді еді қара көк
Əлде мыстан келбетінде жанады от.
Сайрап тұрған тілдей еді көзі де,
Ұқсайтұғын Афродита өзіне!
Жағадағы періштесі теңіздің, –
Толқындары ең биікте, ең ұзын
Аяғына лақтыратын маржанды,
Қылығына табындырған бар жанды,
Ұйқыдағы түстей еді сиқыры, –
Бəрі ғажап жүрген жүріс, қимылы.
Екі беттен қаны тамған, шамшырақ
Шыға келген күндей нұры шашырап.
Қоңыр кеште жайнап солай коралдар
Сүңгуіші қызықтырып көз арбар.
Өзі де бір ойнақтаған толқындай,
Талма түсте теңіз кешкен ол тынбай.
Жат қайыққа мініп алып, реті келсе,
Зымырайды жер шетіне жеткенше,
Қуалайтын қуанышты қашаған,
Бар қызығы, бар мақсаты аңсаған
Сүйгеніне берсе барлық қызығын,
Үрейі жоқ аса батыл жүзінің
Сенген əбден қиялына, берілген,
Оған істің бəрі де оңай көрінген.
Таза үміті – інжу-маржан тасындай,
Жанып тұрған жас аптығы басылмай,
Өмір əлі қиын жолын тоспаған,
Балалыққа тəжірибе қоспаған,
Жылауы да, күлкісі де лезде,
Дəл осылай көлдің бетін бір кезде
Жылдам сипап өте шығар жел болар,
Баяғыша қайта тынып көл қалар.
Көл сабасын толтырады бұлақтар,
Жер сілкініп, қалмағанша құлап жар,
Бұлақтардың көзі бітіп, құрғап, бар
Айрылғанша сəні менен нəрінен
Көл де жұрдай болғанынша бəрінен!
Оны күткен алда қандай сыбаға?
Аян бəрі жалғыз ғана құдайға,
Адамды да, апатты да билейтін
Жазмыш қой тек – талғауыңды білмейтін.
О, құдірет, өз қолыңа ұстаған
Күнде ойнайтын ойыншық қой біз саған!
VIII
Баласы солтүстіктің көгілдір қаз,
Мынау бір жүзгіштерге таныс əр кез,
Дегенмен, тағы өлкеге тап болған ол –
Айқасып мұхит артқан жартасқа қол
Сары шашты қонағы еді осы жақтың,
Бесіктен əлдилеген досы жақын,
Теңіздің көбігімен көзін ашқан,
Əлдекім сəби күнде алып қашқан,
Айналған ошағына ол туғалы
Теңіздің ойнақтаған толқындары
Кəдімгі досы-мұхит құшақтасқан,
Құпия Ментор1 көңілін бір сəт қосқан.
Лақтырып ойнаушы еді бала қайық,
Тағдырға əуес болып алмағайып,
Ерлікті аңсаушы еді ол жасынан,
Қанында тентек рух аласұрған,
Үмітсіздік бар сезімнен таңдағаны, –
Арабтың топырағында жаралғаны
Бəріне себеп еді бұзық ұлан
Шығып еді қарақшылар тұқымынан.
Түйеге, шөл даланың кемесіне
Мініп ап, Имаилдай желмесіне
Кім кепіл, яки герк тауларында
Клефтей əлек салған жауларына,
Немесе Кацик көсем Чилидегі,
Анық еді соғыспенен бір жүрмегі.
Яки Ақсақ Темір секілденіп
Билеген кең даланы еркін берік.
Бірақ ол жаралмаған ел билеуге!
Рухы аласұрған, желді кеуде
Желігіп жеңдірмекші құмарлыққа,–
Жағдайға болып душар жығар-жықпа.
Нерондай маңдайына тақ бұйырмай,
Еңбегі зая кетіп, бақ құйындай
Ауытқып, басқа Нерон – жай жауынгер
Қызығын көрген оның – білсең егер,
Ғасырға кеткен сөйтіп масқарасы –
Кімге опа берген дейсің тақ таласы!
IX
Сен соған күлесің бе? Салыстыру
Ерсі ме, саған одан алыс тұру?
Римнің көлемі мен көп ісімен
Тең келер осы тағдыр не күшімен?
Несі бар? Күлгің келсе – күліп бақшы,
Əрине, құр қайғыдан күлкі жақсы.
Ия, солай, болар еді ол осылардай
Өр қайрат, талабының хошы бардай
Арманға өрмелеп-ақ бағып еді,
Батырдың біткен оған ер жүрегі,
Бар еді өктемдігі биліктің де,
Даңқтың шұғыласын сүйіп күнде,
Талайын жасар еді сұмдықтың да,
Дүниеге қарар еді шығып шыңға.
Адамның ойынан да бетер кейде
Бұл тағдыр көтерер де, тастар жерге.
«Бəрі де – түс қой оның, ал шынында,
Кім еді ол? Кім боп шықты ақтығында?
Торквиль есімі бар осы жігіт,
Кемеде кешегі күн салып бүлік,
Басына азаттығын əзер алған,
Қызына Тубонайдың күйеу болған.
Х
Қарайды ол иірім-толқын үйіріне,
Қасында əзір қызы сүюіне,–
Аралдың əлпештеген Ньючи есімді
Қызы еді, серілердің бір нəсілі,
Гербісі болмаса да əулетінің
Жеңіспен алып берген елге тыным,
Жалаңаш бабалары, аталары,
Əлі тұр моласының қатарлары,
Сонау бір көк төмпешік шөбі басқан.
Сандалдым оларды мен таба алмастан
Молаңды, Ахилл, сенің, кешір мені!
Келгенде жат меймандар есіңде еді,
Жай атып маңайына, дүрілдетіп,
Қаптатып кемелерін бұрын жетіп,
Сыңсыған қалың желкен пальмалардай,
Теңізден өсіп шыққан өрім талдай.
Немесе қанаттарын жайған бұлттай.
Қала деп су үстінде айтарлықтай!
Атылды сонда сұлу жал үстіне,
Қарғыған киіктей боп қар ішінен.
Қайықты есті қарсы екіленіп,
Судағы нереида секілденіп,
Қарады аң-таң қалып кемелерге,
Апсағай алып, ауыр денелерге,
Тастады зəкірлерін кеме тоқтап,
Жағаны толқын ұрып, көбік қаптап,
Секілді күнге шөккен арыстандай
Аша алмай түнгі ұйқысын, тауысқандай.
Қайықтар ерсілі-қарсылы зымырап жүр
Осылай талма-түсте құжынап бір.
Аралар ұшар еді айналсоқтап,
Жалына арыстанның қонып, тоқтап.
ХІ
Жағаға келіп түсті аппақ адам,
Қаншама осы сөзде көп мағынаң!
Жаңа əлем Ескі əлемге артып сенім
Қап-қара созды қолын – жазып белін.
Мəз болды екеуі де, таңданысты.
Жақындық ұзамастай енді алысқа.
Қуанды мыс денелі бауырлары,
Қауышпақ от жанарлы арулары.
Əрі-бері алғаннан соң көз қанысып,
Аралдың қара қызы болған ыстық.
Көрмеген өмірінде қардың түсін,
Оларға ғажап еді кіл-ақ мүсін.
Айнала жүгірісті, аң қағысты,–
Əр қоста тағам дайын, дəм алысты.
Ауларын жылы теңіз, салып суға
Төңірек бəрі шолпыл қағысуда.
Тып-тынық жұлдыз толы түнгі аспаны,
Өңіне ертегісі ұласқаны,
Басында пальмалардың тыныш тапқан,
Бақытты сəби Вакхты ұйқтатқан.
Тəңірінің шатырынан емес биік
Бүркіттің ұялары, көкті сүйіп,
Каганың тəтті сөлі мас қылады,
Ыдыс та, сүт те дайын – жас құмары.
Ағаштың басында тұр соның бəрі.
Айрылмас дəулетіңдей қолыңдағы.
Мұнда сен жер жыртпайсың, егін ормайсың,
Бəрінде аспан – дүкен, тегін алғайсық,
Əп-сəтте көкте біреу нан пісіріп,
Қойғандай тас төбеңнен дəл түсіріп.
Дос түгіл, аштық деген жауда да жоқ,
Бұл жерде сату да жоқ, сауда да жоқ.
Құдайдың несібесі берген артық.
Біреудің біреу алмас дəмін тартып,
Жаратқан бəрін сосын қайрымды ғып,
Аса көп армандамас баюды жұрт,
Үй іші тату-тəтті, майда мінез,
Жұмсартты ақ адамды бұлар ілез,
Өзгертіп жыртқыш қоғам құрылыс заңын,
Баулыды адамдыққа дұрыс бəрін.
XII
Талайдың сол бір мекен қосты басын,
Орнатып жұбайлардың құтханасын,
Солардың бірі біздің – Торквиль, Нюга,
Болмайды бақыттарын тəрік қылуға,
Екеуі екі алыста туса-дағы,
Басында жалғыз ғана күн жанады.
Астында бір жұлдыздың тағдырлары.
Жалғанда бір топырақ – алған нəрі.
Балалық өтті-кетті көрген түстей,
Қаншама іздесең де көзге түспей,
Дегенмен, ең алғашқы көрген сурет
Тау болса – тұрады екен соған сүйреп,
Соны іздеп өзге жердің тауынан да –
Тұрады сүйгісі кеп бəрін онда.
Жат жерде өткіздім мен қаншама жыл,
Альпіні əулие тұтып соншама бір,
Бас идім Аппенинге, Парнасқа да,
Олимпке қолым создым жап-жас бала,
Зевстің көзім көрді Идасын да,
Ия, олар ғажап еді, расында.
Тек қана аңыздағы құр бір елес
Əшейін əуес қылған сиқыр емес.
Əсердің сəби күнгі оты өшпеген,
Троя қиялымда өркештенген,
Идамен соны дағы араладым.
Есіме салды Келттер қалаларын
Шұбалған фригийдің жон арқасы,
Атылған Касталийдің бұлақ басы,
Сонау бір Шотландияны көзге əкелді.
Көрдім мен Гомерді де – өз əкемді!
Уһ, сен Феб тəңірі, кешір мені,
Қиялдың жолы мұнша көсілгені!
Баулыған, оқытқан да бала мені,
Сонау бір солтүстіктей анам еді,
Сүюге, қымбат қылып мен үшін де,
Ажарың жарқ-жұрқ еткен жеңісіңді!
XIII
Махаббат бар дүниені қуанышқа
Бөлейді, қауіп-қатер тым алыста,
Жастыққа шұғылалы тəж кигізіп.
Мəз қылып, бір күрсініп, бір сүйгізіп,
Жұмсайтын кеудедегі күшті рухты,
Бұларға берген тəңірім сұлулықты,
Сүйгізсе, ару бір сəт ернін беріп
Жаланған жалаң қылыш секілденіп,
Бұл оны аймалайды, шарпып жүзі,
Жалғанның жарқыраған қос жұлдызы,
Жарығын жалғыз өртке ұластырып,
Қойғандай қос тағына тұтастырып.
Енді жоқ өткен айқас ер есінде,
Қаңғыған дамыл таппай кемесінде,
Тыныстап асау жаны кеудесінде
Бүркіттей тербетілген кермесінде.
Көзінен от шашырап анда-санда,
Қараған бауырындағы балапанға,
Сезім бе əлде оны əлдилеген,–
Əп-сəтте тұтқын болып қалды неден?
Түс еді ол, тіршілікті жаны ұмытқан,
Басында қаралы гүл аза тұтқан,
Солмайды ондай гүлдер қанды жұтқан,
Алайда өлі тəнде шіріп жатқан,
Болмай ма дəл осындай бір жұмбақ сəн?
Мысалы, Клеопатра құшағында
Цезарьдың есі танған бір шағында –
Шіркін-ай, Рим де азат, дүние де азат
Болмас па еді, жеңісіне бəрі де шат?
Амал не, ұят пен ар ұмыт қалған,
Кезінде сұм əмірші, қырсық шалған,
Секілді ескі бұғау даты басқан,
Белгі ғой қалған мұра əуел бастан.
Табиғат, ақыл, даңқ болса жұртта,
Шақырған барлық елді бостандыққа.
Мысалы, Брут сондай жеке дара
Өзгенің күші батпас іске бара,
Əулие, əкімсіген маймылдарды
Басынан ағашының тайдырғаны,
Түсіріп бəрін төмен сілкіп жерге –
Риза болмаймысың, шіркін, ерге!
Бүркіт – деп таныған соң біздер оңай
Үкілер қорқытпай ма бізді солай?
Шынында, шарасынан көзі шығып,
Отыр ғой өзі қорқып, жан түршігіп,
Өйткені азаттықтың бір ұраны,
Көресің, ертең оны күл қылады!
XIV
Тұлғасы, бүкіл əйел тұрған бойы,
Ньюга, балқып дене, шалқып ойы,
Дүниені ұмытқандай оңашада.
Ал оны елітуге бар ма шара
Əлде бір жаңалықпен, қызықпенен
Немесе тосын əзіл, күдікпенен,
Дірілін жүрегінің өршітуге.
Сонау бір өзі үйренген шалғай топта,
Естіген есер өлең, жалған мақтау –
Бақытын, рахатын, даңқын оның –
Мадақтың білген өзі парқы жоғын,
Сөйтсе де жанымен де, тəнімен де,
Жалаңаш əсем еді бəрінен де
Осылай аспандағы кемпірқосақ.
Көзіңе алуан түсті көркін тосад
Елестеп бар ажары сұлулықтың,
Арбайды ар жағынан ту биіктің,
Болса да қарауытқан аспан түсі,
Жайнайды махаббаттың хабаршысы.
XV
Жартастың толқын қазған үңгірінде
Жатты олар жасырынып күнді күнге
Жалғаған өтті уақыт, зулап мезгіл,
Ажалдың қоңырауы – құрғақ тез бір
Əзірге сыңғыр қақпас, соны күтіп,
Қалғанша құлақ тосып, демі бітіп, –
Бұл өмір секілді деп аз-ақ қалған.
Пенделер өзін өзі мазақ қылған!
Өткен күн, келер күнде не шаруасы –
Бақытты аман болса қазір басы?
Дабылын қоңыраудың айырбастап
Теңіздің толқындары ұрады асқақ,
Жəне аспан күмбезінің күрең шары.
Тұп-тұтас күн дегенің бір-ақ сағат,
Əуре боп керегі жоқ оны санап,
Аспаннан шар еңкейсе – кешкі сыңғыр,
Гүлдердің арасынан жырлар бұлбұл.
Əнекей, күн доңғалақ түсті құлап,
Құлауы біздегідей емес бірақ,
Біз жақта шөгеді ғой күн теңізге,
Қарайсың ұзақ қызыл түскен ізге,
Кенеттен мұнда болып оттан ыстық,
Керемет жан ұшырып, арпалысып,
Жерменен айрылысардай мəңгілікке,
Төменге тік түседі шаншылып кеп.
Баяғы батырлардай басын тіккен!
Екеуі енді тұрып орынынан
Іздейді күннің нұрын ғайып болған,
Қайтадан бір-біріне көз қадасып,
Үңілсе түптеріне жанарының –
Ол жерде от жанып тұр, қараңғының
Маңайды мысы басқан көптен, міне –
Шынымен, бір күн өтіп кеткені ме?
XVI
Табиғат іс істейді таңданатын,
Жасаған жаратқанда тəнге, бəлкім,
Өміршең ұрық беріп, жан салатын,
Ол сосын тəңірісінің мақтап атын –
Міндетін кезегінше атқаратын,
Уақыт, дүние өтер шұбатылып,
Қалмайды рух ісі бірақ тынып,
Өсірер құдіретін махаббаттың,
Жол табар құдай үйіне апаратын.
Дүниенің жақсылығы оған да ортақ,
Бұл рух – алғаш рет «Мен» есімін
Алған соң, жайлар еркін жер бесігін.
Армансыз араласар табиғатпен,
Ұнаған жандарына жақын, жатпен.
Далалар, таулар менен өзен,
Бəрінің жалғыз ортақ рухы бар!
Мейлі, орман өліп, су құри ма?
Теңізден толқын қайтып, су жыли ма?
Тастардың омырауынан жас аға ма?
Жаны бар бəрінің де, жасағанға
Жалынар тілі де бар, сөзі де бар.
Арбайды рухымызды біздің олар
Шақырып түпсіз əлем – кеңістікке!
«Мен» деген дұрыстық па, терістік пе –
Оны біз ұмытамыз рахатқа
Жəне бір шомған сəтте, жастық шаққа
Бəрі де жарасады, «Мен»нің мəнін
Келмейді төмен ғой деп мойындағың.
Жас кезің патшалықты құрар күнің,
Ол – сенің махаббатың, құмарлығың!
XVII
Ғашықтар тұрды орнынан. Тар мекенде
Түсіп тұр күн жарығы əрбір жерде
Қуыстың жарқыратып қабырғасын,
Аспанда жұлдыз туды жамырасып.
Анау бір қос-күркеде, пальма астында
Кезеді кеш пен түннің жалғасында
Сол екеу – бақытты да, үнсіз еді,
О, қасиетті махаббаттың мұңсыз елі!
Ұйқысыз толқындардың бір сарыны,
Тастардың жай аунаған жұмсақ үні,
Сəбидей ажыраған емшегінен,
Айрылып тəтті ұйқының бөлшегінен,
Тереңнен ыңырсыған үн келеді,
Орманның көлеңкесі тербеледі.
О дағы маужыраған күйге енеді.
Ұяға құс қайтады ұшқан көктен,
Сар етіп, нөсер құйып аспан көктен,
Көлдерді жарылқайды аңқа кепкен.
XVIII
Кенеттен пальмалардың арасынан
Шыққандай болды дыбыс...
жаңа ашылған
Есіктің дыбысы емес, яки желдің...
Лебі емес тыныштықта кешкі демнің, –
Дүние арфасының күйі де емес
Арасын кезген дала, булы-белес,
Хор айтып тұратұғын жаңғырығып,
Яки дабылы емес жаудың бүлік
Немесе дауысы емес түнгі құстың –
Судағы не əупілдек, не байғыздың,
Арызын айтып, зарлап, байғұс мұңын
Бұзатын ылғи түннің тыныштығын,
Бір тосын дыбыс еді ол үздік-үздік,
Жандарға таныс суда жүрген жүзіп,
Майлаған тіреу баған кемедегі
Құралдың дыбысына дəл келеді.
Қарлыққан даусы естілді əлдекімнің:
«Əй, бауырым, сен Торквиль, бармысың, əй?
Қайдасың? Аман-есен саумысың, əй?» –
«Кім екен?» – деп, Торквиль іздеп еді:
Естілді – мен! – дегені, – Біз! – дегені.
XIX
Сол кезде хош иісті қараңғыдан
Жап-жаңа көңіліңді алаң қылған,
Бір тосын иіс аңқып қоя берді,
Əрине, гүл иісі емес еді.
Ішінде шарапхана гуілдесіп
Отырып, шат көңілдің буын кешіп,
Тартатын трубкамен темекінің
Иісі ғой, танауыңа енетұғын,
Сол иіс бір адамның келгенінен
Жап-жаңа мыналарға белгі берген.
Оңтүстік, солтүстікке кең жайылған
Сол түтін Портмуттың шалғайынан
Осынау полюске де келіп жеткен,
Тозбайтын сол труба еді неткен!
Дейсіз ғой иесі оның кім болды екен?
Əрине, ол теңізші не философ
Шылымды тамағына жейтін қосып.
Шығыстан күнбатысқа жетіп жатқан
Шалғайда трубкасын еркін тартқан,
Ежелгі матрос қой – жалқау түрік
Мінезін бейнетімен жалғастырып,
Сабазсың көрген көркін Гаремнің де
Көп тартқан апиындай бəлеңді де
Стамбұл сені сыйлап құрметтеген –
Қонақжай мұсылманға міндет деген
Сүйесің Странда өлкесін де,
Ол жердің болмасақ да еркесі де
Түтіні Кальянның таныс саған,
Ақықтан мойыныңа тұмар ұстаған,
Алайда жалаң дене мына сұлу
Таратқан сүйегіңе отты жылу –
Бəрінен артық шығар, Сенің осы
Исіңді арттыратын көңіл хошын
Аңғарар, бағалар да күн ілгері
Тек қана темекінің білгірлері!
XX
Іңірдің алакеуім айнасында
Қарасаң келген кісі бой-басыңа,
Бір түрлі ерекше еді киген киім,
Жатарын қай үлгіге білу қиын –
Кенеттен теңіздегі маскарадқа
Киімге ұқсаушы еді мас қонаққа –
Асау топ, тентек жиын – тағы тобыр,
Келетін экваторға шағы со бір –
Сол сəтін теңізшілер тойлаушы еді,
Би билеп палубада, ойнаушы еді
Сыңсытып, сыңғырлатып гитарларын,
Сол кезде арбасымен Нептун шығып,
Жата алмай су астында көп тұншығып,
Мынау той қызығына бөленетін,
Жүзгендей толқынына емін-еркін,
Су-тəңір еркелетіп өз перзентін –
Ұрпағын теңізшінің жек көрмейтін.
Дəл мынау киген киім сондағыдай...
Күртесі жыртық-жыртық болған ұдай,
Жанады трубкасы анау фок-мачтадан1
Желкендей шайқалақтап аяқ басқан,
Сонда да кəрілігін ол айтпастан –
Баяғы батыр қалпын салады еске...
Басына таңып алған шалма да ескі,
Шалбары бұрын тозған мезгілінен,
(Түктері шығып кеткен көзге ілінген).
Əлдебір штансымақ тұр салақтап,
Онысы əрі дамбал, əрі қалпақ,
Жалаңаш күнге күйген сирақтары,
Тəн емес ақ адамға сияқтанды.
Ақтығын танисың тек қаруынан.
Біз ғой тек соғысудың заңын қуған.
Мылтығы көрініп тұр иыққа асқан,
Денесі жаратқандай құйып тастан,
Ойнаған бұлшық еті ұршыққа ұқсап,
Жалаңаш бүйірінде болат пышақ.
Қыны жоқ (оған қынның керегі не).
Ілінген қос пистолет белдігіне –
Ұқсайды күйеуі мен əйеліне.
(О, достар, оны осылай суреттесем –
Мазақтап отыр деме, əлбетте, сен!)
Əйтеуір, «бір де болса – бірегей – деп,
Айтарым – қаруын сай түгендей кеп,
Асынған ол аз болса, найзасы бар,
Тот басып қалса дағы пайда шығар,
Баяғы батыр күйі, ер қалпында –
Осылай жұбайлардың тұрды алдында!
XXI
– Бэн Бантинг! – деп Торквиль айқай салды.
Не болды? Баяндашы біздің халді?
Ол басын осы сəтте шайқап қалды:
– Əр түрлі деп айтқанда ахуалды, –
Аз емес жаңалықтар – соның алды –
Бір кеме бізге қарай тақап қалды.
– Кемеме? Қой, шатпа сен əлденені!
Теңізден көрмеп ем ғой ештемені.
– Бұғаздан жерде емес ол сен көретін,
Желкенді қарғыс атқан көрдім еркін,
Жартасқа шығып тұрып бірақ алыс,
Кеме емес бұрын біздің көзге таныс.
Мен едім бүгін тұрған қарауылда,
Келеді ол теңіз тыныш, жел оңында.
Болғанмен жел қайырлы, ол қайырсыз
Кемедей, – деді де ол қалды үнсіз.
– Сонда не? Зəкір тастап, тоқтады ма?
– Жоқ! Жел де кенет қатты соққанында
Бұрылмай, келе жатты бізге тура.
– Жалауы кімдікі екен? – қолда труба.
Оны анық көре алмады қиыр шеттен,
– Əйтеуір, бізге деген ниеті – бөтен.
– Бар ма екен зеңбірегі? –
– Болғанда ше!
Ендігі бізге қоршау қолданбақшы.
– Ия, енді біз түсеміз тар тұзаққа.
Несі бар? Қаша алмаймыз ешуақытта!
Ешқашан сескену жоқ, жау алдында,
Ажалды қарсы аламыз осы орында.
– Ия, солай! Қойдық біз де алдын ойлап,
Не Християн? – Ұр, дабыл! – деп
қалды айғайлап.
– Бəрі де қару-жарақ жатыр сайлап,
Құрулы қос зеңбірек аузын майлап
Тазарттық, күзетшілер даяр онда
Жалғыз-ақ сенен басқа
бəрі орнында!
– Не, менің кеудем керек болғаны ма?
Əрине, қам жемеңдер ол жағына,
Сендермен бөлек қалу болмақ қайдан,
Бір тағдыр бəрімізді байлап қойған!
– О, Ньюга! Егер қасымда сен болмасаң,
Ажалға жалғыз барып бас байласам,
Тағдырдың үкіміне не шарам бар!
Бірақ сен қасымдасың, дос адам бар,
Енді мен өкінбеймін, Қазір бірақ
Жібер сен, бөгет болма, қолды байлап,
Жасың тый, тілек тіле, мен сендікпін!
Бəрібір не болсам да алдан күттім!.. –
Деді Бэн: «Қайтсін енді – теңізші ғой,
Қашанда намыс қорғау – Ер ісі ғой!»
Үшінші жыр
I
Тынды соғыс, жарқылдап жай оттары
Тұманға сіңді дағы, тояттады,
Жабылды ажал аузы жалмап-жалмап,
Қолқаны қапқан түтін жерді қорлап,
Аспанды ыластады, ылайлады,
Енді жоқ тарсыл-гүрсіл шимайлары,
Түнгі орман бұзбайды ешкім енді ұйқысын,
Алады қалғып қана жер тынысын,
Естілмес аш кеңірдек қақалғаны,
Кек бітіп, жау аяққа тапалғаны,
Кешегі бүлікшілер болды талқан,
Көбісі бұғауланған, тұтқындалған
Қызығар – өлгендерде жоқ деп арман,
Тығылып аз ғана топ аман қалған.
Жүр, əне, қалың жыныс қапталында, –
Кешегі қайран арал қас қағымда
Айналды қуғын-сүргін мекеніне, –
Кетті олар тас тағдырдың жетегінде
Қаңғыды жерден, судан пана таппай,
Байланып мойынына қара тақтай,
Отанын сатқандарға жоқ рақым,
Ұстады аңдай қуып соғып əр күн.
Бала емес анасына тығылатын, –
Бір қуыс іздегені сұғынатын.
Қасқыр мен арыстанның апаны тек
Оларды мүмкін еді сақтауы тек,
Мынау бір екі аяқты жыртқыштардан
Қауіпті əлдеқайда «ит-құстардан».
II
Теңізде, алыста бір тұрды жартас,
Дауылда дəу толқыннан беті қайтпас,
Толқын да өршеленіп болмас ұдай
Шұбыртқан əскерлерін қолбасшыдай.
Құлайды құздың қуыс аңғарына,
Мінеді сонда жартас қаһарына,
Басына ақ жалауын тігіп тастап,
Екі жақ ерсіл-қарсыл майдан ашпақ.
Алайда бітті бір кез теке-тірес.
Адамдар өмір үшін кешіп күрес.
Қажыған, қатты шөлден қаны кепкен,
Қалжырап, мүлде бітіп əлі кеткен,
Аз ғана қашқын тобы қаруы бар,
Əлі де жоғалтпаған арын олар,
Тəкаппар еркіндіктің ұландары,
Əлі де өжет еді бұлар – бəрі,
Қайтпайтын қайсарланып алған беттен,
Көнбестен тағдырына тəлкек еткен,
Байлаған тəуекелге белін бекем,
Күш берген үміт пе екен, сенім бе екен! –
Таппайды енді бізді бұл үңгірден!
Деген бір миларына ұғым кірген.
Сол ұғым зор үмітті қарқ қылып,
Жіберді уайымнан айықтырып.
Алайда олар тапқан сол жұмағы,
Оларды ұзақ сақтап көп тұрмады,
Аңсаған еркіндікті жақсы арманы
Бəрібір қайырлы боп басталмады,
Жаңа Отан, жаңа мекен болмай тұрақ,
Соңына қуғын түсіп, жақты шырақ,
Олардың əр қадамы басқан сайын –
Алдында дар ағашы тұрды дайын.
Қоршалды, енді нешік амалы бар,
Болыспақ болып еді аралдықтар,
Қол жинап, өздерінше жасақ сайлап,
Өз жерін қорғау үшін андағайлап,
Не істейді жалаң қылыш, құр шоқпармен?
Жер-көкті тітіреткен оқ-доптармен
Жіберді дүниені түтіндетіп.
Өңешін зеңбіректер көкке созған,
Жалаңаш батырлыққа көр ғой қазған.
Қайтсін-ай, қатты айқасты қашқын полк,
Əлдінің əлсізге істер жолы болып,
Ақыры жеңілді олар «Жер-кіндікте
Өлсек те өлейік деп еркіндікте!»
Баяғы Элладаның ұлдарындай,–
Басшы боп Фермопилдің тұрғанындай,
Жə, жетер! – деген еді ыза толып,
Аламыз біз бұғаудан семсер соғып,
Гректер не тірілер қайта қаулап,
Немесе сүйектері қалар жайрап!
III
Киіктің қамаудағы үйіріндей
Не сұмдық хəлге түскен күйін білмей
От жанып көздерінде, үрке қарап,
Жүздерін таршылықтың мұңы орап,
Кей ісінің мүйізінде қанның дағы –
Кешегі салған қатал жау ылаңы.
Паналап жатты бұлар жар астында,
Сарқырап асау теңіз сабасына
Биіктен құлап бұлақ құйып жатыр
Жаңбырдай жел аралас суылдап бір,
Мөп-мөлдір тəтті суын нұрдай жарық,
Анау бір төгеді кеп тұзға апарып.
Алыстан көрінеді күміс жіптей,
Сəбидей өзі таза, өзі титтей,
Альпінің əдемі көз құралайы
Осылай биік құздан бір қарайды
Мұхитқа иірім-иірім сызықтанған
Содан соң секіреді биік жардан
Су ішіп, өрт өзегін бір басуға,
Шөлдеген қарғи-қарғи шың басына,
Сондай-ақ ұқсар біздің мына топқа,
Мылтығын тастай салып бір аулаққа
Ұмтылған жібітуге таңдайларын,
Жууға денедегі қатқан қанын.
(Махаббат емес таңар ол жараны –
Орнына кісен-бұғау орнар əлі).
Азайып қалыпты олар тас түбінде.
Сөйлеген естілмейді ешбір үн де.
Болғандай бəрі сақау көздерімен
Қарасқан бір-біріне, өзге мүлдем
Сұп-суық ұсқындары баяғы емес,
Ашылмас ауыздары, түк те демес.
Іштегі тіршіліктің бəрі де өлген,
Тосырқап бірін-бірі жаудай көрген.
IV
Қап-қара ойы күңгірт, жаны жым-жырт,
Түнерген түсі суық бейне бір бұлт,
Төсіне екі қолын айқастырып,
Християн тұр маңайын байқастырып,
Кеше еді-ау, тамылжыған беттің нұры,
Көңілдің қамсыз күні, сəтті күні,
Сары шаш бұйра-бұйра ширатылған!
Секілді енді қазір ол бір жылан,
Салбырап қабағына түсіп тұрған.
Мүсіндей қалған қатып тастан құйған.
Жымқырып еріндерін, іштен тынған,
Дем алмай, тыныс алмай тас пен тас боп,
Жабысып қалған құзға айырбас боп.
Тебініп, қояр аста құмды таптап,
Кіжініп, əлдекімді балағаттап,
Тағы да бір қиырға көз тігеді.
Ғаламат қан-қан болған бет-сүреңі,
Жан-жақты жанарында үйіреді,
Торквиль – жігіттің де тұйғыны еді!
Ол мынау қорықпайды жарасынан,
Бəрінен жүрек сыздап, жан ашыған,
Өліктей жүзі бірақ түк қимылсыз.
Сары шаштан қызыл тамшы салады із.
Қажыған рухы емес, аш өзектен
Есі ауып, анда-санда талып кеткен.
Аямай Бəн Бантинг бар көмегін
Шықпайды жанынан еш əуреленіп.
Оншама ебі де жоқ, кəдімгі Аю,
Бауырындай тек, əйтеуір, жанын жаю.
Жарасын жайлап қана жуып-шайып,
Тұтатып трубкасын сорып алып,
Бар мүлкі жүз қырғыннан аман шыққан,
Түтінге қанша жұтса жоқ тұншыққан.
Төртінші бір жолдасы таппай тыныш,
Ермегі ерсілі-қарсылы ыңғай жүріс!
Кенеттен тауып алып аяқ асты
Тебеді, ойнақшытып малта тасты.
Кей-кейде ұстап алып ышқырынан
Жүгіріп, салады бір ысқырып əн.
Қарайды жұрт бетіне қысылғандай
Десеңші сондағы бір ұсқын қандай!
Əп-сəтте мұңая қап, жанын қинап.
Алады лезде қайта, бойын жинап.
Бес-алты минут өтті құмдақтағы –
Білінер. Сөзді сонша ұзартқаны!
Əр сəті ұзартылған өлместіктің
Біреуін бір жылыңа бермес бүтін.
Кəдімгі мəңгіліктің жібіндегі
Сол сəттер – шешілмейтін түйіндегі.
V
Джек Скайскрэп алдағы мынау тұрған.
Сынаптай, жігіт еді бұл антұрған,
Жеп-жеңіл желпуіштей денесі де,
Ұқсайтын ұшқыр құстың елесіне.
Ер емес, бірақ əсте жасық та емес,
Кезінде өлуге бар – ашық егес.
Оны да, қажытқан ғой ұзақ айқас!.
«Соd dамn» – деп, осы кезде салды айқай,
Жалғыз сөз, екі буын Британның,
Керемет құдіретіндей əсері бар
Оны айтса ердің жайнап кетері бар,
Оны айтса құтылады қай қиыннан!
Исламның «Алла!» деген айбынынан
Сонау сөз ешбір титтей айнымаған.
Бəрі бір – «Рzоһ Тuppіtег» деген сөзбен
Салт болған ағылшында ерте кезден.
Джек соны айтты ақыры қысылғанда,
Көрмеген ауызға алып ешқашанда
Осымен бəрін айтты түк қалдырмай –
Іштегі қасірет уын жұтқан ұдай.
Дегендей: «Бүйткен дүние құрып қалсын!»
Аузынан алып сəтке трубкасын,
Сол кезде жаны ашыған ойлы Бэнк
Түкіріп қалды жерге соны көріп.
Қос сөзбен əлгі сөзді түйіндеді,
Оны айту ауызбенен қиын еді.
VI
Ашуын төгіп болған жанар таудай
Əлі де, бірақ зілін тарата алмай,
Християн тұрған бойы айбынды еді,
Секілді бұлтты айдаған қайғы желі,
Əжімнен беті шимай, айғыз еді,
Жанының табылмаған жалғыз емі.
Жанары кенет оның өрттей жанып
Жарқ етті əлгі сөзді естіп қалып.
Анау да Торквильді көзі шалып
Именіп қарай берді жүзі ұялып.
«О, балам, болдың ба ақыр сен де құрбан,–
Адасқан, ақымақ болған менің кінəм,
Деді де, үсті-басы қан-қан болған
Жігітті жұмсақ қана алды қолдан,
Алды да басты өзінің кеудесіне,
Кім білсін, түсірді ме елді есіне,
Бір түрлі ыстық еді ілтипаты,
Алайда қыспай қолын, сəл босатты.
Хабарлап жарасының жеңілдігін,
Көп достық көтергендей көңіл жүгін,
Жұмсарды аздап жүзі қайғыланған.
«Сонымен қасқыр апан шығып алдан,
Біздерді болды қырсық тосып алған,
Алайда қорқақ қоян біз емеспіз
Өлерміз, бірақ есе жібермеспіз.
Құнымыз түсер жауға өте қымбат,
Мен жалғыз өлермін-ау, бірақ, бірақ,
Сендердің менсіз күнің қалай болмақ.
Біз азбыз, əл-дəрмен жоқ алысуға,
Кеткендей болып тұрмын салым суға –
Арманым – құтылсаңдар екен сендер,
Шіркін-ай жалғыз қайық əкелсеңдер,
Табылса жалғыз астау, мен сендерді
Босатып жіберер ем – өлсем де енді
Армансыз өлетін боп ырзаланып,
Сыбаға – өлім деген маған анық.
Азат бас қиналуы – ол сұмдық па,
Көнгенше қорлық пенен тұтқындыққа?»
VII
Соны айтып болмай жатып құз-жартастың
Сыртынан, түнеріңкі тұрған қатып,
Өрінен сонау теңіз тулап жатқан
Бір ноқат көзге түсті бұлаң қаққан.
Секілді шағаланың көлеңкесі,
Шүйілген төмен қарай жерге еңсесі,
Артынан көрінді енді тағы бірі...
Құбылған кейде ұсақ, кейде ірі,
Жоқ болып, қайта шығып, бұлдырайды.
Қос кеме бері қарай зымырайды...
Қарап тұр қара түсті қалың адам,
Анау бір ескектерге жарқылдаған,
Қайықтар көк толқынды көпіршіткен,
Сүңгиді кейде терең сүйір тұмсықпен.
Секіріп, ыршып кейде жалға шығып,
Ұрғанда асау толқын аласұрып.
Ақыры аман өтіп сұрапылдан
Бейне бір екі құстай суда тұрған –
Бері қарай түн-түнектен шыға берді...
Ежелден тағдыр берген бұл өнерді
Теңіздің тентектігін жеңе туған –
Бұл жердің адамдары шебер туған.
VIII
Баяғы жүзіп шыққан қауашақпен
Емес ол Нерерда – көрген сəттен
Қайықтан ырғып ұшты құс бейнесі
Жарқылдап жап-жалаңаш мыс денесі.
Алыстан сүйген жарын көзі құшып,
Ньюга еді мынау келген ұшып!
Сол еді тұла бойы үміт-арман
Ерке қыз шыққан сыннан, тұйықтардан
Ер жаны, адал жаны шын берілген!
Қауышты ақыр келіп сүйгенімен,
Есі жоқ, бірде күліп, бірде жылап,
Асылып мойынына, басы құлап –
Жарының құшағына кетті кіріп.
Торквиль білмей тұрды – өң бе, түс пе?
Сөйткенше қыздың жылдам көзі түсті
Дененің жарасына,– кетті шошып,
Дегенмен, жеңіл екен! Құдай қосып
Жаны аман қалған екен! – деді дағы
Тағы да жылады да, күлді тағы.
Қызы ғой ежелгі қарт жауынгердің
Жорықта қанын көрген талай ердің,
Өзі де батырлықтың жолын кешкен,
Шыққан жоқ не қиямет – бəрі де естен!
Көзінен жас боп ағып қуанышы,
Өзі үнсіз, күмбір қағып тұрған іші.
Өксіктен омырауы діріл қаққан
Шыққанда сезім деген бір жұмақтан.
Осылай жалғыз демнен, жиі демнен
Білдірер бақытының сыйын көрген.
IX
Қос жүрек бірге соғып қауышқанда
Рахат құшағында табысқанда,
Жан бар ма, қанша қатал болса-дағы –
Көңілі босамайтын, сонша жаны?!
Өзі де Християнның кетті балқып,
Жастардың бақытына тілек айтып.
Күндері текке кеткен жаман түстей,
Есіне түсті дағы, күңіренді іштей.
Енді не? Үміт өлді, арман сөнді,
Алдамшы өрт – бəрі соның жалған болды.
Бұлардың бақытына қуанады...
Алайда көп бейнетке бұл кінəлі,
Секілді «бəрі менің қырсығым!» – деп,
Кетті ол теріс айналып, бір күбірлеп.
Бірақ та қарамауға тағы дəт жоқ.
Осылай қалса бір сəт түсіп көзіне
Қарайтын кəрі арыстан күшіктеріне.
Содан соң қалды тастай қайта қатып.
Қамсыз да, қайғысыз да қара бақыт.
X
Алайда жақсы ойдың да, жаман ойдың,
Белгілі мерзімі бар. Арал қойнын
Қайтадан дүрліктіріп, мүйіс жақтан
Естілді ескек даусы келе жатқан,
Кəдімгі қуғыншылар – жау қайықтар
Кім екен сатқындыққа лайықтар,
Бұларға жөн сілтеген жау мұндалап?
Жалғыз қыз құтқарушы, жалғыз ғана-ақ?
Келеді жаудың қолы қаптап, қамап.
Қоршауға алғалы тұр аттасаң-ақ
Қыз байғұс түздіктерге белгі берді.
Қайық пен жабдықтарын алып келді,
Мінгізіп құтқаруға қашқандарды –
Християн екі досын қасына алды,
Қайыққа аяқ салды, мінді келіп,–
Қалдырсын екеуінен кімді бөліп,
Ньюга Торквильден қалғысы жоқ,
Ұмтылды басқа қайық алғысы кеп,
Жосылды қара қайық қос-қосымен,
Жаулар да қуып берді өкшесінен.
Аралдар тізбек-тізбек қалады артта.
Ит балық, шағалалар жүрген жақта
Сорайған кешкі іңірде қия жартас,
Жетеді-ау, енді-енді болады айқас!
Жау қырсық келе жатыр қоймай қуып.
Қалады ұстай жаздап, келіп жуық.
Амал жоқ, айрылысты екі қайық.
Қақ бөліп қуғыншыны, бетін алып,
Белгісіз қайсын қуар, қайсы кетер
Ал зула, зула қайық, желден бетер!
Бар үміт – ескекте енді! Өмір-ескек,
Арпалыс тірлік үшін ол емес тек.
Сен, Ньюга, махаббат үшін қалтырайсың!
Жан аяп, неден боса тартынбайсың.
Алайда қайығың тым əлсіз еді, –
Қасыңда дүрсіл қаққан жар жүрегі –
Сол – медеу, Мақсат жақын,
жау да жақын,–
Қайығы махаббаттың жай қанатың!
Төртінші жыр
1
Адасқан көк дауылда ақ желкендей,
Алыста, жағалауды жатқан ендей
Ақ жолақ жарқыраған сəуле көріп,
Ажалдан жан-жағында жүрген еріп –
Қап-қара судан, бұлттан тұрған төніп,
Ұмтылар құтылуға жанталасып,–
Солайша соңғы үмітте сəуле шашып,
Жаныңды жылытады. Дауыл-дүлей,
Ішінен жалт-жұлт етіп, білмей үрей
Ақ желкен басылады көзге ыстық
Əр толқын əкетсе де бөктерісіп, –
Сұп-сұрқай, сызды жаға, қалың тұман
Бəрібір ешбір бөгет етпес бұған.
II
Тубонай түбегінде бар бір жартас
Онда адам жиі бармас, аяқ баспас.
Балықшы шағалалар қиқу салып,
Жағасы құжынаған кіл итбалық,
Үңгірде күні бойы қатып-тоңып,
Күн шықса рахаттанып, салып ойнақ,
Жүзеді шолпылдатып, суды бойлап.
Қайықтың сықырын сəл ести қалса,
Құс біткен шуласады – тағы сонша.
Бауырымен жылытады олар балапанын
Жаулардан шыр-шыр етіп қорғап жанын,
Жол ашық теңіз жақтан тар шатқалға,
Ыңғайлы содан келіп құс атқанға,
Бер жағы құмдауыт жер тегіс жалпақ,
Сол жерге тасбақалар шығар қаптап.
Томпайған ауыр сауыт арқасында,
Балпаңдап ерінгендей бір басуға,
О дағы көк толқынға өрмелейді,
Ыстықта олар онша шөлдемейді,
Дегенмен, судан тамақ табады олар,
Жағада қыздырынып, сайран салар.
Жартастың бір жақ беті айбақ-сайбақ,
Бəлені неше түрлі толқын айдап,
Толтырып жағалауға кеткен үйіп,
Өліктің табыты ма, май ма сұйық,
Шіріген неше түрлі зат, шүберек,
Кеменің сынықтары – неге керек,–
Бəрі бар, – кейде кеме күйрегенде
Қуанар жерге аяғы тигеніне
Бақытсыз жолаушылар – осы арада.
Осы еді тапқан қыздың бір мекені,–
Əйтеуір, баспанаға не жетеді,
Досына қызметі еді, құрметі еді,
Келетін жер емес қой күнде, тегі.
Осы еді құпия жер құтқаратын
Тек қана қыз білетін, қыз табатын.
III
Қыз айтты ескіштерге соңғы ретте
– Ауысып мініңдер, – деп, бұлшық етке
Аз ғана тыныс беріп, қол босатып,
Қайықтар жылжыған соң баяу тартып,
Тезірек қимылдауға болар жəрдем,
Қуғыншы шығып қалмақ таяу жерден.
Християн көнбейін деп ойлап еді
Ерікке қыз бұйрығы қоймады енді.
Өйткені амандықтың көңілі еді,–
Қашанда тура келген не тілегі.
Қайықтар құлаштарын еркін керіп,
Жүйткіді аққан жұлдыз секілденіп.
Жау енді жете алмайды қанша қуып –
Деп ойлап, жағалауға келді жуық.
Бірақ жау қалар емес, үдеді егес,
Жігіттен қыз қайраты бір кем емес.
Қайықты бір қуысқа əкеп тықты,–
Тереңге тас тұғырлар шеккен мықты,
Жүз қайық тіркегендей алыстықта
Келеді қалмай еріп жау қырсық та.
Алдында тіп-тіке жар, барар жер жоқ.
Қаншама ұмтылғанмен əбігер боп.
Қарады жігіт қызға ренжігендей –
Оған бір сөз айтуға көңілі келмей,
«Ау, жаным, ажалға айдап əкелдің бе?» –
Қалдық па қу аралда қапелімде,
Тас болып табытымыз іздеп тапқан?» –
Дегендей жігіт қызға ой аңғартқан.
IV
Ескегі Ньюганың түсті қолдан,
Нұсқады арттан жауды тақап қалған,
– Торквиль, ер соңымнан! Қорықпа! – деп,
Қойнына қойып кетті қара түнек.
Меңіреу тұңғиықтың тұсына кеп.
Бір сəтке кешіккенде, уысына кеп
Ілігу қуған жаудың, анық еді.
Құлағы кісен даусын шалып еді.
Айқайлап, атын атап қылмыскердің
Ескекке салып еді бар күштерін,
Ежелгі сүңгігіштің нағыз өзі,
Бір сынар сол – өнерін келді кезі,
Бұлыңғыр оны дағы үміт билеп,
Күмп берді, қара терең кетті сүйреп,
Əп-сəтте болды дағы көзден ғайып,
Шықпады су бетіне енді қайтып,
Жаулары үңілді кеп иірімге, –
Жартастың алдындағы биігіне –
Жоқ ешкім көрінбейді қайтып шыққан
Қалайша түсе салып, тез тұншыққан? –
Деді де таңданысты тұрған жаулар,
Көпіріп түскен жері – көбік ойнар
Тек қана шымырлаған күйі қалып,
Етегін баяу толқын жиып алып.
Бейне бір өлік салған ақ табыттай
Ағарып толқын жалы түк танытпай,
Үн-түнсіз махаббаттың моласындай –
Қорқыныш дүниеде жоқ осындай!
Кім білсін осы сəтте екі жүрек
Дүрсілдеп, жалғыз жұтым ауа билеп
Тұр ма екен су астында! Өң бе, түс пе,
Көрінген көздеріне əлде елес пе, –
Аруақ па, əлде жын мен шайтан ба еді, –
Келдік, – деп осы араға қайдан тегі, –
Санады бұл жағдайды жаман ырым –
Дағдарған сырын білмей жаулар мұның.
Шықпады, сіңді-кетті мұнысы не?
Моладан шыққан оттай түн ішінде –
Əлдебір жерге бітпес жарық беріп
Тұрғаны, естерінде анық көріп,
Ол бірақ адам емес секілденді,
Бір сұмдық тағдыр мөрі бетінде еді.
Қорықты, зəресі ұшты бəрі бірдей,
Қашты енді, жүректерін алып үрей,
Сонда да қайтар жолда ағаш, бұтақ,
Шылаудың арасында жатыр ма деп,
Осы бір алыста емес, жақында деп,
Денені іздеді олар жерден, көктен
Көбікпен көбік болып еріп кеткен.
V
Қайда сол жолаушысы тұңғиықтың?
Жаңағы қыз жетектеп кеткен тұтқын?
Арылып жер үстінің қырсығынан,
Паналап су түбінде бір шыбын жан.
Тереңде, коралдардың күміс баған
Астында, əлде, бəлкім, тыныстаған?
Ұлудың үлкен-үлкен сауыттарын
Жатыр ма тінтіп, маржан тауып бəрін?
Ньюга бұрымдарын тарады ма, –
Иірімге шымыр еткен қара, мына,
Əлде оның алған ыстық демі ме екен,
Əлде жай толқындардың лебі ме екен,
Маңдайға тағдырлары тепті ме екен,
Содан соң мəңгі ұйқтап кетті ме екен?
VI
Түйіскен толқындарға шығып, батып,
Көк жайқын туған қызын шалықтатып.
Келеді ол жүйткіп жүзіп бері қарап,–
Соңында жігіті бар – сүйген қалап.
Денесі жарқ-жарқ етіп жасыл суда,
Құтылған қуанышы басылсын ба,
Келеді ол су перісі салған жолмен,
Жасынан көзі үйренген, сырын білген.
Солтүстік теңізінің перзенті ғой,
Тереңнен маржан аулап ер жетті ғой.
Сондықтан үйреншікті тұңғиықтар...
Төменге қыз тайғанап түсті дағы,
Қуысқа кіріп кетіп, шықты тағы
Өрмелеп жоғарыға, қолын жайып,
Бір ырғып алды дағы сəл шалқайып,
Далаға шыға келді, түн қараңғы,
Аспанда жұлдыз да жоқ – бір қарады.
Көбіктен аршыды да жібек шашын,
Жіберді қуанғаннан күлкі шашып...
Күмбездер жаңғырықты жартастағы
Астыда жар, үстінде тəңірі аспаны, –
Үңгірдің төбесі ғой, аспан емес,
Сарайдай алтын баған, тастағы елес,
Сəскенің түскен оған нұр сəулесі,
Табанда таяз суда шолпылдаған,
Қабығы балықтардың жалтылдаған.
Шашымен бетін сүртіп сүйген жардың
Тағы қыз – нағыз өзі ынтызардың,
Таңданып қарайды бұл жан-жағына.
Қол беріп, қыз жетелеп ар жағына
Қуыстың, жарық түскен саңылауына
Бастайды, одан əрі жарық жартас,
Сұлулық тілі жетіп, адам айтпас –
Самсаған жер астының құпиясы,
Мүсіні, əлдекімнің құлпытасы
Секілді толып жатыр құбылыстар
Қазынасы табиғаттың тығып ұстар.
VII
Бананның жапырағының арасында,
Смола – қара майдың шаласына
Малып ап, таяқ байлап сағасына
Болды қыз шырақ жақпақ дəл осында.
Қақ шөптен қалқа жасап жасыл оған
Тимеуге су толқыннан шашыраған,
Енді ол от іздеді, Торквильге
Тастаған пышағы бар таңып белге.
Соны алып, тасқа шауып жібергенде
От шығып, жалын қаулап үрлегенде
Жарқырап жанды шырақ, жарық түсті
Тас сарай, мүлгіп тұрған үңгірлерге.
Баяғы готикалық күмбездердей
Нанбайтын айтқаныңа шын көз көрмей,
Ашылды керемет зал қарсы алдынан –
Ғажабы табиғаттың бұл салдырған.
Табанын жер сілкініс көтеріп сəл,
Бағандар мұнарасын тіреп ұстар,
Жаралған ол бағандар кенді тастан
Кезінде жер сілкініп, тасқын басқан,
Содан соң бəрін жалмап өрт алғанда,
От тиіп, мына тұрған көп бағанға,
Балқытып жіберіпті, қайта құйып,
Шебері ертегінің тастан қиып,
Дейсің сен «қараңғыда қалай салған?»
Егер де құдай берсе қиял саған –
Көресің: Алтын тақта михрабты,
Кресті, асатаяқ, сый табақты –
Бəрі де патшалардың бұл сияқты
Мекенін, қазынасын, салтанатты, –
Мінбері азан айтар молдалардың,
Өрілген мəрмəр тастан, одан əр күн
Бейіштің секілденер үні естілген,
Табиғат мұның бəрін үлестірген.
VIII
Жетектеп досын солай қолдан алып,
Көрсетті неше ғажап жерге апарып,
Биіктен шамнан түскен сəуле жарық,
Күндіздей бəрін көріп көзі қанып.
Көп екен үлкен үңгір құпиясы,
Залдары секілді бір – құт ұясы,
Жарқырап күліп жүріп көрсетті қыз,
Күн туса мұнда қашып келсе тығыз,
Болсын – деп, махаббаттың үйі дайын,
Жасырын мұнда келіп күн-күн сайын.
Бəрін де жасай берген жабдығының,
Білгендей не боларын тағдырының.
Жөкеден жұмсақ төсек дайындаған,
Мүк-көрпе ешкім əлі жамылмаған,
Саялы сандал ағаш жапырағы
Адамды рахатқа шақырады.
Түскі асың – əзір наның ағашта өскен,
Сусының кокос суы – шөлдеп ішсең.
Бананның жапырағы – дастарқаның.
Алдында піскен еті тасбақаның.
Сауытын тостаған ғып пайдаланып.
Сіңеді ішкен асың майдай жағып.
Жап-жақсы жаратасың ас-тамаққа,
Құйып ап бұлақ суын асқабаққа.
Май шамға смоланың бұтағы бар –
Сөнбейді, сөнсе қайта тұтанар хақ.
Бəрі бар. Үйің-үңгір. Өзің – тəңір.
Жарың бар – таптырмайтын саған сабыр
Бөлеген сезімінің алауына,
Қызулы, не істесең қалауыңда.
Ғажап қой – бұл тағдырды болжағаны
Бардай-ақ көріпкелі, қолдағаны,
Ғашық боп келген күннен сол баяғы,
Тимеді жерге мұның қолды-аяғы
Ішінде жеміс толы таң азанда
Теңселіп қайық тұрды жағалауда.
Кешкісін қайықпенен үлкенірек
Қазынасын тасып жүрді бүркемелеп...
Шіркін-ай, қандай еді жан-жылуы,
Өшпейтін салтанаты, бар қызуы,
Осынау махаббаттың отанының
Осынау бақыты асқақ, өр сұлуы!
IX
Қыз сонда сүйген жігіт жанарынан
Оқыды ризалық пен таңданудан
Жаралған бір сезімді, енді бұл да
Аса бір құштарлықпен жан буына
Елітіп, оралды оның мойынына.
Ал күрең алаулаған білектері,
Айтылар махаббаттың тілектері –
Аңыз боп қалған бізге баяғыда –
(Махаббат – мынау кəрі дүниедей
Ескі ғой. Біреу келген, біреу келмек,
Жаңарып соларменен жасай бермек.)
Қаншама ой жаңарды содан бері,
Жас көсем мынау жерге бір келгелі,
Жартасқа су астынан сүңгіп шығып,
қуысқа паналаған сонда кіріп,
Құпия шарлап жүріп есік тапқан,
Ақыры жауларымен көп айқасқан,
Тұтқындап дұшпан қызын алып қашып
Тартуға бермек болған князына –
Тапқаны əскерінің бір қазына,
Əкеліп осы үңгірге тыққан еді.
Соғыстың ауысқанда жатқа желі,
Сол көсем бар əулетін жинап алып,
Мұхитқа биік жерден кеткен қарғып.
Жарыққа содан қайтып оралмаған.
Мəнісін қалған əскер біле алмаған,
Ұғынып белгісіндей бір сұмдықтың, –
Жалбарынып, əулиеге құлшылық қып, –
Олардың əулиесі – көк Акула,
Жағалап жар бетінде, улап-шулап
Іздеген, қайық есіп, қолы талған
Көзінде (бір көрініс үрей салған) –
Мұхиттан батыр сүңгіп шыға келген,
Жарқырап су перісі – жас əйелмен –
Елес боп көргендері – шынға айналып,
Қуанып, жағада топ айқай салып,
Мəз болған дүңкілдетіп, керней тартып,
Қарсы алып жұбайларды, көз қуантып.
«Өлгенше өмір сүрген бақытты боп.
Бізге де берсе солай бақытты көп!»
Дегенде айтқан аңыз аяқталмай,
Қызығып құмарлыққа тағат қалмай,
Құшақтар тар қуыста тағы қалды...
Бұл тұста, тоқтат жыршым, хикаяңды!
Күшін айт: Тек керемет махаббаттың,
Баяғы өткен тарих – ақиқаттың,
Жиырма жыл өткеннен соң, Авеляр
Оянған көрде жатып, о, алдияр.
Ғашығы Элоиза – ол да өліп,
Сүйегін қойған кезде мұнда əкеліп,
Құшағын жайып оны қарсы алыпты, –
Көшкенде қайта екеуі енді бірге,
Көр іші толып кеткен сыр-күбірге,
Сүйісіп шолпылдасқан мауқын басқан.
Соқса да сыртта толқын бір тынбастан.
Естіліп жатса керек жылау, өксік...
Күшіне махаббаттың амал нешік?!
X
Бұлардың қайда сонау серіктері, –
Қашқындық күндеріне себеп, тегі
Солар ғой? Қайда қазір сол достары
Айтысқан адал, тілек жолдастары?
Жаулардан долы толқын құтқарар ма, –
Қалмайды соңдарынан тіпті олар да,
Олжадан айрылған оңай қолдан
Бүркіттей ыза болған, көз қанданған
Өшігіп, өйткені олар күш молайтып,
Барады барар жерін тым тарайтып
Тастады қашқындардың жолын кесіп!
Зорайып, өркештеніп, толқын өсіп,
Мүйіске тірелді кеп алда тұрған
Жоқ таңдау, жолы жабық, амал тынған.
Басуға ең соңғы рет жерге шықты,
Сол жерден қарсы алады ажал мықты –
Бəрібір айқаста өлу – жазада өлу...
Жауларға өзін өзі қолдан беру
Болмайды, босатты енді тағы жұртты
Қиятын бұлар үшін жанын тіпті,
Қашыңдар – деп Християн берді лұқсат,
Артық қан төгілмесін деген мақсат.
Құр қалқан, не істемекші құр садақпен,
Үңірейген болат өңеш ұрса доппен?
XI
Табиғи басқышы бар жалаң жартас
Бұлардың тоқтағаны келіп алғаш.
Жармасты бəрі бірдей мылтықтарға,
Жауларды көзімен жеп, қырсыққанда.
Ауыр ой, не болары алдағы сəт
Ойнады көздерінде ажал құсап.
Бақшиып қалған қатып ол қараста
Жендетке деген өштік, жанталас та.
Бар еді, үмітсіздік, қорлық, өлім,
Өздері үш-ақ адам... Фермопилдің
Баяғы үш жүз ері секілді еді,
Ұқсаған не тағдыры, не түрлері,
Əрине, жері де бар ұқсамайтын.
Шешетін бəрін соның мақсат айқын –
Яки масқаралық, даңқсыздық па,
Яки болып қалу аңыз жұртқа
Мəңгілік ерлігімен, ер өліммен,
Көз көрген куəлердің дерегімен
Отаны үшеу үшін қайғырмас та,
Көрмек те соңғы сəтін, кəрі-жас та,
Сөз етіп, əрі жылап, əрі күліп
Ғасырлар айтқанымен аңыз қылып.
Жаңғыртпас ұрпақтары оны өзгертіп,
Болмаса жəй айтқаны мақтан етіп.
Аттары ештеме айтпас жүректерге.
Олардың өзі келіп жыр етер ме?
Сондағы ажал бұлтын серпіп тастап,
Даңқтың өрт-жалыны жанған асқақ,
Осынау қанды айқасты көрсетер ме?
Əрине, өздерінің сезеді іші,
Осылай құлауының, себепшісі,
Тек қана жалғыз адам екендігін.
Ол өзі туған адам ерлік іске,
Бəрінің тағдырына иелік істеп,
Сол үшін қамап қойған тығырыққа!
Ойыншы үйіргенде соңғы асықты,
Онысы қатал үкім, сорға шықты.
Ұтылды өмірі де, намысы да,
Алайда ол өрлігімен тағы шыдап,
Қасқайып тұрды қарап, тастай қатып.
Мылтықтың ауызында қақпай қасын
Осылай тұрушы еді күнге қарап,
Қасқайып долы бұлт та қақпай қабақ.
XII
Жағаға келіп түсті қарулы топ,
Сескену, беттерінен қайту да жоқ,
Белгілі қызметін орындауға
Амалсыз қолға келген мына жауға
Қуатын жел де солай қу жапырақты
Орманды, жалаңаштап атырапты.
Əрине, əлдеқайда жеңіл болмақ,–
Бұдан да қаны бөлек жатты жаулап
Алғаны, қырғаннан да өз қандасын.
Ұмытқан Британияны мұңдар еді,
Дегенмен, олар да оның ұлдары еді!
Шықты айқай: «Беріліңдер!» деген сол сəт
Бірақ та олар үнсіз. Мылтық самсап,
Жарқ етті күн көзіне болат қару.
Тағы да шықты əлгі айқай, тағы да əлгі
Үнсіздік үшінші рет тағы айтылды,
Тағы да ешбір жауап болмай тұрды.
Тек қана шыңдар басы жаңғырықты.
Əлдебір құзға сіңіп барып бітті.
Кенеттен бытыр-бытыр, болды жарқ-жұрқ.
Түтіндей кетті жан-жақ, дауыл тұрып,
Бораны айқай-шудың қаптағандай,
Оларды екі еселеп құптағандай.
Жаңғырды, шаңқылдады жартас-қаншық
Жаулардың оғы тиіп, қайта қақшып.
Берілді соңғы жауап сонда ғана.
Енді үміт, енді амалы қалмағанда,
Шыққанда тасқа өрмелеп жаудың тобы.
Айқайы Християнның да шықты соңғы:
«Атыңдар!» – деген дауыс басылмастан
Екі жау аунап құлап түсті тастан.
Қайтпастан өрмеледі қалғандары,–
Көрінді əбден ыза болғандары,
Мынадай ессіздерге. Енді болмас –
Тезірек істі бітір, жанжалды бас –
Дегендей ұмтылды кеп жан есірік,
Қамалдай əрбір басқыш, əл өсіріп
Болысты байғұстарға, жау жанталас,
Өлгенін, тірілгенін жан байқамас.
Соғысты Християн түре салып
Достарын шеберлікпен келеді алып,
Кілең бір аран тастар арасымен.
Бүркіттер ұя салған шың басымен
Өрмелеп, жанталасып жаны іздейді,
Бір атса болғаны оның – жау сирейді.
Өлікке өлік барып жалғасады,
Сырғанап құздан құзға, əрі асады.
Жанығып, құтырынып алғандары,
Ерлері жүрегінің түгі барлары
Өрмелеп, жан-жағынан қаптап қоршап,
Боқтанып, үшеуіне қатты айқай сап,
Тірідей мүмкін болмай ұстаулары,
Оларды акуладай құрсаулады.
Үш сабаз алысты-ау бір арыстандай
Құласа, оқ тисе де, намыс қандай.
Бірі жоқ ыңырсыған үн шығарып,
Екі рет Християн жараланып,
Күтпеді аяушылық жаудан анық
Өмірін қия гөр – деп өтінеді,
Өтінсе, қиюлары мүмкін еді.
Көсемге ол ұсыныс жасалды да,
Ол бірақ басын имей, тісін жармай,
Айрылған балапаннан ақ сұңқардай,
Оқ тиіп, қалған сынып жамбасымен
Сырғанап, əрең жылжып жар басымен
Келеді əлі тірі, шала есімен.
Кенеттен секілді боп үн естілген
Шақырған, шапшаң жиып алды ақылын,
Өзіне тақаған бір жау жақынын
Ымымен шақырғанда ол қашты да,
Жалма-жан мылтыққа бұл жармасты да,
Атпақ боп көріп еді – оғы біткен,
Соншама тапқырлықпен, алғырлықпен
Үзді де қамзолының жез түймесін
Оқ қылып салып жіберіп, тиер-тимесін
Ойламай, басып қалып жібергенде,
Анау жау қалпақтай боп ұшты жерге.
Бұл оған сəл жымиып қарады да,
Жыландай тағы тасты орады да
Тік жарға түсе берді сүйретіліп,
Содан соң қарады артқа, жұдырығын
Тас қылып түйіп алып, барлық зілін
Төккендей, «Қап, бəлем!» – деп, дəл осы жол
Жерменен қарғыс айтып қоштасты ол!
Сөйтті де жөнелді өзі құзға құлап...
Төменде өлі дене жатты сұлап.
Тас жыртқан, жырым-жырым, талқан болған,
Əр тастың үсті-басы қан-қан болған,
Қалжасы құзғынның да аз-ақ қалған.
Бас жатыр қанның буы бұрқыраған
Қасында болат қылыш қарауытқан,
Секілді ол да иесін аза тұтқан.
Оны да əлсін-əлсін соққан толқын
Тоздырар қабығымен басқан тоттың.
Қайда оның бас, қылыштан басқа жері,–
Өмірін бөлшек-бөлшек тастады енді.
Ал сонда жаны қайда екен оның?
О, жанның білген кім бар мекен-жолын!
Өлгенді дұрыстап жерлеу – бізге борыш
Беретін біздер емес, етіп бөліс
Өлгеннің істерінің төрелігін.
Төрелік еткеніңмен оның жүгін
Сен барып көтермейсің тəңірі алдында.
Белгісіз өзіңді өзің қорғарың да.
Солайша өтер өмір, өтер дəурен,
Мəңгілік парызыңды өтей алмаумен!
XIII
Сонымен бітті бəрі. Келгендердің
Аралға алғаш рет, жел кеуденің,
Арманның жетегімен – бітті бəрі.
Бірі өлді, енді бірі тұтқындалды.
Бəрі тұр басын төмен салбыратып
Кемеде қалған топтың, салдыратып
Салынған аяқ-қолға кісендерін,
Кім білген мұндай күйге түсерлерін
Өздері қызмет еткен палубада.
Жазылған маңдайына тағдыр о да.
Көрген жоқ еді, əрине, мұндай қорлық
Кешегі қанды айқас, соңғы жорық
Кешкендер, сол жорықта кеткен өліп.
Олардың сүйектерін қалды көміп
Иленген қан аралас шаңды көбік.
Шіріген, иістенген енді оларға
Аңдыған қонып жатыр құзғын-қарға.
Айғайлап, шуылдасып, қарқылдасып.
Төменде тулап теңіз, толқындасып,
Əмəнде жырын жырлап мəңгіліктің
Жатады, ойнап дельфин үйірімен,
Балықтар қарғып толқын биігінен
Ұшады аз бір сəтке ауаланып,
Азырақ асау теңіз дауаланып,
Жатады тыныштыққа əзер көніп,
Тағы бір тулауына əзірленіп.
XIV
Келеді таң сібірлеп, шығыс алаулап,
Ньюга төңіректі шықты барлап,
Сүйікті жар ұйқысын күзетеді ол,
Қарады, сонау суда тартылып жол
Жарқ етті жалғыз желкен көзіне анық
Ағады пайдаланып желдің оңын
Дірілдеп қоя берді омырауы,
Алысқа, тым алысқа кетті жауы!
Тағы да, тағы кеме қос-қосынан
Барады ағып өтіп өз тұсынан
Күдік жоқ, енді олардың кеткені анық
Алғандай қуаныштан жүрек жарып,
Мəз болды алақайлап, анау алап
Бойына, сүзіп көзін тағы қарап.
Үміттің ол іздеген айғағындай,–
Көзінен бұлбұл ұшып тайған ұдай,
Аспанның алуан түсті шұғыласын –
Баққандай, іздегендей құбыласын –
Теңіздің апай төсті кең айдыны
Жатпай ма жайма-шуақ майдай күні.
Хабарын азаттықтың тез білсін деп,
Жүгірді ол Торквильге жүрек дүрсілдеп.
Естісең сүйген жардың өз аузынан,–
деп сүңгіп, оның жатқан шықты орнынан.
Не білді, нені сезді, нені көрді,–
Бəрін де түк қалдырмай айтып берді.
Тастады бақыттылар тас түрмені,
Толқыннан суырылып, басты ілгері,
Ньюганың тығып қойған күні бұрын
Қайығын тауып алды, мұның сырын
Білетін жалғыз ғана қыздың өзі –
Тереңде мұның жалғыз жүзген кезі
Жүргенде əлі кетпей жау қуалап,
Қайықты тығып қойған қыз тасалап.
Қайығы махаббаттың бүтін екен
Соңынан қуып жеткен ығып кеткен.
Бақытты осынша мол шыққан артып
Толқыннан, қайық бар ма
бұдан артық!
XV
Сонау бір сүйікті арал тағы алдынан
Шықты ғой, мұнартып тау-тау толқыннан!
Жау оны ластамаған, бүлдірмеген,
Дүниеде қаһарлы жоқ сол кемеден –
Қайырсыз түрме ғой ол жүзіп жүрген.
Ал мынау жер емес пе жұмақ мүлдем!
Қалың топ қарсы алып тұр кернейлетіп,
Əнекей, қыз бен күйеу келер жетіп!
Князі, əулеттері, тұқымдары,–
Секілді бір үйлі жан бүтін бəрі,
Қабылдап баласындай, жас пен кəрі
Қасында Ньюганың құрбылары,
Сүйіскен, құшақтасқан, бар құмары –
Сұрағы – құтылдыңдар қайтіп деген.
Ол ұзақ хикая ғой, айтып берем –
деген соң, таусылар ма ұзақ таңға,
Немесе түн сағатын ұзартқанда.
Шалықтап думан шуы кеткен көпке,
Жайылып қалған аңыз төңірекке,
Сол күннен бері қарай атап кеткен
«Ньюганың үңгірі» деп, сонау мекен.
Мыңдаған шырақ жағып келеді оған
Алыстан, ауыл-аймақ, айдаладан,
Той-тойлап құрметіне адамдардың
Сондағы тірі қалған, амандардың.
Қасиетті құдіретіне махаббаттың
Бас иіп бəрі бірдей жамағаттың.
Тойлайды күндізіңді түнге қосып,
Сонымен рахат қой дүние-бесік!





Пікір жазу