09.07.2022
  208


Автор: Ғафу Қайырбеков

ШИЛЬОН ТҰТҚЫНЫ

I
Жүзіме, о, жарандар, бір қараңдар, –
Мен бейне сақал-шашы ағарған шал,
Емес ол кəріліктен, не сырқаттан,
Немесе тумысымнан шала-жансар,
Яки не үрейден, қорқыныштан
Кеткен жоқ шашы ағарып қапылыстан,
Бел бүкір, маңдайымда шөккен əжім, –
Түрмеде азап шегіп отырыстан.
Білсеңдер тапқан зардан мұның бəрі, –
Айрылып тəтті күннен бұрындағы,
Ауасыз тар қапаста, кісендеулі
Торғайдай шыбын жаным шырылдады,
Қуардым күннен күнге қурайдай-ақ.
Сарғайып тірлік бітпей тұрып алды,
Бақытсыз сорлы əкенің, амал бар ма
Тағдырын тағы берсе балаларға?
Олар да ажал тапты тар бұғаудан.
Олар да ұшырады қайғы-зарға.
Атадан алтау едік – бесі кетті,
Тəңірім жастай өлім – несіп етті...
Жасынан азап шеккен əкем байғұс
Қартайып өлді ақыры кешіп өртті.
Екі ағам ар, намысқа жанын қиып,
Жолында махаббаттың кетті күйіп,
Үшеуі енді қалған тас түрмеде
Мəңгілік сүйектері жатты шіріп.
Қаусаған қазір түрім мынау менің, –
Сорыма тірі қалып, соларды енді
Кəсібім болды жоқтау, жылау менің.
II
Жан-жағын Шильонның су қоршаған,
Тереңде, жер түбінде жеті баған –
Көгеріп, көпіршіген мүктер басқан, –
Биіктен əлсіз сəуле құлайды оған.
Арбиған қабырғаның жарығынан
Ол сəуле дымқыл еден үстін басып
Жанады өлеусіреп, түсі қашып
Батпақтың үстіне əкеп жаққан оттай, –
Түнектің шығады одан исі сасық.
Байлаған əр бағанда шығыршық бар,
Оларға таққан шынжыр – шын қырсықтар
Ойлайсың у жаққан ба – деп соларға
Денемді тиіп кетсе – қан қақсатар.
Ештеме өшіре алмас, мəңгі мəлім,
Олардың тəнге басқан таңбаларын,
Білмеймін қанша уақыт күннің барын.
Ұқпаймын түннен кейін таң боларын.
Мен енді аңсамаймын еркіндікті
Құр сүлде, жан айныды, еркім бітті, –
Соңғы інім көз алдымда жан тапсырып,
Сөндіріп кетті содан соңғы үмітті,
Мен жаттым аласұрып сулы еденде
Сенбестен енді жарық бар дегенге.
III
Бағанға шынжырменен таңылған біз,
Біргеміз, бірақ бөлек айрылғанбыз,
Болмады жалғыз қадам жақындауға
Көруден жүзімізді жаңылғанбыз.
Орнаған қара түнек арамызда,
Ол түнек ойымызда, санамызда,
Жат қылып бауырларды бірге туған
Жүректі айналдырған қара мұзға
Жалғыз-ақ жанға медеу – үн қатамыз,
Сонымен сорлы жүрек жұбатамыз,
Сонымен ескі күнді еске аламыз,
Сонымен жасымызды құрғатамыз.
Кешікпей ол да бітті – дауыс тынды,
Үнсіздік əлсіз үмітті ауыстырды.
Дауыс та өзгереді – жат болады
Кəдімгі таныс та емес, таныс сынды.
Түрменің жəй əшейін жаңғырығы
Секілді жанға қаяу, салды мұңды
Баяғы ерлік күндер, батыр жылдар
Ақырған жауларына ақырғы ұлдар
Дауысы арман екен, о, дүние-ай, –
Бəрі де болып кетті жат құрғырлар.
IV
Мен едім ең үлкені үшеуміздің, –
Сондықтан бас қамынан күдер үздім,
Соларды бағып-қағу есіл-дертім –
Тұрмыстың көрсетпеуге жүдеу жүзін.
Кіші інім – еді əкемнің сүйікті ұлы
Əйтсе де, кескін-кейпі, сұлу сыны,
Аспандай сəуле шашқан əсем көзі,
Шешемнен айнымайтын – сөздің шыны.
Сол еді бар жұбаныш – бақ, дəулетім,
Не керек адал көңіл, ақ ниетім
Өшті ғой көз алдымда гүлдей солып,
Қайғының маған тастап бар бейнетін.
Кескіні əдемі еді-ау айдай анық,
Сол еді түрмедегі түскен жарық,
Таза еді таңғы шықтай, тəтті-ақ еді,
Бойында бал балалық – исі қанық.
Өзгенің қасіретіне жан ашығыш,
Көзінен тұрар еді жасы тамып.
V
Дəл сондай жаны таза екінші інім,
Айтсаң сен рухының өршілдігін,
Барынша қайратты еді, қайсар еді,
Күшімен айналдырар жер кіндігін.
Бір өзі қалың жауға қарсы барар,
Жан емес өлем-ау деп жар сығалар,
Алайда бұғаулауға төзбес еді.
Шынжырдың дауысынан көрді-ау азап!
Сезіндім, көрмесем де сор азабын,
Алдында жатқандығын ол ажалдың,
Сөнерін қайғы қажап, қасірет мүжіп,
Бауырынан дəл қасында көз жазарын!
Атақты мерген еді тауды кезген,
Ататын құралайды аңды көзден.
Қашаннан қасқыр, қабылан қуғыншысы
Оны да түрме құртты – қанды безбен.

Леманның қара бұйра ормандары –
Қоршаған Шильонның қорғандары.
Бер жағы қара терең қаптаған су –
Солқылдар соқса толқын содан жары.
Жар менен асау теңіз – қос қамалдан
Болмайды, сірə, босап қашқан адам.
Қайғылы қара күмбез тұғырлары –
Айнымас бізді көмер тас моладан.
Жартасты күндіз-түні толқын ұрып
Сол шудан ми айналар, бас қаңғырып,
Соққанда дəудей толқын аласұрып,
Жатады көбіктері ішке кіріп,
Сонау бір биіктегі терезеден,
Алады сонда бізді жуындырып.
Кейде бір дауыл соғып, жай ойнаған,
Жартасты ашуымен буындырып,
О, сұмдық! Құлатса екен – деп тілейміз,
Біржола астында қап, өліп кетсек –
Жатқанша бүйтіп қор боп, дымың құрып
VІІ
Айттым ғой ортаншы інім – ер еді деп,
Бар еді кеңшілікте керегі – деп,
Амал не, тас түнекте талдай қурап,
Кім білген жаны езіліп, семеді – деп.
Өшігіп тіршілікке, тісін қайрап,
Нəр татпай, құр қара су қорегі боп,
Сонда да алып мерген, емен тұлға
Аштыққа көпке дейін көнері жоқ.
Əлпінің ешкісінің сүтін ішкен
Біздерді сасыған су құртып іштен
Аздырды, көз жасымен жібітеміз
Қара нан іші шикі, сырты піскен.
Кісенмен оның жасы құрдас шығар,
Алайда ауырлыққа тек тас шыдар.
Осы інім шыдап бақты, оны құртқан
Бұл емес, тұтқындықтың азабы еді.
Кезінде шоқты шайнап, жалын жұтқан.
Еркіндік, бір бостандық аңсағаны,
Егер де жұмақ болса қоршағаны –
Бəрібір азаттықсыз, əрекетсіз
Оған жоқ рахаттың да онша мəні.
Айттың не, айтпадың не енді, міне,
Ол өлді... ең соңғы рет сол ініме
Қолымды соза алмай да қалдым-ау мен.
Бір қарап, шіркін, шырақ сөнуіне,
Көзін де жаба алмадым қайран ердің,
ІІІыңғырып шынжырымды шайнай бердім
Жап-жақын, жатсам дағы дəл қасында,
Амал жоқ алыс болып қалмасыма,
Естідім ең ақырғы дем алысын,
Қанының тамырдағы соңғы ағысын,
Кісеннің бір тартылып созылғанын,
Сорлы інім сарыққанын зорға күшін,
Тым-тырыс бола қалды кенет бəрі,
Қашаннан əзір тұрар жендет заңы –
Сыпырып кісендерін шешіп алып,
Сүйрелеп əкеткені тездеп тағы,
Табытсыз, сызды жердің қойнауына
Білінді көмгені де, қойғаны да.
Сонда мен жасты көзбен жалындым кеп,
Тағдырға бауыр үшін табынғым кеп,
«Моласын ең болмаса жерге қой», – деп,
Тұратын көкте күннің жарығы кеп».
Ол дұға, ол өтініш бос əурелік,
Сонда да бекіндім мен босай беріп,
Бір оймен: «Ең болмаса табытында
Байғұсың алды ғой деп боса да ерік.
Түрмеде маза болмас өліге де».
Деген ой əлде ерсі көрінді ме,
Бір суық күлкі естілді ту сыртымнан,
Қабырғам əлде күрт-күрт сөгілді ме? –
Көмілді түрменің су ауласына,
Жер батып сықыр-сықыр жамбасына.
Басында темір шыншыр бір бөлегі,
Секілді киген бөркі – делбегейі.
Секілді бөрік емес – оған соққан
Сұм жендет өлтіргіштер мавзолейі.
VIII
Кіші інім – бар əулеттің сүйіктісі, –
Жарығы, періштесі, ұйытқысы,
Жаралған жөргегінен сүйкімді боп, –
Тəңірінің көк жайлаған биік құсы,
Анамның ақ бейнесі, адал жаны,
Əкемнің мақтанышы, бар арманы, –
Ол үшін қидым рахат, кештім бейнет –
Ол үшін түрмеде де алаңдадым.
Азабын қайтсем жеңілдетемін деп,
Босанып, еркіндікке жетеді деп,
Не пайда! Төзіп бақты бала жаны,
Жұмсалды сабыр, ақыл, сана бəрі,
Тып-тыныш, моп-момақан күйден танбай –
Тағдырын терең оймен саралады,
Мен емес, ол сүйеніш болды маған,
Не керек, күннен күнге солды жаман.
Күрт күйреп, қажып, қаусап бара жатты,
Ағаштай жапырағы тез қураған.
О, құдай! О, жасаған! Көру маған
Болды ауыр əр сəттерін жан қинаған,
Осынау тірлік үшін ажалменен
Қаншама алысады қайран адам!
Көріп ем қан майданда ер өлгенін,
Қаншама салса дағы өнерлерін,
Жабысып жалғыз тақтай ернеуіне,
Жүзгіштің су түбіне жөнелгенін,
Сытылып, соңғы үміттің жібі үзіліп,
Кеткенін көзі ақшиып, түр бұзылып,
Көргенмен жауыздың да жаны тəтті
Болғанын, өзгелерге діні қатты,
Қатыгез қансыз ажал кімді аясын,
Қарғысшыл оны дағы аузын жапты:
Əрине, ол кəдімгі үрей болатын,
Ал мынау – қайғы жүрек жұтқан дəтін.
Ол сөнді үнсіз көнбіс періштедей
Үмітсіз күйіменен сабыр-салқын.
Еске алып, жыламастан жақындарын,
Бəрін де ақырғы рет шақырғанын,
Білдім мен өзімді де аяғанын,
Ішінен иман айтып, аһ ұрғанын.
Амал не! Сөнді байғұс қарай-қарай
Арбаған көзімізді шұғыладай
Алаулап кешке жақын сөнерінде,
Дүниеге енді қайтып бұрыла алмай.
Сөнді ол – өкініш жоқ, күрсініс жоқ,
Тағдырға ыза да жоқ, сілкініс жоқ,
Тек қана анда-санда меніменен
Қалатын үн қатысып, бір туыс боп,
Еске алып өткен дəурен кескіндерін,
Тірлікте қызық күндер кешкендерін, –
Жанымды азап мүжіп жанталастым,
Қызығым, дəл қасымнан өшкенде күн.
Есімнен əлсін-əлсін ауып жаттым,
Ол жатты тырнағында ажал қарттың,
Сонда да білдірмеді-ау сор азабын –
Кенеттен алған тыныс сирек тартты,
Дірілдеп тұрған бойы, қалды тынып,
Бұл сұмдық үнсіздіктен мен ышқынып
Ояндым, құлақ тостым – тас тыныштық!
Жан-жақтың бəрі тылсым, бəрі сұлық!
Айқайлап жібердім кеп жынданғандай,
Сілкінді зіл қабырға таңданғандай,
Жаңғырық əлдеқайда барып тынды,
Бұлқындым, енді дүние тар болғандай.
Бұғауды бар күшіммен керіп қалдым,
Үзілді ол. Ə дегенде мен ұқпадым,
Сол бойда ұмтылдым кеп бауырыма,
Інім жоқ! Бір мезетте көріп қалдым
Салбырап бағанада тұр асылып,
Еңкейіп төмен түскен басы сұлық.
Қолымды апарып ем сəл көтеріп,
Денесі барады екен жаңа суып.
Жанымнан қуат кеткен секілді мен
Тұншықтым өкіре алмай өксігімнен.
Содан соң құр сенделіп жүріп алдым,
Түрменің ішін кезіп, бос күйіммен
Сұмдық бір тыныштықтың мысы басып,
Табыттың шыққандай бір исі сасық.
Еседі салқын ызғар – дене мұздар,
Өлікке қарап тұрып, көзімді ашып,
Кенеттен тірі екенін сездім анық,
Бауырымның енді жоғын есіме алып, –
Қиынын қырсық сəттің кешкен қандай,
Кешегі бірге туған жүрек жарып.
Соны да менің көзім көрді, міне,
Білмеймін сенімім бе, ерлігім бе,
Немесе тіршілікке суынғандық –
Сол үшін тіршіліктің кеңдігі ме, –
Əйтеуір, қалдым босап енді, міне!
IX
Одан соң есімде жоқ не болғаным,
Күн, қайсы, түні қайсы – баға алмадым,
Ес-түс жоқ, тікемнен тік тұрған бойым,
Бір кезде ауа бітті, дем алмадым.
Тас та тас, мен де таспын – кіл меңіреу,
Бейне бір ауыр түсті көрген біреу
Секілді, бұлдыр-бұлдыр қалың елес, –
Көз алдым көлеңкедей қатқан сіреу.
Түн де емес, күндіз де емес – шексіз түнек,
Жайдағы түрме де емес – жүрек жүдеп
Сан уақыт сарғаюмен жан аздырған,
Тұратын бағанаға арқа тіреп!
О, ол бір – қараңғының қараңғысы,
Түпсіздің түпсізі еді – оған кісі
Еш уақыт миы жетіп, үңіле алмас,
Ол емес – жендеттің де жан алғышы.
Шеті жоқ, нəсілі де, тегі де жоқ
Əлдебір құр сүлделер дүниесі,
Күні жоқ, аспаны жоқ, көгі де жоқ.
X
Бір сəуле миыма кеп түсті кенет,–
Ол сəуле – құстың даусы – о, керемет!
Бір тоқтап, бір сайраған тас төбемде
Келген бір əулиедей мені жебеп.
Жаныма жайлы тиді үні тəтті, –
Сезіндім, қайта сергіп, рахатты.
Құмартып тыңдай беріп сол мезетте
Бір кезек есімнен де танып қаппын,
Бірақ та ол күйімнен тез айықтым,
Ояндым, əттең, əлгі ғажайыптың
Бəрі жоқ, баяғы сол тас түнегім
Баяғы тұрған күйі таз қалыптың,
Баяғы түскен сəуле саңылаудан –
Тəңірінің жалғыз сəті көңілі ауған –
Сол жарық құйылып тұр əлсіз ғана,
Əншім тұр сол жарықтан орын алған.
Қозғалып, қағынады, сілкінеді
Секілді бұлттан жаңбыр сіркіреуі –
Кішкентай қанаттары діріл қағып,
Тұрғандай маған айтып бір тілеуін,
Тұрғандай сəлем жолдап тіршіліктен,
Тыңдадым тағы да əнін, сүйсініп мен.
Ол əнде қанша ғажап сыр бар еді,
Байқасаң мағынасын түсініп сен!
Бəрі де өзім жайлы айтылғандай –
Ынтығып жүрек, көңіл жан тыңдардай,
Қаншама уақыт өтті көрмегелі
Ғажайып көріністі, сəтімді ондай!
Оның да мендей бауыры болғандай-ақ.
Мезгілі жетпей қурап солғандай-ақ,
Ол дағы мен секілді жалғыз қалып,
Аузында айтқан əні – армандай-ақ.
Көрінді маған солай. О, жебеушім,
Мені аяп, қажығанда сүйеу үшін.
Құдайға, адамға да керегі жоқ
Байғұсты қанатымен тіреу үшін.
Сол əннен тірілдім мен, кірді жаным,
Алайда кім болды екен бұл мейманым?
Салам деп көк жүзінде бір сайранын
Аспанның тұрғыны ма еркін жүрген,
Байқаусыз кіріп кеткен торға мына,
Тағдырдың бір бақытсыз, сор жанына.
Сайраған еркіндіктің жырын тəтті –
Білем бе, айта алам ба – аңдадым ба?
Кейде мен əлденендей ойға түстім,–
Осынау жəй құс емес, əсем құстың
Жұмақтан келгені де, рас шығар деп
Əлдебір сиқырымен құдірет-күштің,
Інімнің рухы шығар маған келген,
Жаныма жабыққанда жəрдем берген,
Жарығым, желеп-жебеп кету үшін
Соққан ғой бауырына алыс жерден.
Алайда жұбатушым болды ғайып,
Сонау бір күн жолына қанат жайып,
Жо-жоқ, ол інім болмай шықты менің –
Оп-оңай інім болса – кетпес тайып.
Ешқашан екінші рет мені тастап, –
Екі есе жалғыздықтың сорын бастап,
Сорайып тағы қалдым – бір шала өлік,
Басыма сықырлаған табыт жасап.
XI
Кенеттен тағдырымда тосын бір жай,
Жібіткен күзетшіні қайсы құдай,
Жасады мен дегенде аяушылық,
Жақсылық болу қайда бұрын мұндай,
Қатты еді қолымдағы кісеннен де,
Бұл іске таңырқана түсем мен де,
Не себеп осыншалық рақымға –
Білмедім – өңім бе əлде, түсім бе əлде?
Таңбады мені қайта бағанға əкеп,
Шынжырдың үзіндісі мойнымда тек
Салақтап қалып қойды, соныменен
Түрмені кезіп жүрем – жолымды өтеп.
Талайдан жүрілмеген аяқ басып,
Бағандар арасымен санап басып,
Кешегі інілердің моласынан
Аянып, аяңдаймын аулаққа асып,
Жердегі соңғы қасиет мекендерін
Қорлауға дəтім жетсін неге менің...
XII
Сырттағы басылғанда аяқ дыбыс,
Қашадым қабырғадан аяққуыс, –
Баспалдақ, сірə, бірақ ойымда жоқ
Босанып шығу деген – босқа жұмыс.
Сорайып қалған жалғыз жетім басым,
Ұмытқан жарық дүние – жер тұлғасын,
Түрмеге сіңіп кеткен бар ғұмырым,
Түрмеге көмген жақын бар тумасын,
Жоғалтқан бар аяулы, бар қымбатын, –
Кетемін қалай тастап, барып дəтім.
Ондағы қызық дəурен тойында көп
Мен үшін барғанменен орын да жоқ.
Тірі – деп, келер деген үміт те жоқ,
Ешкімнің менің атым ойында жоқ.
Жайнаған ашық аспан күмбезінде
Қаңғырған жалғыз бұлттай күн көзінде,
Оның да керегі жоқ – көгіне жат,
Сондай-ақ дүниеге жат мен өзім де.
Алайда бір қарағым келді менің
Сонау бір маған таныс таулар көркін
Ондағы орман көркін, гүл желегін.
ХІІІ
Ақыры, көрдім содан мен оларды,
Мəңгілік шың басында жатқан қарды,
Құдайдың оны өзі де қозғамаған,
Төменде Əлпі тауы сан аңғарлы,
Көкорай шалғындары аты мəлім,
Көрдім мен көлдің əсем жарқырауын
Күмістей Ронаның ақ тасқыны
Естідім арыстандай арқырауын.
Естідім аққан бұлақ сылдырларын,
Жартасты ақ көбікпен жудырғанын,
Бұлттардың суға түскен көлеңкесін
Желкенді қайықтардың зуылдарын,
Заулаған аспан мен су арасында,
Аумақты айдын көлдің шарасындай
Жағалай аласа үйлер, қос-күркелер –
Баяғы жүрген ауыл шаруасында.
Қалалар одан əрі үйлері əсем.
Ақ тұман, бу астында жүзген бəсең,
Содан соң көзім шалды бір аралды –
Серікті жапа-жалғыз іздеместен
Дара тұр, тұлғасына көз тұндырған,
Хош иіс, саф тазалық бой ұсындырып,
Осынша көк жайқынның ортасында
Сұлудың алқасындай асыл мүлік.
Көрдім мен өсіп тұрған үш ағашты,
Оларға тау ауасы құшақ ашты,
Ойнады шалғындардың басында жел,
Сол жерден асау бұлақ тұра қашты.
Қашты да, мың бұралып өр жағалап,
Еркелеп, жартастарды сүйді аймалап,
Бір кезде біздің қамал қабырғаға
Қаңтарып қайықтарын, жар жағалап.
Дем алып, тамақ ішіп жүзушілер –
Аздан соң желкендері желге қарап,
Зымырап, асып жүрді көкжиектен,
Солармен қиялым да ере кеткен.
Бұлттардың арасында бүркіт ойнап,
Көк аспан қыран құсын еркелеткен,
Мен бұрын көрмеп едім шапшаңдығын
Ғажайып жүйткиді екен бақсам бүгін,
Кей-кейде тереземе соға жаздап,
Кетеді қайта шырқап, тастап жүнін.
Қызығып еркіндікке жан құлшынып,
Көзімнен шыға келер жас ыршынып,
Тағы да батамын да құса-мұңға,
Тағы да тəрік болып бар тіршілік.
Аядым бұғауымды анау қалған, –
Түрменің түбіндегі өмір-жалған,
Төменге қайта түссем – мұздай табыт
Секілді болды мені құшаққа алған.
Сорлы інім – менің соңғы махаббатым,
Соңғы рет ағасының атап атын,
Көріне жаңа кірген секілденді
Дүниенің маған тастап машақатын.
Алайда мұздаса да жүрек қанша,
Тіршілік қанша аяусыз сияқтанса –
Қайғыдан аз да болса дем алуға
Түрменің түнегі де керек сонша.
XIV
Күн өтті күн артынан жылдар ақты,
Мен өзім санағам жоқ, кім санапты?
Жадымнан ада болған секілдендім,
Жердің де зердемде жоқ еш сипаты.
Ақыры, келді бір күн бір адамдар,
Келмеген сорлы азаттық сұрағанда,
Бермекші енді қазір соны маған.
Білгем жоқ не үшін, неге, бірақ онда.
Бұғау ма, бұғаусыз ба – өмірім менің
Бəрібір – оған ешбір мəн бермедім,
Тек қана үмітсіздік – үйренген іс,
Тыңдадым айтқандарын келгендердің,
Жəй ғана шеше салдым бұғауларын,
О, ғажап, не тылсымын біле алмадым.
Жер асты қимасымдай болды кенет!
Секілді бір үйлі жан – қия алмадым,
Қимадым бəрін дағы – сөздің шыны,
Төбемде ау тоқыған өрмекшіні,
Жүгірген сəуле қуып тышқанды да
Қимадым маған серік – өрнекшіні.
Соларға қараушы едім көз алмастан,
Кісенге қолдарым да бауыр басқан.
О, дүние! Пендешілік мінез тайғақ –
Шүкірсіз сол мінезін қашан қоймақ,
Басқанда алғаш қадам бостандыққа,
Күрсіндім артта қалған түрмені ойлап.





Пікір жазу