Поэмалар ✍️
МАЗЕПА
І
Тыншықты Полтаваның қанды алаңы,
Бұл жолы Карлды аруақ қолдамады.
Жайпаған қатты қырғын, сойқан соғыс
Қалың қол жатты құшып иен даланы.
Бір кезде соғыс даңқы – өзім – деген,
Басына абыройдың тəжін киген,
Жеңімпаз əмірші еді, сонау Мəскеу
Жарына жарлығы мен сөзі жүрген.
Келді де соқты қырсық, қаралы күн,
Жеңілмес қайсар қолды қара бүгін,
Қаусады қалың əскер, қайран атақ
Қор болды, жойып алды баға-құнын.
Қас тағдыр жалт бұрылды, масқара етті,
Бар даңқ, бар өктемдік босқа кетті.
Жинапты маңайына кіл опасыз,
Солардан көрді көсем басты əлекті.
Құрс етіп құлап даңқ мұнарасы,
Қирады, шықты сұмдық күлпарасы.
Сол құлау тұндырғандай көк құлағын,
Шайқалып əрең тынды жер шарасы.
ІІ
Тағдыры осылайша күйретті оны,
Амалсыз қашқындыққа үйретті оны.
Күні-түн кең даланың кезді төсін,
Сүртініп өз қанымен өз денесін.
Қалың қол арасында жүрді қашып,
Еш адам бірақ оған аузын ашып,
Кінəлап, қиянаттап, жекірмеді,
Жекіру бəрінің де еркінде еді.
Онсыз да өлген даңқ, өшкен есім,
Деді ме кірлетеміз текке несін.
Оққа ұшып одан кейін аты да өлді,
Гиета сонда түсіп атын берді.
Ол өлді орыстарға қолға түсіп,
Алыс жол, ауыр бейнет жанын қысып,
Көптен соң жүре алмады Карл дағы
Жеткенде бір тоғайға дамылдады.
Жау оты жалтылдаған жақын жерде,
Жамбасын тыныстатты ол тақыр жерде.
Осы ма бұйырғаны сонша алысып,
Айқасып тапқан тəжі жан салысып.
Қарамай, ұзап қашып, ақса қаны,
Осы бір тыныштық па аңсағаны?
Қажыды, Карл мұқап, қатты талып,
Түбіне бір теректің жатты барып.
Жараның кетіре алмай зардап уын,
Сұр тұман, суық еді сондағы күн:
Даланы тұрды басып түн түнегі,
Қан дене күйіп-жанып су тіледі,
Сандырақ, өңкей елес бəрі алдатты,
Тыныстап кірпік ілмей Король жатты.
Қырсыққа рухы оның тозбады шын,
Көтерді патшалықпен өз қайғысын.
Қанды азап қинаса да оның жанын,
Еркіне бағындырды ол соның бəрін.
Бар бейнет тұрды көніп, үн шығармай,
Алдында əміршінің тыншығандай.
III
Көсемдер! Қолбасшылар анталаған,
Қалыпты-ау сиреп, тозып Полтавадан!
Жеңіліп, құласа да ту жығылып,
Жүр олар патшасына құлдық ұрып.
Шығармай қоршап оны, еш дыбысты,
Жағалап шөпке келіп отырысты.
Ат та тұр қастарында, күміс жүген,
Адаммен тағдыр оны теңестірген,
Ақ шашты Мазепа да орын сайлап,
Еменнің түбіне кеп жатты жайлап.
Көсемі қайсар жанды казактардың
Үйренген қанағат қып, кез боп тар күн.
Сонда да алдыменен татпай дəмін,
Қажыған қояды ойлап аттың қамын.
Босатып артқы айылын, ерді жөндеп,
Маңайдан жапырақ үзіп, жүрді жемдеп,
Қарнына саусағымен жеңіл түртіп,
Жалынан еркелетіп қойды сілкіп.
Сонан соң сүйсіне бір жатты қарап,
Атының жем жегенін қадағалап.
Шамшыл ат, теріс мінез, асыл текті,
Суланған шыққа ұрынып жасыл шөпті,
Бергенмен түн ішінде жер деймісің, –
Деп шалдың билеп еді үрей ішін.
Алайда ат көрсетті шыдамдылық,
Сергектік, иесіне адал қылық.
Жануар танушы еді өскен жастай,
Иесін мың сан қолдан жаза баспай.
Түн түнек, болса жолда нелер қауіп,
Естілсе таныс дауыс келер шауып.
IV
Шекпенін жайып сызды жерге төсеп,
Мазепа емен түбін етіп төсек,
Жантайып жатып шолды қаруларын,
Көп болды, жорық шекті шаңы қалың,
Қалды ма оқшантайда оқ-дəрісі,
Айналса көретұғын оңға ісі.
Кетіліп шақпақ тасы қалмады ма,
Қол салды белбеудің де жан-жағына,
Ақ семсер суырылатын мықты қынап,
Тозбастан баяғыша тұр ма қарап.
Бəрің де көріп, байқап шал болғасын,
Шығарды азық-түлік, дəм дорбасын.
Самсатып жайып салып, қолда барын,
Кешкі асқа шақырды дос-жораларын.
Бар екен аз да болса шарап тағы,
Карл да ауыз тиіп, тамақтанды.
Тырысып науқастығын білдірмеске,
Өзінің мықтылығын салып еске,
Жара да, таршылықта түк емесін
Сездіріп, солғын жүзден күлкі елесін,
Сөйледі ол: Серілерім, сендер осал
Демеймін, сонда дағы зерлерің сал,
Қанды айқас, тайғақ жолда жеңіп өтпек,
Ойлаймын Мазепаның теңі жоқ деп!
Я, Гетман, шыным осы, сөзіме илан,
Мен сонау Александр заманынан.
Шолғанда бергі уақыт, бергі жерді,
Көрмедім Буцефал мен сендей ерді.
Тəйірі-ай, Скифтерің тең болып па!
Құйындай ұйтқып шаптың сен жорықта»
«Мен, сірə, атқа шауып қайда үйрендім,
Бермесін басына оның пенделердің!»
«Ау, шалым, – деді король, – айтпа олай деп.
Ол – өнер, ойламаймын атты оңай деп.
Ол жатқан ұзақ тарих, үлкен кеңес!
Айтатын, əттең, оны бұл жер емес.
Жол алыс, азабы көп сапар қашық,
Жан-жақтан жау төніп тұр заһар шашып,
Тықсырып даламенен келеді айдап,
Дем алып, көк шалғынға атты байлап,
Əрі өтіп Днепрден кеткенше ұзап,
Корольсіз тыныстаңыз бір азырақ.
Тұрайын басыңызға күзет құрып,
Қаусаған əлсіз қолды түзеттіріп.
– Жоқ; оған көнерім жоқ, қайта маған
Ескі күн əңгімесі қайталаған
Азырақ тыныс берер, көз ілермін,
Тапқайсың əңгімеңмен өзің емін.
Əйтпесе қалжырағап жанарымнан
Ұйқы үркіп, сезіміме салады ылаң.
– Құп, мейлі, олай болса, келем барып,
Елу жыл бұрынғы іске мен оралып.
Жастықтың қамсыз, ойсыз кезеңі еді,
Жиырмаға жаңа шыққан кезім еді...
Дəл айтам – аспаған кез сол шамадан,
Польшада Ян-Казимир патша болған
Шақ еді, шəкірт болып алты жылдай
Қол бала, өстім соның жақынындай.
Өзі де білімі мол əмірші еді!
Ешкіммен соғыспады өмір, тегі,
Жаулауды сүймеуші еді жаттың жерін,
Елінің сақтау үшін бақ-беделін.
Тып-тыныш өмір құрды – əл келгенше,
Өзгедей өрекпімей əлденеше,
Жалғыз-ақ Варшаваның сейімінде,
Қобалжу болды аздап кейін күнде.
Ол өзі сүйінуден, қызықтаудан,
Толқудан əм іргесін аулақ салған, –
Десем мен – болар еді сөзім жалған.
Ол дағы жарды сүйген, сұлу таңдап,
Əйелдің сан қылығы оны да алдап,
Жанжалға жаны жақын барып қалып,
Артынша ақыл жеңіп, алып қалып,
Содан соң Варшаваны дүрілдетіп,
Той тойлап басылатын, мұңы кетіп.
Қақпасын сарайының халық бермей,
Құжынап тұрушы еді, тартып керней,
Ол сонда көзін салып тұрды оларға,
Не сұлу, маңғаз бикеш, мырзаларға.
Польшаның кемел ақын Сүлеймені, –
Деп атап, нелер ақын сүлейлері,
Мадақтап жырға қосты оның атын,
Тек қана сүймеді оны жалғыз ақын:
Сырт қалып назарынан падишаның,
Өшікті ол, бар уымен сатираның
Ашуын төгіп жазды, оны ыластап,
Мақтанып, жағымпазға бəрін тастап.
О, шіркін, ғажап еді сонау тобыр,
Өтетін салтанатпен ылғи өмір,
Ойын, той, бəйге жарыс ортасында
Туатын талай өлең – жыр да осында.
Бəрі де əуесқойдың жыр жазатын,
Менің де шығып жүрді ақын атым.
Сарайдың ішіндегі көп жұлдыздан
Жарқырап бір ерекше жұлдыз туған,
Мырза еді, магнат еді дəуірлеген,
Ойлайтын адам жоқ, деп, тəуір менен.
Жүретін кеудесіне көп нан пісіп,
Бейне бір келгендей-ақ көктен түсіп.
Атаның атағы мен бақ-дəулеті,
Өзіне алып берген зор құрметті.
Тəкаппар, таупиықсыз менмен граф
Жаралған жан болғансын елден жырақ,
Өзіне өзі риза, өзгеге жат.
Бай еді, дəулетті еді тіпті ғажап.
Жетіскен жеті атасы о басынан
Айырды бұл графты тобасынан.
Өзгеден ойым озық, басым артық
Деп күпсіп, бой бермеді тасып, шалқып.
Ал бірақ оны жар қып, ерсінбеген,
Əйелі асқақ сұлу менсінбеген.
Үш мүшел жасы кіші – ерін мүлдем
Жансынбай, кезең еді жеріп жүрген.
Көз жасын адалдыққа ант ететін
Шақ өтіп, жастық сезім жалт ететін
Айнығыш мінез тауып, сəтті күтіп,
Жалынсыз қарт күйеуден қауқар бітіп,
Өзгенің əміріне жайып саусақ,
От сезім өртендіріп, лəззат аңсап,
Тəкаппар өр сұлудың көкірегі,
Тағы бір жар сағынып отыр еді,
Графтың аяулысын жатқа сыйлап,
Сол сұлу болды, міне, бақты асырмақ.
V
«Қартайдым осы күні, шашым аппақ,
Тұрмын ғой жетпісіңнен асып, аттап.
Ал бірақ сонау жастық күндерімде
Атандым көркем жігіт мен де өмірде.
Не талай дворянның бозбаласы,
Менімен таласушы ед азғанасы,
Талап та, қасиет те, бақ та өзімде,
Боп жүрді сонау дəурен жас кезімде.
Қайратты, пысық жəне өткір едім,
Сырт момын, іштей өсіп көп түледім.
Сондағы сүйкімді жүз, ажарымды,
Сан соғыс, өткен жылдар ада қылды,
Қазір де тұнжыраған түсім қатал,
Тоздырды жолы бұраң өмір сапар.
Бүгін мен кешегімнің арасында
Алшақтық өте үлкен, расында!
Жанашыр туғандарым, таныстарым,
Егер де болса олармен қауышпағым,
Танымай қалар еді түр-түсімнен,
Адамның өзгеруін кім түсінген.
Өзгердім баяғыда-ақ, жасқа жетпей,
Өтті ғой өмір тəуір, босқа кетпей,
Кəрілік, сонда жеңіп алғаның жоқ,
Ақылдан, күшімнен де танғаным жоқ.
Əйтпесе отырар ма ем осы кеште,
Алыс күн оқиғасы түсіп еске,
Панасыз, жалаң орман қапталында
Жағдайсыз жабырқау топ жатқанында,
Сендерді еліктіріп, əңгіме айтып,
Өткен шақ өрісіне барып қайтып.
Онымда Терезаның нұр бейнесі,
Көзімде айдан айқын тұр елесі.
Шіркіннің тəтті мінез, қылықтарын
Мен əлі еске аламын, ұмытпадым.
Амал не сипаттауға тілім жетпес,
Жалғанда одан сұлу мүсін өтпес.
Қосылған поляк, түрік сұлулығы,
Сол ғана мүмкін еді туу мұны.
Қос жанар, маңдайдағы шырақ қандай,
Қара еді-ау төбедегі мына аспандай.
Сол көздің нұр сəулесін көрем ұдай,
Бұлттан шашыраған ай нұрындай.
Жарығы дүниенің жарасқандай
Бір соның ақтығымен талас таңдай.
Өртеніп ажал-отқа өлерінде,
Қан ойнап ақтық рет реңінде
Өрлікпен көк аспанға көз жіберіп,
Жайнап бір қарайды адам, өзі берік.
Дəл сондай мұның дағы жанарында
От толы, лəззəт күшті, нала-мұң да.
Күн ойнап тереңінде сəулеленіп,
Түбіне аспан түсіп дөңгеленіп,
Қозғалмай суы, толқын үн қатпай ма,
Дəл сондай мөлдір еді беті де оның.
Тұп-тұнық, тұр қазір де елтіп бойым.
Ар жағын айтып оның неғыламын.
Аңсаймын, айтқан сайын сағынамын,
Қаншалық ынтызар боп сүйгенімді,
Бере алмас тіл жеткізіп мүлде мұны.
Сүйген ем, қазірде де сүйем қатты,
Болсам да əм даңқты, жарақатты.
Көрсем де дүниенің не ғажабын,
Толса да қуанышқа, мұңға жаным.
Сүйем мен ызада да, кекті күнде,
Қартайып, тұғырыма шеккенімде,
Осылай мазаламақ Мазепаны
Өмірдің өтіп кеткен өзге таңы.
VI
«Сонымен кездестік біз, көргенімде-ақ
Күрсіндім, жүре берді жанымды улап.
Оныма сұлу сөзсіз жауап қатты,
Табиғат туады ғой не ғажапты!
Дыбыс көп табиғатта түр, түс те көп,
Естиміз, сезінеміз – бір күш жебеп,
Алайда арман, тілек, үміт деген
От болып, ұшқын болып тұнып денең.
Қалайша шығатынын сыртқа батыл
Түсініп жеткен емес ешбір ақыл.
Сол ұшқын найзағайдай тез ұшпай ма,
Жүрек пен жүрек хабар алыспай ма,
Жұмбақ тіл, құпия тіл, дыбыссыз тіл –
Жас болсаң тек ішіңнен ұғысып біл!
От-жалын қос жүректі мекен еткен,
Көз көрмей, жалғасып-ақ кетеді екен.
Үндемей, ұзақ төздім, шегіп азап,
Сөйтсем де ұстап жүрдім бойымды аулақ
Кездесіп танысқанша мен онымен.
Алысып құйындаған өз ойыммен.
Неше рет айтуға мен шақ қалдым да,
Барымды Терезаға ақтаруға.
Болмады сабыр, төзім, дəт табуға,
Қайнады оған деген от қанымда.
Алайда түсініксіз үрей билеп,
Ерінім құр күбірлеп, бой дірілдеп,
Сөздерім сүйіспендік қалды айтылмай.
Бір күні қызу-думан алды-арты бай
Дүрілдеп жүріп жатты, есіл-дертім
Отыру Терезаға жақын, еркін.
Ынтығып сүйгеніме, төзім қалмай,
Күзетіп, бағып қалдым, көзімді алмай.
Қиятын бұл сағатта бізге жанын,
Сондай-ақ күзетшіні берсін тəңірім!
Байқадым, отыр сұлу ойға батып,
Сұп-сұлық, өңі қашқан, қаны қатып,
Ойынға ықыласы берілмеген,
Білмедім мен себебі оның неден.
Əйтсе де отырды ойнап жұртпен бірдей,
Кете алмай елді тастап, сыр білдірмей.
Секілді қозғалмайды қаққан қазық,
Ол отыр өзін өзі хақтан жазып,
Бұл сағат тілегіне еркі қарсы,
Белгілі аңсайтыны кімнің қасы,
Мен соны отыр едім өзім де аңдып,
Манадан көрмеп едім көзімді алып,
Сөйлессем деген бір ой қалды келіп.
Үмітпен тілдесуге алдым ерік,
Үн қаттым, бір-екі ауыз сырымды айттым,
Сөзімнің қарамадым сынына тым,
Шамасы, шықса керек күңгірт, əлсіз,
Сезімнің билігіне не қыларсыз?
Сонда да үзік-үзік сонау сөзді
Мəселе – бір тыңдату, бір тыңдаса!
Екінші тыңдайды ғой кім де болса!
Мұз қаптап тұрмаса егер өне бойын,
Қайтсе де түсінеді деген ойым!
VII
«Сүйдім де, сүйдірдім де ол бір кезде,
Бұл кəсіп пəндешілік бұл мінезге,
Естуші ем, уа, падишам, жаны қас деп,
Егер де сіз айтсаңыз сол рас деп, –
Онда мен доғарайын əңгімемді,
Есіме ғашық күндер бəрі келді,
Көз жасым, қуанышым ол кездегі
Елітіп, қызықтырмас енді өзгені.
Болады енді қазір кімге дəрі,
Көрінер құрғақ мылжың сізге бəрі.
Сөйткенмен, жел нəпсіні ақыл жеңу –
Əркімге оңай емес қолдан келу.
Мысалы, сіз ғана еркек жаралған шын,
Билеген мемлекетті əрі өз басын.
Мен дағы мың сан жұртқа князь едім,
Бұйрығым болмады екі, сірə, менің.
Айқайым шыққан кезде-ақ танушы еді,
Қамалға қайтпай қолым шабушы еді.
Не керек, ол үстемдік өтті бастан!
Сүйдім мен, қалмай көңіл қара қастан,
Сол бетпен төске шауып кетем дедім,
Ол ойым болып шықты бекер менің.
Сұлумен жолығушы ем мен жасырын,
Күтудің ұғып ем-ау сонда сырын.
Жалғанда жар тосқаннан қызық өтпес,
Ол дəурен өле-өлгенше естен кетпес.
Дүниенің сыйлығы ғой бізге берген,
Табылмас оның теңі іздегенмен.
Сол күнді қайтып берсе маған тағы,
Қияр ем қиналмай-ақ Украинаны.
Паж болып, нөкер болып бұрынғыдай,
Беліме қылыш байлап жүріп ұдай,
Бір ғана асыл жанға сүйікті боп,
Өзімде одан өзге байлығым жоқ,
Күшім бар жігерім мен жас дəуренім
Тұрсам-ау, арманым не басқа менің.
Құпия жүрдік сөйтіп біз кездесіп,
Кейбіреу сол құпия қызық десіп,
Айтады, сірə, онысын мен білмедім,
Білгенім: үстінде осы жер-дүниенің
Оны атау əйелім деп қандай бақыт,
Қалғанша сүйе берсем таңдай қатып.
Құпия, құпияның несі жақсы,
Естіртіп, демегесін: есік ашшы!
VIII
«Қашанда жұрттың көзі өш ғашықтарға,
Олардан таса болар қашық бар ма?
Бір күні бізді жаулар тыстан аңдып,
Графқа əкеп берді, ұстап алып.
Бойдағы қаруымды алды тонап,
Үстіме кисем дағы өңшең болат,
Мен жалғыз, амалым не сонша – көпке,
Адам жоқ жəрдемдесер төңіректе,
Барыппыз өзіміз де бір тасаға,
Ондайда үйден аттап жұрт аса ма?
Ол бір шақ мезгіл еді таңның алды,
Ой деген аман қалу адыра қалды.
Шақырып иманымды, мойынсұнып,
Табынып тағдырыма тұрдым сұлық.
Білмедім Терезаға не болғанын,
Қалғанын қандай күйде қайран жарым,
Қырсық сəт бізді айырды екі жаққа,
Мəңгілік жүрегімді дерт қылмаққа.
Графтың жыны сонда түсті маған,
Ол қайтсін ыза болмай – ісім жаман.
Аруағын атасының таптағасын,
Адам боп абыройын бақпағасын,
Түскен соң қара таңба сүйегіне,
Құр көніп, тірі жүріп керегі не?
Тұрған ол аруақ жебеп, құдай қолдап,
Кетер деп кім ойлаған бұлай қорлап?
О, шірік! Қызметкер, бір қол бала,
Санайды ол оңай жатқан кімді олжаға,
Бірсəрі шені биік король болса,
Көнер ед, арланбас ед оған онша,
Мынау кім... Кетті дейсің, ал айтпаңыз
Өзі де жұлып түсер долы ед нағыз.
ІХ
«Атты əкел!» деп құлдарға зікір салды,
Қарғытып əкелді бір шу асауды,
Даланың тағысы екен жел жетпеген,
Түк емес адам ойы жүйрік – деген,
Одан да ұшқыр ма деп қалдым мұны,
Үркеді, ызың етсе жанның үні,
Осқырып, ұстатпайды түгін жана
Ұстапты, бұғалық сап бүгін ғана.
Шаншылып атылады алды-артымен,
Еш адам кигізе алмас алдап жүген.
Даланың дүлей перзент қыл құйрығы
Тап болды – тағдырымның бұл бұйрығы.
Тап соның арқасына таңып мені,
«Далаңа алып жоғал, ал, зыт!» деді.
Мен оған көрінбедім бұйым құсап,
Зымырап кете бардық құйынға ұсап...
Х
Зымырап кете бардық алға содан,
Байқайтын алды-артымды бар ма шамам,
Денемді ышқынған ат езгіледі, –
Таң жаңа қылаңытқан мезгіл еді,
Ақ көбік өне бойын кеткен жауып,
Жануар келеді ағып, жеке шауып,
Адамның соңғы айқайы жел жеткізген,
Ажалға қолдан беріп, мені өткізген –
Жауымның мазақ қылған дауысы еді,
Тұл бойым толған ыза, намыс еді.
Жалма-жан алқымыма кек тіреліп,
Арқанды ə дегенде кеттім керіп,
Бетімді артқа қарай алдым бұрып,
Жаудырдым лағнатты мен қылғынып.
Амал не дауылдатып ұшырған ат,
Жел тұрып, тұяғынан тасыр борап,
Естіртпей айқайымды кетті басып.
Өкіндім, кек қосылып кекке ұласып,
Бəрібір өш алынды кейін бірақ.
Сол жерде замок тұрған елден жырақ
Көпір жоқ аспалы қып көкке салған,
Жоқ қазір əсем бақ пен темір қорған,
Жайқалған жасыл бақша, көк орай жоқ,
Тырбиып басып кеткен жағалай шөп.
Құлаған үйлердің тас қабырғасы,
Қаңырап, жел гулеткен қазір басын.
Бұл жерде бұрын қамал болған-ау деп,
Еш нəрсе белгі бермес ол мынау – деп.
Қаншама тас болғанмен берік, бекем,
Ашудың өрт-шоғына еріп кеткен.
Көрдім мен мұнараны өрт жегенін,
Жалмамай еш жалынның өтпегенін.
Тасырлап төбесіне əлсін-əлсін
Жауғанын жалын төгіп бұлт қорғасын:
Жатқанда ат жалына таңып мені,
Жауларым сірə де еске алып па еді!
Кесірсіз кетпейтінін мынау істің,
Кезегі келетінін тағдыр күштің.
Тағы да өзге күннің туатынын,
Ол туса, ойран сонда шығатынын
Қайнатып сорын өңкей зұлымдардың
Кешікпей келер менің күнім барын.
Мен сонда сəнді сарай өртерімді,
Ол кезде білмеді олар өрт кегімді.
Мені де, қатты қорлап, мазақ етті,
Қаңғыртты қу далаға, азабы өтті,
Өлгенше дақ түсірді сүйегіме,
Мен дағы жеттім бірақ тілегіме.
Қалған жоқ қайтпаған кек мына қолдан,
Енді оны неге керек етіп арман.
Бəрін де кəрі уақыт жөндейді өзі,
Адамды бір-бірімен теңейді өзі.
Тек қана күту керек шыдап артын,
Көргем жоқ кезек бермес өмір салтын.
Жəне де шын өшігіп, кектенсе адам,
Ол кегін ұстаса да талай заман,
Əйтеуір, соның бір күн қайтпағы бар,
Дүниенің сондай əдет салт-заңы бар.
ХІ
«Алға!» – деп аға бердік, ат пенен мен,
Құйындай ұйтқып жерде дөңгеленген,
Адамзат мекенінен кеттік аулақ.
Құла дүз, құба жонда жеке заулап,
Осылай қара аспанды тіліп ағып,
Дүрілдеп, жер-дүниені етіп жарық,
Сорғалап құлаушы еді жарық жұлдыз
Маңайдың жасағандай бəрін күндіз.
Көрмедік ізін-түзін еш қаланың,
Не ауыл, не бір қыстақ, баспананың,
Бір дала – шетсіз, шексіз мынау жатқан
Қара орман көкжиекке иек артқан.
Қиырда, əлдеқайда ескі қорған
Бір кезде татарлардан қорқып салған,
Сол ғана көзге сирек шалынады,
Маңайдың үнсіз мылқау тағы бəрі.
Адамның белгісі жоқ одан өзге,
Тек қана көрінетін қарар көзге
Баяғы, сол баяғы шексіз алап,
Алысқа кетіп жатыр көк қуалап.
Дəл содан бір жыл бұрын сол маңайдан
Түріктің əскері өткен, ашып майдан.
Жарқылдап ат үстінде қылыш толғап,
Сол дала енді қанды қарғыс болған.
Аспанның көк күмбезі түнді үйіріп,
Азынап қоя берді жел күйініп.
Мен де оған күрсінумен қосылмақ ем,
Амал не текке қалды есіл дəмем,
Күрсініп, сиынуға келмеді əлім,
Шомылтып қара терім аттың жалын,
Зымырап аға бердік алға қарай,
Əрі үркіп, əрі ышқынып жануар-ай,
Ұшыртып қос өкпесін келеді ағып,
Алысқа, бір қиырға мені де алып.
Əйтеуір, қажып барып өзі тоқтар,
Деген ой басымдағы шықты жоққа,
Таңылған денесіне бір шалдуар,
Мен оған иелікке не сəнім бар.
Тек қана буынымды құрыстаған
Жазбақ боп, берсем жетті сыбыс оған,
Шпорды қадағандай əсер алып,
Тағы да екіленіп кетер ағып.
Даусымды сынап көрдім: бармысың деп,
Шығады əрең-əрең байғұс үндеп.
Бейне бір естігендей дабыл даусын,
Ал атым елең етіп, таңырқасын.
Жалтарып, қабырғадан, құлақ тігіп,
Кетеді үнім шықса бір атылып.
Арқаным қызыл ала батты қанға,
Анталап ащы азап тəтті жанға,
Тіліме шоқ түскендей дөңгеленіп,
Қаталап мен келемін шөлден өліп.
XII
«Біз келдік қою орман іргесіне:
Салады қоюлығы түнді есіңе.
Ғасырлар құрдас болған бір соларға,
Көз салсаң кəрі терек, шыршаларға,
Бас имей нажағайға өскен шалқақ,
Қорғаны табиғаттың жатқан жалпақ.
Жап-жасыл, иесі мол, дене балғын,
Табиғат бере салған соған бəрін.
Көктем де жылда келіп, оған сыйын
Əзірлеп, кигізген-ді жаңа киім.
Күз келіп жалаңаштап кетер бірақ,
Қураған жапырақтар жерге құлап,
Көңілсіз солғын күрең түске енеді,
Қырғынның қанды ізіндей жатқан шұбап.
Алаңның ортасынан көрдім каштан
Зор емен бой асырып мың ағаштан
Сұстанып тұрды мүлгіп қарағайлар.
Бойында бар секілді ауыр ойлар.
Тұрған соң жолдан аулақ алшақта тым,
Олардың бұтағынан бой сақтадым,
Əйтпесе, сонда-ақ мені құдай ұрып,
Қоймас еді тағдырымды бұлай қылып.
Арқанның түйіндері белге батып,
Жарамның ауыздары қалды қатып,
Көк жыңғыл, ағаш, томар арасымен,
Өкпек жел, асау дауыл қанатымен
Ұшыртып кете бардық жер үстінде,
Құла түз, қу мекиен елсіз түнде
Қалмады соңымыздан қасқыр аңдып.
Аранын аша шауып, орғып-қарғып.
Орманның ішінде де таң атқанда
Ол жүрді соңымызда, қарап қанға,
Айырып жүрдім естіп түн ішімен
Тісінің сақылдаған дыбысын мен,
Шіркін-ай, сау қолыма қанжар алып,
Солардың ортасына бара қалып,
Аңсадым, айқаспенен өлсем дедім.
Ал өйтіп, арманым не, өлсем менің!
Зəрем жоқ енді менің, о, пенделік,
Зорығып, қалмасын деп атым өліп!
Алайда, бекер еді қорқынышым,
Даланың ұғынбаппын өр тағысын,
Жеп-жеңіл құзар таудың киігіндей,
Жып-жылдам кенет ескен қыр желіндей,
Боратқан құба дөңнен қар ұшырып,
Қаратпас, жолаушының көзі тұнып
Қатырып мұртына мұз, көзге сүңгі,
Ұзатар өмірменен кездесуді.
Күмістей күдірейте жалын толғап,
Бас шұлғып, шабатұғын жолын таңдап,
Орманның зымырады соқпағымен,
Мал емес əлі күнге тоқтау білген.
Мінезі қисық мінез жас баладай,
Бас асау, орғып шабар төске қарай,
Немесе бейне ашулы долы қатын,
Жігіттің қырсығына жолығатын.
XIII
«Біз кеттік əлгі орманды артқа тастап,
Алтын күн тас төбеде жайнады асқақ,
Алайда ауа салқын, бір ызғар бар,
Секілді ішке түскен улы заһар.
Денемнің қалшылы ма, мен білмедім,
Қасірет қайратымды жеңді менің!
Азаптың жеңбейтұғын жаны бар ма,
Көктемнің тасқынындай ұрып жарға
Кезім ғой күркіреген, сонда дағы
Денеме үрей, қауіп қорғалады.
Сезіндім соның бəрін, сезінгенмен
Жеткізіп айта алмаймын сөзіммен мен.
Жалаңаш суық дене, ұят-намыс,
Қорқыныш, өшпенділік, кек пен қарғыс,
Сағыныш, əм жалғыздық, қайғы-уайым
Бар қырсық бір-ақ төнді не қылайын.
Төзбейтін еш қорлыққа, қаны қайнап,
Бұғауды тепкілеген тіспен шайнап,
Ерлердің нəсілі едім, буырқанған
Асау боп дүниеге туып қалған,
Жаным мен тəнім азап қабат шегіп,
Ауыр дерт, өкініштен тағат кеміп,
Қалайша қалжырадым, қалдым жұмсап,
Атасыз, тексіз жасық азғынға ұқсап?
Көзімді ат шабысы тұмандатты,
Алғы жол артта қалып, сұлап жатты.
Көкпеңбек дөңгелектей зырылдауық
Үстімде аспан тұрды зырыл қағып...
Жүрегім өрекпіді, бас айналып.
Зырқылдап миым шаншып, бірде тоқтап,
Қайтадан қозғалғандай қалталақтап.
Көзімнен жарық дүние бір-бір ұшып,
Жанарым сөнбек болды түнді құшып,
Жалма-жан оянуға жетпеді əлім,
Көзімді ашпақ болам – жоқ амалым,
Тек қана жанның терең түкпірінде
Сезім бар, өзге тірлік бітті мүлде.
Теңіздің долы бұрқақ кең өрінде
Жабысып жалғыз тақтай кемеріне
Өлмеуге жан ұшырған адамдай-ақ,
Өшігіп ажал толқын, тағдыр аяп,
Ілініп мен барамын қыл арқанға,
Өмірім ойнақшиды – жоғалтам ба?
Түнімен дөңбекшіген денесі ысып,
Сырқат жан жанарынан жатқан ұшып
Сонау бір діріл қаққан сəуледей-ақ,
Өмірім қалтырайды – тірлікті аяп.
Тағы бір сілкініп ем – тіреп басты,
Буалдыр төңрегімді түнек басты.
Жіберді ұмыттырып тəн ауруын
Ес танды, ақыл кетті – қайран күнім,
Сезіндім соңғы сағат жуықтығын,
О, тəңірім, ондай азап ұғыпты кім!
Не болам, екінші рет танып естен,
Өлерде сол азапты тағы кешсем.
Алайда, сенімім зор, өлер шақта
Одан да уыты күшті қанды азапқа
Түсеміз, жатар əлі жан қиналып,
Кеткенше топырақ боп, күлге айналып,
Бірақ мен үрейленбен енді ажалдан,
Бетіне тура қарап, көзімді алман.
ХIV
«Ояндым бір мезетте. Қайда келдім?
Қақшиып, күші кеткен бар денемнің...
Тіріліп бірте-бірте, жайнап өңір,
Күшіне қайта кірді қайран өмір,
Жүрегім дүрс-дүрс ұрып, тамыр тулап,
Буынға қимыл енді, бойды бунап.
Тағы да сыздап, ашып, ауырып тəн,
Жылыды əлдеқашан суыған қан.
Құлағым шыңылдады салып азан,
Тағы да ой оянды баста мазаң.
Көзім де көрді сəуле сүзілдіріп,
Кигендей қоңыр əйнек көзілдірік.
Бұл сəтте көгілдір екен аспан ашық,
Жұлдыздар тұр биіктен анталасып,
Жақыннан су сылдырын естідім мен
Жайымды сонда сездім есті білген.
Жүйткіген баяғыша ат астымда
Келді де, кетті қойып көк тасқынға,
Су екен ені жалпақ, қатты ағыны,
Əрең деп жүзді жеңіп ат та мұны,
Белгісіз қап-қараңғы жаға беттеп,
Аңырмай біз келеміз – ала кетпек
Ойы бар дөңгелентіп асау толқын,
Ат бірақ қақ жарады күші жойқын.
Жануар жанталасып бастады алға,
Ризамын жетсем лашық-баспанаға.
Соны ойлап алды-артымды келем байқап,
Түнек түн, тек көрінер өзен байтақ.
Батамын, түсініксіз мына жайға
Осы мен тірімін бе деген ойға.
XV
Түгінен су тамшылап, бу бұрқырап,
Дымқыл жал, су тимеген жарғақ құлақ,
Бар күшін жиып əрең, тəлтіректеп,
Жағаға шықты жайлап, атым ептеп.
Өзеннің жары биік, шықтық соған,
Сол жерден төңірегіме көзім салам.
Көсіліп жатқан байтақ бір кеңістік,
Бір жазық бір жазыққа тұр төнісіп.
Ар жағы шалғайдан соң шалғай болып,
Қиырға дала шашын жалғайды өріп.
Осылай ұйқысыз ми таппай сабыр,
Түстен соң түс жалғасып жатпай ма бір!..
Əр жерде арагідік ағараңдап,
Даладан көрінеді бозғылт таңдақ.
Кей кезде ойдым-ойдым көкорайлар
Елестеп, тірлік іздеп көз қарайлар.
Қалтырап қараңғыдан нұрын төгіп,
Ай дағы қара аспанды жүзді сөгіп.
Көзімді қанша қадап, қаншама аштым,
Адамның көре алмадым баспанасын.
Тірліктің қонақжай бір жұлдызындай
Жалғыз от шалынар ма көзге, құдай,
Дей тілеп, іздеп бақтым алыс қарап,
Амал не көрінбеді жалғыз шырақ.
Адасқан, тұрағы жоқ от болса да,
Жаныма ыстық еді-ау ол соншама,
Мен оны қапы қалмай шалар едім,
Тірлікке, қуанышқа балар едім,
Деп аңсап, соны арман етемін мен,
Адамның сағындым ғой мекенін мен.
XVI
«Келеміз барған сайын алға тартып,
Байқаймын – ат болдырған шауып артық.
Қойыпты ол бұрынғыдай зымырауын,
Ақ көбік кеткен жауып омырауын.
Жуасып, енді асауым жөн көргендей,
Бұл қалпын бала дағы меңгергендей.
Пайда бар бірақ маған одан қанша,
Байлаулы, таңған күйім бұрынғыша.
Босатып жіберсе де бұл сағатта,
Қауқарым болмас менің жұмсар атқа,
Қажыған ауру дене, талған буын
Білер ем пайдаға аспай қалғандығын.
Сонда да жоқ қой жанда бір толас күн,
Бұғауды үзбек болып жанталастым.
Қиын ғой кенет кеміс тартса күшің,
Қайратсыз зая болды арпалысым.
Аспанның ажарына өң жүгіріп,
Ағарып келе жатты таң білініп,
О, ғажап, қойды маған мезгіл өтпей!
Сұм тұман таңғы нұрды ол жібермей
Тұрғандай болды ма деп күн бұйырмай,
Алайда шығыс жанды алауланып,
Ақырғы көшкен бұлтты жел аударып,
Алтын шар – күн шарасы шықты шалқып,
Нұрына төңіректің бəрі балқып.
Аспанның жұлдыздары сөніп жатты,
Мынау от оның солғын өңін жапты.
Өзгеден қарыз алмас қалың нұрмен
Күн жомарт жердің жүзіп жадыратты.
XVII
Алды-артта, айналада жасыл кілем,
Бейне бір көкжиекке ұшын ілген.
Көсіліп байтақ жазық дала жатты,
Үстінен бозғылт тұман иек артты.
Осынша ұзақ жүйткіп кең даламен,
Орманға сүңгіп кіріп, сау қап əрең,
Алысып асау толқын жалында ойнап,
Келеміз қай тірліктің қамын ойлап?
Баяғы, сол баяғы бір даламыз,
Не бір аң, тастамаған не адам із,
Еңбектің белгісі жоқ қол істеген,
Табиғат байлығын еш бөліспеген.
Ауа да таза мөлдір, тыныш, тынық.
Шөп басы қимылдамас – дыбыс шығып
Жатпайды қалың қаудың арасынан,
Жəндік жоқ беймаза боп алас ұрған.
Құстар да сайрамайды таңды қарсы ап,
Қалыпты бұталардың басы босап.
Қажыған жалы жатып, мойны талып,
Келеді астымда атым əрең алып,
Өкпесі сыр-сыр етіп дем ала алмай,
Жануар қиналады ауру малдай!
Қырсығып кездеспеді жанды қарға,
Кеудеге қасіретпен толды нала.
Бір кезде сонау алыс əлдеқайдан,
Шоқталып өскен қалың қарағайдан
Сыбысты қалдым естіп мен елеңдеп,
Құйын ба əлде бұтақ кеткен тербеп?
Жоқ, анық көрдім сол кез жылқы үйірін,
Даланың серік етіп жел-құйынын,
Жайылған қайырусыз өз бетімен,
Тимеген бастарына ноқта-жүген.
Көрмеген бүйіріне шпор батып,
Қамшының шағылмаған дəмін татып.
Жалдары суыл қағып, желді құшып,
Астында жез тұяқтың жер құрысып,
Құлдилап құйындай боп тасты қағып.
Қап-қара толқындай-ақ шапшып ағып,
Дəл бізге қарсы шауып қалды жақын,
Кісінеп қоя берді астымда атым.
Теңселіп, жаңа жортып жөнелгенде
Жануар құлап түсті, жеме-жемде
Ала алмай бойын жинап, алас ұрды,
Қорқырап, ажалына мойынсұнды.
Жылқылар шауып келіп тұрды қарап,
Тосырқап, оқыранып, кейде жанап,
Кейде үркіп, атқып түсіп, жалт берісіп,
Тығылып бір-біріне, шарт тебісіп,
Таң қылып, таңулы арқан мені көріп,
Кісінеп, құла дүзде үні кеміп,
Кенеттен орман жаққа кетті шауып.
Оларға, бəлкім, көзім етті қауіп.
Кетті олар соныменен мені тастап,
Зор қайғы кең далада жəне бастап,
Құлазып қала бердім өлік атпен,
Арылып ауыр жүктен мехнаттан
Серейіп атым жатты, мен де жаттым.
Өлгелі рухын құшып өлген аттың!
Баяулап мезгіл өтті минут санап,
Ауру жан түкпірінде тірлік сəл-ақ.
Кешегі қалың қайрат, толы күштен
Айрылып, қасірет уын қанып ішкен
Құр сүлде талмаусырап демі біткен
Осы деп ақтық күнім – жатыр күтіп,
Үміт жоқ, хабар да жоқ тірлігімнен
Қоштасып ең ақырғы бұл күніммен,
Ажалды жайбарақат тоса бердім,
Көгіне жаутаң қағып осы əлемнің.
Алайда өмір қиған кісі бар ма,
Ажалға адам жаны құлшынар ма,
Өлімнің құтылмаққа тозағынан
Жүрмей ме арпалысып ұзақ адам!
Кей-кейде өлейін деп, ашынамыз,
Тілейміз, хаққа жылап, бас ұрамыз,
Ыза боп, құсаланып əлденеге,
Боласың қол жұмсамақ сау денеге,
Сөйтсе де тағдыр оған тегі көнбес,
Тірлікте сағатында өлім келмес.
Тірлікте қасіретіңе есеп бермей,
Ақыры, тындырады су сепкендей.
Алайда бір ғажабы: мұңсыз жандар,
Тіршілік қызығына көп тойғандар
Əдетте тыныш қана кетеді өліп,
Өлімді ұйқыдағы түстей көріп.
Орталап келген адам жер сапарын,
Білген соң жақсылықтың бірқатарын,
Аңсайтын, армандайтын ісі болмай,
Көшеді дүниеден ізі қалмай...
Ал енді бақытсыз жан бағын тосып,
Жүреді алғы күнге үміт қосып.
Үлгіртпей ажал шіркін келсе тосын,
Өлімді ол жек көрмей кім жек көрсін?
Ол өлім бар үміттен қол үздірмек,
Болмайды рахат көрмек, өмір сүрмек,
Айырып арманынан кетеді алып,
Жердегі күткен жұмақ текке қалып!
Ертеңгі көрер күні жомарт қандай.
Даңқты, рахатты ол артқандай,
Бар көрген бейнетіңді ұмыттырмақ.
Есесін жақсылықпен толықтырмақ.
Гүл төгіп, қалған күнді қарық қылмақ,
Түнекті алып, жолды жарық қылмақ,
Көл қылған көз жасыңды имек болар
Бақытың барғаныңша сүйреп бағар.
Қайран күн, ертеңгі күн, алдағы күн
Арбайды азаптағы адам ұлын.
Бар қызық, тəтті өмірді дəметкенде
Ажалға риза болсын неге пенде!
XVIII
«Күн қонды ұясына, мен жатырмын,
Жастанып қу сүйегін өлі атымның.
Ойладым осыменен қалам өліп,
Көзімді мұнар басты, ұйқы жеңіп,
Ол ұйқы жай ұйқы емес, мəңгі ұйқы еді,
Тағдырым ажал деген жарға итерді.
Қарадым ақырғы рет көк аспанға,
Айналып ұшып жүрді құзғын қарға,
Баққаны оның жалғыз – көз жұмбағым,
Содан соң білем оның той қылмағын:
Кейде ол жерге қонып, кейде ұшып,
Қалықтап жүрді маған жанай түсіп.
Батқан күн ақ сəулесі арасынан
Құзғынның көз жазбадым қарасынан.
Бір рет тіпті сонша келді жақын,
Дариға-ай, қол бос болса – бар ма қапым.
Қозғалмақ болғанымда табан тіреп,
Шықырлап қиыршық құм – бой əлсіреп,
Ербеңдеп əлсіз қолым əлсін-əлсін,
Тығылып тамағыма үнім-даусым,
Шошытып жібергені сол қарғаны,
Жатыр ем бір соғуға қарманғалы.
Одан соң қалдым білмей мен есімді,
Алдымда өңшең бұлдыр елес тұрды.
Ішінен сол елестің жалғыз шығып,
Алыстан, көк аспаннан тыныс қылып,
Қалтырап тұрды жанып солғын сəуле,
Жетем деп сол жұлдызға жаным əуре.
Одан соң тағы ес жиям, жалғыздыққа
Оралам, сорлы күйге, халсыздыққа,
Тағы да естен танам көп ұзамай,
Тынысым естіледі əлдеқалай.
Салқындап тұла бойым, көз мұнартып,
Жүрегім мұзға айналып, төмен тартып,
Миымда əлсіз ойым аласұрып,
Күрсініп ақтық рет – қалам сұлық.
XIX
«Ес жидым, мен ояндым бір мезетте,
Қалайша келіп жатқам мен төсекке?
Япыр-ау, кім болды екен мына кісі,
Шынымен, жатқан жерім үйдің іші?
Кім екен қимылымнан көзін алмай,
Үңіліп тұрған күтіп төзім қалмай?
Бұрышта, тақау жерде оңашарақ,
Казактың бір жас қызы отыр қарап.
Жаны ашып, көздерінен мөлдіреген
Көңілін қалдым танып елжіреген.
Көзімді қайта жұмдым – сəл кеп күшке,
Білейін деген оймен: өң бе, түс пе?
Жарқырап ой оянды, көңіл сергіп,
Əлгі көз тағы алдыма тұрды келіп.
Түс емес байқап білсем, бой шымырлап,
Өңің деп бар сезімім тұр сыбырлап!
Көзімді ашқанымды білісімен,
Жаныма от жіберіп күлкісімен,
Жүгіріп келді жетіп сұлу балғын,
Дегендей белгі берді: шығарма үн.
Бетіме қолын басып алма-кезек,
Басыма жастығымды салды түзеп.
Ақырын жайлап сосын есік ашып,
Білдірмей кетті шығып, жіті басып.
Білінді тыныштықта қозғалғаны,
Сыбыры секілденді – өмір əні.
Тағы да жалғыз қалдым бұл шағымда,
Оянған ойдың қалың қоршауында.
XX
«Одан соң ертіп келді қыз əкесін,
Ар жағын əңгіменің созам несін,
Жатпайын мыжып айтып, талдап бəрін,
Мен болдым арасында казактардың.
Тауыпты сонау орын, құла түзден,
Күйімде өмірімнен күдер үзген
Содан соң əкеліпті үйлеріне,
Себеп боп тағы да өмір сүрмегіме.
Жауыма мені қайта кезіксін деп,
Не екенін кек-намыстың тез ұқсын деп!
Есалаң дұшпандарым не істемеді,
Деді де қорлық көріп босқа өледі.
Қаңғыртып қоя берді қу далаға,
Бұйыртпай тыныш өлім, бір мола да.
Жіберді қанға бояп, жалаңаштап,
Қайғыдан сол даладан қолды бастап,
Білді ме сол жолыммен келерімді
Тағына үстемдіктің мінерімді.
Тағдырын тірлігінде кім болжаған
Қамығып, жөн бе қазір мұңды ойлаған?
Қуғыннан құтылармыз көп ұзамай,
Жетерміз кең далаға тозғындамай,
Атымыз Борисфенде алар дамыл,
Бізге де еркіншілік болар дəуір.
Ие боп, құлдық қылып бір еркіме,
Қуана қарармын-ау, Днепрге!
Ал, достар, қайырлы түн! Есен-аман!»
Деді де Гетман сөзін етті тəмам.
Жүз жылғы жуан емен саясында,
Аста жер, үсте аспан аясында,
Төсеніп жапырақты сом бір тұлға
Бұдан соң рахаттана шомды ұйқыға.
Үйренген мұндай халге, жат жағдайға,
Қиындық көрген қартың жер таңдай ма,
Ұрымтал кезі келсе, рахаттанып,
Тынығып сала берер, қуат алып...
Ал Карл алғыс айтпай, кетсе ұмытып,
Таңданба, ерсі көріп, бос үміт қып.
Денесі тыныш тауып қажып талған,
Бір сағат бұдан бұрын ұйқтап қалған.