09.07.2022
  108


Автор: Ғафу Қайырбеков

КАДИКСТІҢ ҚЫЗЫ

1
Айтпашы Британның кермиығын,
Солтүстік сұлуларын қой, мақтама,
Кадикс аруына соның мыңын
Алмас ең, көрсең өзің байқап қана.
Жоқ, рас, көзінде оның өткір жалын,
Алтындай жарқырамас шаштары да,
Қара көз дəт шыдатпас от болғанын
Білесің, қара кірпік ашқанында.
2
Бейне бір Прометейдей от ұрлаған,
Испанка жайдың оғын алған көктен,
Сол оты ұшып оның жанарынан,
Садақтай өңменіңді тесіп өткен.
Қарғаның қанатындай тұлымдары
Қалар ең іш өртеніп, күйіп-пісіп,
Бұраңдап төске келіп жығылады,
Жатады ақ тамақты сүйіп, құшып.
3
Британ арулары қыс қой ызғар,
Болғанмен жарқыраған жүзі көркем,
Ерніне ернің тисе – жаның мұздар,
Шолп еткен дыбыс шықпас – қалай күтсең.
Ал мына оңтүстіктің от қой қызы,
Испанка лəззəт үшін жаратылған.
Еркіңе қаратпайды сиқыр көзі,
Сүймесең айырыласың тағатыңнан.
4
Онда жоқ құр сылақтау, ғаярлық та,
Өзін де, өзгені де босқа алдамас,
Сүйе тұрып, жек көріп – екі жаққа
Сезімі оның бөлінбес, əсте арбамас,
Оған біткен жүректің өрлігі үлкен,
Алтын беріп ала алмас оны сатып,
Ғашықтығы баянды, берік, бекем,
Қалар сақтап, бір сүйсе, көп ұнатып.
5
Келеке етпес, сөз қатсаң, ол бəлсініп,
Сезіміңді көп құндар, танып іштен.
Бар құмарлық, бар опа саған сый ғып
Ол тартады, қайда да жалын күшпен.
Испания төрінде туса майдан,
Испан қызы қорықпас, күші де ерен,
Қымбат жаны оққа ұшып өлсе қайран,
Кек алады ол найзаның ұшыменен.
6
Ойын-сауық ішінде, ұшқан құстай
Еркін билеп, сағымдай қағар бұлдыр.
Ол əн салса, елтисің бейне мастай
Испандардың ерлігін еткенде жыр.
Кейде оты көзінің жарқ-жұрқ етіп
Əсем қолмен тартады тасбиықты,
Бірде кешкі намазда күңірентіп,
Қосылады қыздарға дос сүйікті.
7
Көргенде оны дір қақпас жүрек болмас
Қас сұлуға қадалар əркімдер-ақ.
Еркіне оның сен құлсың, еш дəт қалмас
Сонау көзбен қараса бір жаудырап.
Жер бетінде жолым көп, жоқ қысылу
Əлі талай дəметем қырмызыдан.
Бірақ, бірақ таппаспын артық сұлу
Кадикстің қара көз сол қызынан!





Пікір жазу