ИРОДТЫҢ МАРИАМНАНЫ ЖОҚТАУЫ
Мариамна! Қан сарыққан жүрегім –
Қайғы-азаптан қажып бітті. Жүдедім...
Махаббатты жеңе алмады жауыз кек,
Өшпендікті өкінішке тіредім.
Жалбарынам, қылмысымды кеш менің,
Қан төккіздім – қырсық ашу не істедің?
Тəңірі мені кешірмесін, арман тек –
Көз жасымды көріп сенің кешпегің!
Өлді ме ол? Боялды ма қол қанға,
Бұдан өткен сұмдық үкім болған ба?
Жарқ етті ме қырсық қылыш, төбемнен
Қайғы төгіп қатты тиді-ау жайдан да!
О, сұмдық-ай, қалғаның-ау тіл қатпай,
Салқын ерін тым болмаса дір қақпай,
Мен есуас көкке кеткен рухтан
Жауап күтіп нем бар еді, тек жатпай!
Өлді сол жан, өмірімді бөліскен,
Бақыт-шəрбəт кетті бітіп мен ішкен.
Мың сан гүлден таңдап үзген гүлім-ай,
Қызығыңды көре алмадым тегіс мен.
Қылмысыма таптым жаза, зор айып,
Еншім – азап, қалдым жалғыз сорайып.
Не жөн қалды жаны қатал тағдырдан
Рахым тілер, жалбарынар қол жайып!
1
Жүргіншілер аттанарда Сионнан
Қоштасатын сонау төбе-қияннан,
Туған қалам көрінеді бұлдырап,
Қандай ауыр безсең ыстық ұяңнан.
Өрт-жалынға жатыр байғұс оранып,
Құрыр болды-ау дұшпан жайлап, жау алып.
2
Храмды да, үйімді де іздеп ем,
Қайда барсам от теңізге кез келем.
Мына қорлық жарақаттап жанымды
Тілім тістеп, қатты ашынған кезде мен.
Қарап едім өз қолыма, не пайда,
Кісендеулі, қайтаратын кек қайда?
3
О, дариға, осы төбе басынан
Сол қалаға қарап өстім жасымнан.
Жайнаушы еді-ау алтын айдар сол храм,
Жаңа таңның шұғыласы шашылған.
Қызғылт тұман өрмелейтін тауларда
Жылжып келіп көкжиектің астынан.
4
Мен осында ем сонау соңғы сəтте бір,
Бұрынғыдай күн қызықтар жоқ көңіл,
Бұрынғыдай ажар да жоқ, сəн де жоқ,
Жатыр қала өне бойы шоқ, көмір.
Мен тіледім, Иегова кек кернеп,
Сол сұмдарға жай боп түссе екен деп.
5
Жоқ, жоқ, тəңірім, қасиетті сол орын,
Асыл храм қорланбайтын болар күн.
Дінсіздердің еш құдайы жоламас,
Тұрақтамас, дəті шыдап олардың.
Храм қирар, жүрек бірақ қирамас,
Сенің халқың оны ешкімге сыйламас!