29.06.2022
  306


Автор: Марфуға Айтқожина

САҒЫНДЫРДЫ

Кең далаға жауатын қардай қалың,
Атажұртқа көп едi арнағаным.
Арнауымды өлеңмен өрiп келем,
Самалындай есiлiп сардаланың!
Самалындай сарқылмай сардаланың,
Кiндiк қан тамған жерге сан қарадым.
Зары емес жеке бастың,
Заман зары,
Айтпауға оны қайталап,
Бар ма амалым?!.
Жаутаңдаумен өткердiк жалын күндi,
Көңiлдi емес, сондықтан əнiм мұңды.
Мұңды əнiмдi қайталап қоңыр самал,
Аралап кеткен,
Таулар,
Сағым қырды!..
Аралап кеткен алыс, сағым қырды,
Жаным – жырлы,
Ататын таңым – нұрлы!
Болса-дағы бас кеспек,
Тiл кеспек жоқ,
Сағындырды туған жер,
Сағындырды!..
Жаным – жырлы,
Ататын таңым – нұрлы,
Барады асып салған əнiм қырды.
Көндiкпес асау едiм, амалым не,
Сағыныш менi еркiне бағындырды!..





Пікір жазу