29.06.2022
  238


Автор: Марфуға Айтқожина

Бұл үндi айта алмаймын ақтық үн деп...

Бұл үндi айта алмаймын ақтық үн деп,
Жырларың жүрек отын
Жатсын үрлеп.
Əйтпесе, кетермiн мен сөнiп бiр күн,
Заманда сергелдеңдi қақтығу көп...
Мұңым аз,
Дей алмаймын шаттығым көп,
Жүземiн жыр айдында,
Аққуың боп.
Үзiлiп сағыныштан кетер ме екем,
Жүрек отын самалың,
Жатсын үрлеп!..
Кетпейдi көздi жұмсам ұшқын-елес,
Сендей құдiрет,
Ешнəрсе күштi де емес.
Осынау аз ғұмырда түсiнгенiм,
Туған ел,
Мен өзiңсiз ешкiм емес!..
Бiлгенге мұңымды айтып, ақтарылам,
Жетер ме қанша айтсам да
Жатқа бұл əн?!
Ұшырып арманымды асқарынан,
Жүректiң жыр ағыттым шатқалынан!
Өкiнбен тағдырыма,
Өкпелемен,
Көңiлiм көл секiлдi,
Көпке деген!
Анашым туған елiн аңсап жүрiп,
Қайғының құндағына –
Көп бөленген...
Содан ба, мұңлы сазды төкпелегем,
Бəрiбiр,
Тағдырға мен өкпелемен!..





Пікір жазу