29.06.2022
  144


Автор: Марфуға Айтқожина

ЕЛIМНIҢ ТЫНЫШТЫҒЫ ҚЫМБАТ МАҒАН

Жүректi ащы ойлармен құндақтаған,
Таң атып, кездер болды күн батпаған.
Қаншама ерлiктермен қолым жеткен,
Елiмнiң тыныштығы қымбат маған!
Баулыса батырларын, шыңдап далам,
Жатыр ғой батыл үнiн –
Тыңдап ғалам!
Желiмен Желтоқсанның жеткен бiзге,
Елiмнiң тыныштығы қымбат маған!
Бөктерiн Алатаудың гүл қаптаған,
Ақ бұлты үкiдейiн бұлғақтаған.
Қанша ұлттың басын қосқан,
Берекелi,
Елiмнiң тыныштығы қымбат маған!
Аққуы əнге бөлеп айдын көлiн,
Ескекжел,
Жеткiзуде жаздың демiн.
Қырағы, даналықтың арқасында,
Күн сайын көркеюде, айбынды елiм!
Тұратын биiк шыңын күнi шалып,
Жəй емес,
Қазақ дейтiн ұлы халық.
Қайсарлы, ұлылықтың арқасында,
Келемiн туған елден тыныс алып!
Қаныма жалын құйып, дарын құйып,
Далада еркiн өстiм,
Дауыл киiп!..
Туған елiм мерейлi, тыныш болса,
Жарандар, менiң дағы тауым биiк!
Тауыса алмай жырлағанмын, көп мұңымды,
Тастадым терең көмiп, кектi күндi...
Қызыға қарап отыр əлем бүгiн,
Бұлт емес, шуақ шалған Шоқтығымды!..





Пікір жазу