БҰЛТ АСТЫНАН ҚАРАЙДЫ СЫҒАЛАП КҮН
Көре-көре қаншасын қиянаттың,
Көңіліме көп арман ұялаттың.
Қалың ойға қамалған мен секілді,
Бұлт астынан қарайды сығалап күн.
Бұлт астынан қарайды сығалап күн,
Айтшы, тағдыр,
Қашанғы сынамақсың?!.
Қасарысқан тағдырға қарсы келіп,
Жүрегіме жүдетпес жыр ораппын!
Аққу-қаздай ұшатын көл сағалап,
Қиялдаудан кей сəттер талса қанат –
Көзден таса жатсаң да,
Тəңіртауым,
Келе жатыр өзіңді жан саялап!..
Ақ борандай, ақ түтек, құйындаған,
Түсінер ме, осынау – күйімді адам?!.
Несібеге қол созбай бұйырмаған,
Өлең жазып,
Өтті өмір, үйімде аман...
Бұл тағдырдың қатыгез күшінен бе,
Кезім болды жаураған, үсіген де...
Пəк жанымды шалдыққан дауылға ерте,
Төрде отырған ағайын,
Түсінер ме?!.
Түсінер ме, жанымды алақұйын,
Көшіріппін кеудеме дала күйін.
Ақпандағы, ақтүтек шыршаға ұқсас,
Ақ қырауға боялды-ау, қара бұрым...
Көре-көре талайын қиянаттың,
Көкірекке көл арман ұялаттың.
Қалың ойға қамалған мен секілді,
Бұлт астынан қарайды сығалап күн.