29.06.2022
  95


Автор: Марфуға Айтқожина

БАР БАҚЫТ, ИГІЛІКТІ ЕЛГЕ ТІЛЕП

Аспанды қанатымен жапқан алып,
Келеді буырқанып
Қап-қара бұлт.
Найзағай атылды оған жолбарыстай,
Тырнағын жарқылдаған отқа жанып...
Ойнады дүлей дауыл қас қағымда-ақ,
Көк толқын,
Орман шулап,
Тас жарылмақ.
Шұбырып илеуіне құмырсқалар,
Құстар да тұс-тұс жаққа жатты ағындап.
Бірге ұшып кетердей боп несібеміз,
Дауылдан сескенеміз,
Несіне біз?!.
Мейлі ғой, қалай ұйтқып соғам десе,
Бəрібір,
Бастан оны кешіреміз.
Салғанбыз талай қиын жолды құзға,
Жанымыз отқа түсіп,
Тоңды мұзға.
Жұлқынып өте шығар,
Есер дауыл,
Бəрібір,
Біз қаламыз орнымызда!
Бар бақыт,
Игілікті елге тілеп,
Көтерер зілді аспанды ер көкірек!
Жарқылдап өтер жасын,
Біз қаламыз,
Аяқты мынау жалпақ –
Жерге тіреп!..





Пікір жазу