ЖАЗЫЛДЫ ӨЛЕҢ...
Айтарым бар жандарға əзілдеген,
Тындырғаным шамалы əзірге мен,
Мұңы аралас,
Шыңы мен шыны аралас,
Шаманың келгенінше жазылды өлең!..
Жазылды өлең, тыйа алмай өксік үнін,
Көз алдымда ырғалып, көк шыбығым.
Жазылды өлең, жаралы жас ғұмырым,
Жазғым келді,
Жазалмай өтті күнім!..
Жазылды өлең, таңданып биіктерге,
Жазылды өлең, малтығып күйік-шерге.
Жазылды өлең, арналған Атажұртқа,
Жосыды жыр болып
Жез киіктер де!
Жазылды өлең,
Жаңбырлы көктем жайлы,
Жаныштаған еңсемді неткен қайғы?!.
Жазылмады əттең-ай, жаза алмадым,
Мені құшқан махаббат, шеттеу қалды.
Жазылды өлең, жұрт мені ұмытқанда,
Жұмбақ сезім жанымды жылытқанда.
Жазылды өлең, Талқының құшағында,
Шомылып тұрып атқан тұнық таңға!
Жазылды өлең, серпіліп жүргенімде,
Құшағым толған шақта гүлге мүлде.
Жазылды өлең,
Сайрамның тұнық көлін,
Түсте көріп жүргенде, түнде, күнде!..
Жазылды өлең, елдің көз жасын жазды,
Жазылды өлең, аңсаған асыл назды.
Ерте кеткен көктемді армандадым,
Отырғанда жамылып,
Жасыл жазды!..
Жазылды өлең, армандай жігіт жайлы,
Араласып кеткенде үміт-қайғы...
Өткенімен арада қанша жылдар,
Шын сезімін бұл жүрек суытпайды,
Жыл қашықтап,
Сол елес жуықтайды...
Жазылды өлең, теңселді орман-далам,
Жазылды өлең,
Қашықта қалғанда Анам!..
Жазылды өлең,
Туған жер топырағын,
Кезімде бір иіскеуді армандаған...