29.06.2022
  140


Автор: Марфуға Айтқожина

КӨҢІЛ ДЕГЕН НЕМЕНЕ АСПАН ЕМЕЙ

Бар ма менде өлеңнен басқа мерей,
Күндер кештік көңілсіз, бастан өгей.
Жасын ойнап жауады,
Жадырайды,
Көңіл деген немене,
Аспан емей?!
Сан сапардың жолдарын оңға бұрып,
Жансерік боп келеді, таңдағы үміт.
Жаз күніңдей жадырап, ал соңынан,
Көңілімнің аспанын –
Торлады бұлт...
Торлады бұлт, ақ нөсер өтті жауып,
Көп мұңайдық,
Көрмедік көп қуанып...
Мен сабылып жүргенде сағынышпен,
Кім білсін, сəске түсім –
Кетті ме ауып?!.
Қайта жанды жұлдызым сөне қалып,
(Бəрін бастан кешірген көне халық).
Жапырағы сыбдырлап көктемімнің,
Шаңқай түсім,
Төбемнен төнеді анық.
Шаңқай түс те төбеден ауып кетер,
Құрсанбасаң аспандай,
Жауып бекер...
Жел де, құйын да емеспін алай-түлей,
От та емеспін үрлесең, жанып кетер.
Сабырлықтың кеудемнен самалы есіп,
Өткен күндер қайрылмай,
Жабады есік...
Қараңғыда жағылған шырақ та емен,
Жел шалқытса,
Шырақ та қалады өшіп.
Оңай өшіп, мен оңай жана қойман,
Жарымаған, көңілге салады ойран.
Алыстағы жандардың жайын ойлап,
Арылмаған пендемін,
Жанары ойдан.
Күндер кештік көңілсіз, бастан өгей,
Бар ма менде өлеңнен басқа мерей?!
Жасын ойнап жауады,
Жадырайды,
Көңіл деген немене,
Аспан емей?!.





Пікір жазу