29.06.2022
167
Парасатты басталып жылдың басы...
Парасатты басталып жылдың басы,
Тағы да бір кезеңді тұрмын ба асып?!.
Еленбеген күндері еске оралып,
Ақ қағазға тамады,
Жырдың жасы...
Болмайды екен уақытта тоқтау деген,
Дауылдарда сөнбеді,
Шоқтанды өлең!..
Атажұртқа, аңырап, қарап өткен,
Ел тағдырын келемін жоқтауменен.
Не дайындар, білмеймін, болашақ күн,
Күркірейді,
Арынды, жаңа тасқын!..
Қиын күнде жаныма қуат берген,
Күннің шуақ-нұрындай,
Парасатты үн!
Парасатты күй кешіп, ойлар кешіп,
Жүрген жай бар, ілгері талмай көшіп!
Сыбағама тағдырдан тиген үлес,
Көз жұмғанша жыр оты,
Қалмайды өшіп!
Қиял билеп еркімді, келер күй көп,
Тұрса деймін көктемдей,
Өнер гүлдеп!
Жұртым жүрсе жүректе тербеп жырды,
Ойламаймын,
Өмірден сөнермін деп!..