29.06.2022
  105


Автор: Марфуға Айтқожина

КӨТЕРІП КӨЛЕҢКЕМДІ...

Жүрсе де жанарымды шоқтап қайғы,
Самал – жыр,
Желпуін бір тоқтатпайды.
Тағы да маза қашып, толқиды жан,
Талқыда өткен күнді жоқтап жайлы...
Жалт беріп абайсызда мына жалған,
Сəттерде тірлік үні тына қалған –
Қайтадан қуат беріп бойға жылы,
Ақ жарқын армандарым,
Шығады алдан!
Тынымсыз тіршіліктің соқпағында,
Түсумен келем қанша,
Отқа-мұңға...
Сен терген балғын гүлдер маған арнап,
Көміліп жыл толқындар,
Кетті ағында...
Тоқтамай, асау жылдар, толқындады,
Толқындады, ортамды
Толтырмады,
Қапыда өте шыққан жастықты ойлап,
Алпыс екі тамырым солқылдады...
Ояндым, көрген талай түсімді айтып,
Ел үшін,
Елжіремес ішің қайтып?!.
Тағы да қарап тұрмын,
Талқы жаққа,
Тағдыр-ай,
Оралмады құсым қайтып...
Қиялға батып əзер көзімді ілем,
Талқының көк шыңдарын кезіп жүрем!
Көтеріп көлеңкемді кетсем керек,
Қалдырып туған жерге –
Өзімді мен!..





Пікір жазу