29.06.2022
  152


Автор: Марфуға Айтқожина

МҰСТАФА ӨЗТҮРІК

Арнаған азаматқа ару əнін,
Тимеген жаурыны жерге, палуаным!
Мұстафа!
Қазақ-түркі мақтанышы,
Халқымның аспандатқан аруағын!
Атағын қазақ-түркі аспандатқан,
Өмірің таусылмайтын –
Жатқан дастан.
От шашып қыран көзің сен тұрасың,
Аралап жердің шарын,
Асқарды ассам!..
Тұрасың көз алдымда, асқарды ассам,
Ерлікке бардың қанша, жасқанбастан!
Сүрінбей өтіп едің, сан сүрлеуден,
Тайдырды-ау,
Ажал-тағдыр баспалдақтан...
Кеудеңде тау толқындар тасыттырып,
Қойды өмір, сені арманға асықтырып.
Айналып кеттің дала аңызына,
Табаның –
Туған жерді басып тұрып!
Қастерлі, қайсар едің, таңғалатын,
Жеткізем қалай айтып, жан жарасын?!
Ел-жұртын арқасына сүйеніш қып,
Аңырап, «боздағым» деп
қалды Анашың!..
Ер едің, қайда жүрсең дос табатын,
Кім сендей Ер жігітті жоқтамасын!
Жалғайды өнеріңді, жас өрендер,
Жетіліп артта қалған –
Қос қанатың!..
Кешегі жүзіп өткен Ақтеңізің,
Тербейді, Мұстафаның пəк сезімін.
Бас қосқан Стамбұлда ұлы жиын,
Тебіреніспен еске алып,
Жатты өз ұлын!..





Пікір жазу