29.06.2022
  114


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАНДАРҒА ҚЫЗЫҒАМЫН АНАСЫ БАР

Жандарға қызығамын Анасы бар,
Ананың орны дəйім дара тұрар!
Анашым ерте кеткен еске түссе,
Көңілім толқып атып аласұрар.
...Ой тетік, жүріс ширақ сексенінде,
Күн түсіп отырған жоқ көп келінге...
Жүзінен асыл Ана нұр тамады,
Қандай болды десеңші,
Көктемінде?!.
Əкеліп дүниеге қанша бала,
«Жолында осылардың
жан садаға...» –
Деп өсірген кешегі ұл-қыздары,
Аттанып кетті бүгін,
Сан-салаға!..
Қашан да ел құрметтеп жүрер атын,
Дəрігер, жұрт таныған –
Біреуі ақын...
Солар деп, Отағасы аттан түспей,
Жағыпты жолдарына,
Жүрек отын!
Сексеннің сеңгірінде бүгілмеген,
Сезімі сергек,
Өмірден түңілмеген.
Алдында ұлы Ананың құрақ ұшып,
Үлкендер ізет жасап,
Жүгірді өрен.
Адамға келмейді ғой бақыт тегін,
Өшпейді, көкейдегі ғашық сезім.
Ананы алақанда аялаған,
Күң мен құлың секілді
Уақыт сенің!..





Пікір жазу