СҰЛУЛЫҚ СЫРЫ...
Ақын жүгін арқаңа ақынша артып,
Шартарапқа кетіпті атың шалқып!
Шектелмейтін жалғыз-ақ туған жермен,
Бар қазақтың келесің, атын тартып!
Сыңғыр үнді, сол сұлу қалпыңмен,
Шыңдарға да шығандап,
Қалқиды өлең!
Тыңдаушыңды ұйытып сырларыңа,
Бөлісесің ойыңды халқыңменен.
Биіктермен өлшетіп өреңді енді,
Өмір сенің еншіңе –
Өлең берді!
Аққу – жырың, айдынды аймаласа,
Арманыңның мəні де тереңдеді.
Жол бермесе тағдырдың тұйықтары,
Сырлы сезім, сескеніп бұйықпады.
Тауларды да толғадың,
Таудың қызы,
Көкті тіреп тұратын иықтары!..
Сағынышың балқытып Талқы тасын,
Ойларыңды еркінше қалқытасың!
Саңлақ – Сара,
Жаралып топырағынан,
Сырларыңды
Қасымша, шалқытасың!
Ғали, Сырбай,
Тебірентсе сыршылдығы,
Болған емес жырсыз күн,
Жырсыз жылың!..
Асқарынан алпыстың,
Ақын Аққу,
Сұлу күйде сиқырлы, тұрсыз бүгін!
Сұлулыққа, сұқ көздер, сұқтанбасын,
Сұлулықты не жетсін, ұққанға шын.
Жан шуағын жырыңмен тарата бер,
Жыр – жанардан
Тек кермек шық тамбасын...