29.06.2022
  169


Автор: Марфуға Айтқожина

МҰРАЖАЙ ЖАНЫНДАҒЫ ОЙ

Аспанмен астастырып мұражайын,
Əлемге ойлы қарап тұр, Абайым!
Тірліктің шуағына шомылдырған,
Өлеңнің құдіреті,
Пірі – Абайым!
Аңғартқан өрлік пенен ерлік мəнін,
Семейді көргеннен-ақ –
Сергіп жаным,
Алдыңда аруағың тағзым етіп,
Өренің,
Өнер қуған, келдік дарын!
Толтырып құшағына гүл шоқтарын,
Алдына келді қанша ұрпақтарың.
Толқынын Қара Ертістің –
Тербеді жыр,
Шыңғыстың əн əлдилеп шың шатқалын!
Көргенде көп қуанып, ой бөлінген,
Дегендей, «мін табасың қай жерімнен» –
Сұлулар, сыңғырлата əн шырқайды,
Тоғжан мен аумай қалып
Əйгерімнен!..
Есіліп ерке самал бөктеріңнен,
Күндердің мəні өзгеше, өткерілген.
Қауышқан қоңыр күзде бұл сапардың,
Əсері мол,
Мағыналы,
Неткен мұңлы ең?!.
Үзбеген өзегінен өлеңді өріп,
Өнерлі əулетіңмен
Өрең кеңіп.
Орманың самырсынды ойға шомса,
Жатыр ғой,
Қасіретің тереңденіп...
Семейдің аты шықса, серілікпен,
«Ералың» жатқан жоқ па, керіліп кең.
Ойлы Ертіс еркін аққан Қара Ертістің,
Барамын толқынына көміліп мен...
Қара Ертіс, жатыр ішке тартып сырын,
Жұртына жеткізе алмай, айтып мұңын...
Тоқтатпас күрсінуін,
Қайран Семей,
Қалпына келмейінше,
Қайтіп бүгін!





Пікір жазу