29.06.2022
  105


Автор: Марфуға Айтқожина

АСЫРЫП ОЙ

Қасына күмбезіңнің бара алмай мен,
Арманда кете бардым, алаңдаумен.
Арылмай қасіреттен жатырсыз ба,
Теңдесіз ақын болып жаралғанмен?!
Жусаны, бұл өлкенің тасы да ерен,
Жазбауы мүмкін емес,
Ақын өлең!
Біздерге Жидебайдан қалды қарап,
Кемеңгер!
Соншама ұлы басыменен.
Өлеңнен тұрғызса да қашап тауды,
Сөндірмей жақса да жыр-ошақтарды
Жиналған жер-əлемнен –
Жұрт па неге,
Көңілі Ұлы ақынның босап қалды?!
Көк аспан көкжиекке өрнек салды,
Көлденең тартты кемпірқосақтарды...
Қалмады тебіренісін жасырып ол,
Жанарға жас іркілді,
Жасыны мол.
Пенде ғой,
Жаны мұң мен сырға толы,
Əлемге жатқанымен асырып ой!..





Пікір жазу