29.06.2022
104
АЯН БЕРІП
Түсіме де ендіңіз, аян беріп,
Содан ба,
Жырға қанат жаям берік.
Өлеңнің ұлы көшін өзің бастап,
Ұлы Абай!
Біз келеміз, саяңда еріп.
Тағдырым қанша мені қақпайласын,
Өлеңнен бас тартуға жоқ қой хақым.
Езіліп ет жүрегім,
Ел-жұртты ойлап,
Сырласып келем жырдан –
Таппай жақын...
Төгіліп жатса дағы тасқынды өлең,
Күпірлік, өзіңізден астым деген.
Қара жер бауырына алғанда да,
Оранып өлең-жырға,
Жатсын денем!..
Тағдырға жалбарынып, жыламаймын,
Биік бар өзім шыққан,
Құламаймын!
Қолдамас, қолдамаса –
Бұл ағайын,
Қолдасын аруағың,
Ұлы Абайым!