29.06.2022
  177


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАЛҒЫЗЫМ

I
«...Жалғызым өксімесін, шалықтасын,
Тағдырдың өссін құзар, жарып тасын!
Өзімшіл болмай өзін ойлайтұғын,
Еліне адал болсын, халыққа шың!..» –
Деді əке, қан майданнан хатын жолдап.
Ұлының болашағын батыл қолдап.
Жүрсе де Отан үшін отты кешіп,
Балаға əкеден кім жақын болмақ?!
Түбіне сақтап хатты сандығының,
Анасы кешті ауыр да мəнді ғұмыр.
Жан Ана көз жұмғанда,
Жалғызына –
Сол бір хат мұра болып қалды бүгін...
Əкесін аңсап өсті ұл, арманменен,
Əкеге деген сағыныш жалғанды ерен!
Майданнан оралар деп,
Жұрт қатарлы,
Ол атқан бірге оянды таңдарменен...
Кеудеге ұялатып тұнық сезім,
Бозбала, қыз қызығар,
Жігіт кезі...
Əкенің арманына лайық болып,
Өссем деп, іштей қайрап жүріпті өзін.
Тұндырып көкірекке мəңгілігін,
Балаға арман болып,
Қалды бір үн...
Қақтырмай қанаттыға өсірді Ана,
Көзінің қарасындай,
Жалғыз ұлын!..
Жалғызын басып кейде кеудесіне,
Хабарсыз кеткен жарын
Алды есіне...
Аязға қарылса да,
Отқа күйіп,
Арқасын тосты күннің сəулесіне!
Оралып жатқан кезде тұстас əркім,
Өзінде сан аунақшып қысқа таңның –
Зинатай?
Тілек тілеп бір Тəңірден,
Хабарын күтіп өтті,
Мұстаханның...
II
...Ұлына сездірмеді зарыққанын,
Өксік пен іштей тынып, тарыққанын,
Құйды ол,
Көкейіне жалғызының –
Адалдық, осы өмірде бар ұққанын.
Кеудесіне ол үнсіз басып мұңды,
Тіледі жалғызына
Ашық күнді...
Қуантты ұл ержетіп,
Жан анасын,
Келін ғып алып келіп,
Ғашық қызды...
Жарасып кетті олар жарасудай,
Енеге еркелейтін баласындай!
Апалап, алдын кеспей өмір кешті,
Көргенсіз келіндердей,
Аласұрмай!..
Төгіліп жылу нұры жүзіндегі,
Келінін «келін» демей,
«Қызым» деді.
Сүйген жар келер деген жалғыз үміт,
Дариға-ай!
Көз жұмғанша үзілмеді...
III
Өсіріп ұл-қыздарын баласының,
Алыпты мəңгілікке,
Ана тыным...
Қыран да қалқығанын көрді көзбен,
Астына алған ұлын қанатының!
Жанына жігер беріп қайрат-төзім,
Толқиды Кеңес,
Өткен ойлап кезін...
Ұшырып қызды – қия, ұлды – ұяға,
Ортақ қып қуанышқа, тойлатты елін.
Жүретін таса болмай ел көзінен,
Кеңестің көркі ашылды,
Кербезімен!
Атанды ел ағасы, сенім артқан,
Кішілер ақыл сұрар енді өзінен!
Жанының жардан тауып жарастығын,
Отыр ғой шашын нұрмен тарап бүгін!
Қыздың да құралайын сен өсіріп,
Қазақтың баулыдыңдар,
Санатты ұлын!..
Өмірдің тереңдігін түсініп кең,
Келесің өмір кешіп
Кісілікпен!
Елесін бастан кешкен тағдырыңның,
Отырмың ақ қағазға түсіріп мен...
Туыстық, болмаса да жерлестігім,
Əкені аңсап өскен тербетті үнің!
Жеңістің алпыс жылын тойлап жатыр,
Тəуелсіз қазақ елі,
Жер-көк бүгін!
Ешкімге болмаса да жақындығым,
Елімнің бəріне ортақ ақындығым!
Арманда кеткен сол бір боздақтардың,
Ерлігі жан толқытып жатыр бүгін!..
IV
Ассаң да сен алпыстың кезеңінен,
Өшпейді үн
«Əкелеген» өзегіңнен!
Əйтпесе, тебіреніп жыр жазам ба,
Арманым болмаса ортақ өз еліммен?!
Орынын жан Əкенің жоқтап тағы,
Оянды көкірегін шоқтап таңы.
Шер тарқап,
Армандары ақтарылды,
Бұл тағдыр заңдылығын тоқтатпады.
Құрмет қып ата-анаға асын беріп,
Орнаттың ескерткіштің тасын берік!
Құрғатып жатыр бүгін Күн көзіне,
Келген жұрт,
Көкірекке жасын көміп...
Атқан таң, көре де алмай арай күнін,
Өмірден көшкені анық талай ғұмыр...
Бүгінгі Тəуелсіз ел бақытына,
Қызғанып,
Қызығып та қарайды мың!..
Жеңістің жырмен толғап алпыс жылын,
Замана ақындардың
Шалқытты үнін!
Кім білсін келер күннің не сыйларын,
Төбеден барады ауып
Талтүс бүгін...
Құлақта «Құлыным» деп қалды бір үн,
Жұлдызы ата-ананың жанды бүгін!
Жүр əлі ұмыта алмай сол бір ұрпақ,
Кешегі сұм соғыстың жаңғырығын...
Көре алмай кетті арманда,
Қайран Əке,
Қызығын артта қалған жалғыз ұлдың!





Пікір жазу