29.06.2022
  1093


Автор: Марфуға Айтқожина

ӨНІП ТҰР БІР ҚЫЗЫЛ ГҮЛ ТАСТА ТІРІ

БІРІНШІ ЖЫР
Өніп тұрған бір қызыл гүл таста тірі,
Ол – Əлия,
Қазақтың хас Батыры.
«Қайран ел,
Қайран ғұмыр деп», – деп арудың,
Жанары кетті ме екен, жасқа тұнып?!
Ойынан сұрапыл күн айықпаған,
Құшағын жатыр дала, жайып саған.
Қалқиды көк жүзінде –
Көк тырналар,
Рухы ма,
Батыр қыздың қалықтаған?!
Сыр шертсе, ару жайлы,
Дала – дастан,
Атыңды жаттап өстік бала жастан.
Өзіңді мен өмірге үлгі тұттым,
Босаңсып кейбір сəттер бара жатсам.
Сені айтпай, бұл өмірде шалқырма үміт,
Кеудеңе, Батыр бабам, салтын құйып –
Қалғанша қасық қаның шайқасыпсың,
Көтеріп,
Отанымның даңқын биік!
Ерекше жаралған соң, асып өрең,
Өжет болып ер жеттің,
Тасып ерен!
Мен тұрмын тебіреніп,
Батыр Əлия,
Басында ескерткіштің, оқып өлең!
Толықсып, толған шақта текше гүлге,
Қиылды қыршын жаның,
Көктеміңде...
Қауыштым, ел-жұртыңмен, асыл ару,
Арман-ай,
Жетпей кеткен Сексеніңде!
ЕКІНШІ ЖЫР
Өніп тұр бір қызыл гүл таста тірі,
Ол – Əлия,
Қазақтың хас Батыры.
«Қайран ел,
Қайран ғұмыр» – деп, арудың,
Жанары кетті ме екен, жасқа тұнып?!
Сипайды қолаң шашын самал есіп,
Əлдилеп, жатыр тербеп,
Дала – бесік!
Сексен жыл бойы елің есіне алды,
Демеймін,
Батыр даңқы қалады өшіп.
Өмірден өтіпсің-ау, сүймей жарды,
Гүл – ернің, ерініне тимей қалды...
Пəк сезім, періште қыз,
Кетті арманда,
Туған ел, ұмытар ма, сіздей жанды?!
Кеудеңде лапылдаған ғашық сезім,
Болған жоқ,
Қан майданда жасық кезің.
Соңғы рет тыныс алып, кең аспанға,
Қия алмай,
Қарады ма,
Ашып көзін...
Өмірде сендей қызды құшу бақыт,
Қабағың ашық-жарқын,
Түсің де ашық.
Есіңе алдың ба екен,
Жас жігітті,
Кеудеңе қаруыңды қысып жатып...
Өмірде сендей қызды құшу бақыт!
ҮШІНШІ ЖЫР
Беу, аяулы, ару қыз, қыршын кеткен,
Жыр оқимын,
Жүрегім дүрсілдеп мен.
Ерлігі қайталанбас, қайсар қызды,
Ақындар жырға қосып –
Жүрсін деп пе ең?!
Қанша мұң тереңінде жатыр ма ойдың,
«Ұмытпа», – деп тұрғандай,
Ғасырға ойлы үн!..
Өзіңе деген шексіз махаббат ол,
Əлия – деп,
Қызымның атын қойдым.
Секілді Арқадағы асыл киік,
Рухы – Батыр қыздың,
Жатыр биік!
Атанған қазағымның –
Жыр – Аққуы,
Алдыңа келіп тұрмын басымды иіп.
Жан-жақтан келіп тұрмыз жаныңа біз,
Аруағың,
Жатыр ма аунап,
Əлия қыз!..
Тəуелсіз таңы атқан қазақ елі,
Атымыз –
Ерлік болып таныламыз!
Шайқалып тұрсың бүгін шынардайын,
Емессің,
Жапырақсыз,
Сыңар қайың.
Алады тəуелсіз ел мəңгі есіне,
Есімнен мен де өзіңді шығармаймын!





Пікір жазу