ҚОНЫП ЖАТЫР ЖҰРТЫНА БҮГІН АУЫЛ
Сағыныштың теңдеген жүгін ауыр,
Қонып жатыр жұртына бүгін ауыл.
Атамекен – қарсы алды құшақ жайып,
Жанарда жас,
Елжіреп іші-бауыр...
Тынбай тулап кеудеде отты жүрек,
Өз жұртына аңсаған,
Жетті жүдеп...
Ағайын мен туысты айтпағанда,
Тау-тасына айқасып кетті білек!
Жүрсін қанша арқаңнан өкпек өтіп,
Даусың жатыр, ақыным, көпке жетіп
Жалын жастық, махаббат, мұңы аралас,
Өлең жырды келесің төкпелетіп!
Арылар-ау, өкініш, алаң сезім,
Қуат беріп тұрғанда, өлең – серің!
Жеткізеді түбінде арманға бір,
Маңдайыңнан төгілген,
Адал терің!..
Тіршіліктің арқалап дүйім жүгін,
Қанша болмай жүрсе де –
Күйің бүгін –
Көзге түссем демейтін,
Жолды кесіп,
Жұртқа ұнайды, ойларға үйірлігің!
Өтсе дағы ай, жылдар, қанша уақыт,
Ай туғыздың өлеңнен шалқалатып!
Ақын үшін басқаның бəрі бекер,
Тек өлеңнен жанады,
Жанса бақыт!
Көрген сайын Тəуелсіз күніңді өрден,
Жүрек дерттен айығар, тілімделген.
Сендей болар,
Ана – жұрт, төл баласы,
Омырауын иітіп,
Нұрын берген!..