29.06.2022
  133


Автор: Марфуға Айтқожина

АРҚАДАН АРҚАЛАҒАН ОЙ

Кең Арқа, дүбірлетіп төсіңде мен,
Есілді қоңыр самал, есілді өлең!
Ақындық атыма сай жыр жазбасам,
Сен мені болар едің,
Кешірмеген!..
Кетемін Арқа десе, арқаланып,
Белгісіз сиқыр сезім тартады анық.
Кезінде «Тың даланы игеруге»,
Жөңкіле көшіп келді қанша халық...
Жатқанда жасыл жоннан таспа тіліп,
Ешкім де жатпады оған бас қатырып.
Жаныңды сенің қайдан
Жат ұғынсын,
Тілі де, діні бөлек, басқа тірлік...
Кең Арқа жатты демін алып ішке,
Мөлтілдеп көз жанары жасқа тұнып...
Қандай байлық жоқ қазақ даласында
Өктемшіл, жат пиғылдар аясын ба?!.
Арқаның тілімделген жасыл жоны,
Жаза алмай жатыр əлі
Жарасын да...
Жат жұрттың
жағып қанша шырақ-шамын,
Суалтқан кездер болды,
Суаттарын...
Көзінің жасын əлі кептіре алмай,
Күрсініп жатқан жоқ па,
Қыраттарым!..
Ойыма отыр ауыр түсіп өлең,
Елміз ғой,
Жерін өткен құшып ерен...
Батырлар бар елімде,
Ел қорғайтын,
Білектің күші,
Найза ұшыменен!..





Пікір жазу