29.06.2022
  133


Автор: Марфуға Айтқожина

СИЯДАН ҚҰРҒАМАЙДЫ ҚАЛАМ БҮГІН

Тағдыры жатса да егіз азаппенен,
Қашан да қайсар халық,
Қазақ деген!
Белгісі қайсарлықтың
Мықтылықта,
Тамыры мықтылықтың ғажап терең!
Ғасырлар, Атамзаман сабақталған,
Ерлігі сан ғасырлар сарапталған.
Беріспей,
Белдескенде алып ұрып,
Бəрі де,
Батырлықпен аяқталған...
Басынан өткерсе де ақтабанды,
Басынан асырмаған, даттағанды.
Елі мен жері үшін құрбан болып,
Ер бабам,
Келген екен сақтап арды!..
Келеді сол қасиет қалмай бізден,
Күндерді сол қасиет,
Жалғайды үзген.
Жанымыз досқа да бай,
Жомарт елміз,
Аз емес, ағайын да шалғай жүрген.
Аз емес, ағайын да шалғай жүрген,
Соларға сағынышты арнаймын мен.
Көңілге жайларда көп,
Күмəн салар,
Құпиясы мол елді жалғайды іргем...
Қазағым, кім көз салмас саған бүгін,
Сертімнен ауытқымас,
Табандымын.
Елімнің тағдыры ғой толғандырар,
Сиядан құрғамайды,
Қалам бүгін!..





Пікір жазу