КЕЛЕСІҢ ТАУ СУЫНДАЙ ТАСЫП ЕРЕН!
Біледі туған жұртым, жатың емен,
Айтар ой, сырларымды батыл өрем!
Дос тұрғай,
Дұшпаның да мойындайтын,
Биіктің биігінде жатыр өрең!
Биіктің биігінде жатыр өрең,
Туған ел, қуаттайды, асыл өрен!
Заманның талабы мол, талғамдыға,
Келесің тау суындай,
Тасып ерен!
Еркіңді қиял билеп, қашып мазаң,
Түн – ару, аунақшиды ғашық саған.
Барсаң да қайсы тұсқа,
Қай құбылаға,
Құшағын тұрған жоқ па, ашып далам?!.
Бөленсін деп, Ұлы Отан, аймақ гүлге,
Келесің, тайқазанда қайнап бірге!..
Астана –
Алматыны шаштан сипап,
Ақ таңды атырасың, ойлап күнде.
Өзіңе жарық дүние, жұртың ғашық,
Айбынды, енді бірде сылқым басып –
Тынымсыз күйлер кешіп жүрсің дəйім,
Туған ел үшін осынау,
Ұйқың қашып!
Ашпай ма замананың өнер көркін,
Өнермен нұрлы дүние, кемелденсін!
Бір сырлы,
Сегіз қырлы серілікті,
Серпінді, сергектікті
Сенен көрсін!..