ДАЛА ҚҰСЫ
Қағылез қаршығадай өлең ілген,
Саяңда қанат қағып келемін мен.
Тарихтың тарландарын алға тартып,
Ақынмын,
Өлеңімен өре білген!
Тəуелсіз!
Ел де, жер де қысылмаймын,
Даланың еркін ұшқан құсындаймын!
Тағдырым –
Табыстырды Атажұртқа,
Мен қалай,
Өлең-жырды ұсынбаймын.
Өзім деп, өзі тұрғай, өзгені елеп,
Қазағым тұрған жоқ па,
Көзге бөлек.
Осынау ел данасын, сезген ерек,
Айтуға мағыналы сөз де керек!
Тəуелсізбін, ешкімге бас ұрмаймын,
Қол жеткен қуанышты жасырмаймын.
Тартылып кеткен Арал айдынындай,
Айықпас,
Ғасырларғы,
Жатыр қайғым!..
Қазақтың көңілі шалқар, даласы кең,
Аузыма мəрттігіммен қаратып ем.
Бейне сол елдігімнің белгісіндей,
Қыран тұр,
Ту көтеріп қанатымен!
Еліміз ғой, арқалаған дала дертін,
Сұңқарым!
Көкте қалқып барады еркін.
Жетеді, көргеніміз жамандықты,
Қазаққа жақсылықтар –
Бола берсін!
Заманның жеңіп қатер-қауіптерін,
Бақытын еркіндіктен –
Тауыпты елім!
Тербейін,
Тəуелсіз күн,
Талбесігін,
Бұршақтап, маңдайымнан жауып терім.