АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ
І-жыр
Біздің ауыл өзгерген жоқ,
Жерінде отыр баяғы...
Кетті өмірден көзкөрген көп,
Көңілге күдік таяды.
Біздің қоныс өзгерген жоқ,
Қоңыр тірлік,
Қоңыр кеш...
Заман, ерте сөз берген жоқ,
Бар ма шара, əмірге еш.
Біздің ауыл көшкен де жоқ,
Жұрт жылыстап жатқанда.
Көк түтіндер, өшкен бе, көп,
Демі жетпей ақ таңға?!
Біздің ауыл дүрлікпеді,
Қиындықтан қысылып...
Кешегідей бірліктері,
Кешегідей кісілік.
Өмір шіркін озған ба көп,
Өзгешелеу салттары.
Өз жұртынан қозғалған жоқ,
Бұл ауылдың қарттары...
Ауылым дегі, ақтарылам,
Болмаса екен, ақтық үн...
Жұпар шашқан бақтарынан,
Елестейді жастығым.
Бар мейірін аядыма-ай,
Сыйлап өтем сол үшін.
Бір-біріне баяғыдай,
Созып отыр қол ұшын...
Ауылым деп, алаңдадым,
Ауыл – алтын бесігім.
Күттің қанша,
Бара алмадым,
Сұраймын көп кешірім!..
2-жыр
Туған ауыл түсіме еніп,
Ұйқы қашты ақ таңда.
Ауылды еске түсірейін,
Қайта қолдап жатқанда.
Біреулердің ауылы көп,
Тосар көңіл – саясын.
Біреудің бір ауылы жоқ,
Алдынан құшақ жаятын...
Қайран жастық, Қаратастың,
Толқынында қалыпсың.
Өмір дейтін дара тасқын,
Арпалыстым,
Алыстым...
Арасында қос ауылдың,
Кезектесіп өсіппін.
Орны бар ма, өш алудың.
Кетті жастық,
Көшіп күн!.
Арасында ауылдардың,
Ат сабылтып келемін.
Үдей соққан дауылдардың,
Сезді жүрек, керегін.
Қос ауылдың арасында,
Құстай ұшып, сабылдым,
Қазақтың кең даласында,
Бір ауылды сағындым!..
Ол да мені шақырмады,
Көп жыл өтті, «келе ғой» деп.
Жыр – жүрегім, лапылдады,
Жылдар жатты көлегейлеп!..
Əлде кімге бағыныш бар,
Тіл жетпейтін жақындық.
Сол алапат сағыныштар,
Кетті білем,
Ақын ғып!