29.06.2022
  148


Автор: Марфуға Айтқожина

АСУЛАРДАН АСҚАНДА

Күздің күңгірт күндері басталып бір,
Таулар жатты, ақ бұлттан жастанып сыр.
Жастық кезін қимаған арулардай,
Жапырақ кірпігінен
Жас тамып тұр...
Діріл қағып жапырақ сырғалары,
Ақ қайыңдар дамылсыз ырғалады.
Ақын жанын толқытып ой салғандай,
Қандай сырлы,
Алматым, жыр жанары?!.
Көлегейлеп көздерден қырқаларын,
Көкшіл мұнар шыңдарым –
Қымтанады.
Өткен күзгі сəбилер қаз-қаз басып,
Төсек тартқан қария,
Күн санады...
Сезінемін тұрғандай дала жырлап,
Даламенен көңілім табады ырғақ.
Көшіп кеткен күндердің –
Керуені,
Жастығымды білдіртпей барады ұрлап...
Асулар да бір-бірлеп биіктенді,
Арқалаған көңіл-ай,
Күйік-шерді...
Елу жасты елемей өтіп едім,
Алпыс дейтін бал-шарап құйып берді.
Татсам ба екен дəмінен,
Татпайын ба,
Қолын оның қалайда қақпайын да.
Маған ұнап тұрған жоқ, амал қанша,
Оған мен де жағам ба,
Жақпаймын ба,
Тəуекел, босағасын аттайын да!..
Құрық салып асауға, ноқталадың,
Өткен күнге қия алмай, көп қарадым.
Елуімде жетпеген жақсылықты,
Алпыс алып келер деп,
Тоқталамын...
Келсе келер, ол сиын алып маған,
(Бəріне де көнген ғой, ғарып балаң...)
Еркелігім кешегі –
Қайда бүгін,
Еркін ұшқан құс едім, қалықтаған.
Қандай күйге салады, Алпыс мені,
Біреулерге бұл алпыс –
Талтүс пе еді?
Толқындарда ойнаған сағым едім,
Иірімдер барады тартып мені...





Пікір жазу