29.06.2022
  110


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚОҢЫР ТАУДЫҢ МЕКЕНДЕП...

Қоңыр таудың мекендеп, қоңыр шыңын,
Қоңыр үнмен шертіп ең, өмір сырын.
Тереңіне бойладың,
Теңіз – ойдың,
Күніне ұқсас күй кешіп теңізшінің.
Сабырлығың жеңдірмей жанды ашуға,
Ұмтылып ең, тəкаппар,
Қарлы асуға!..
Қаршадайдан əкенің жоғын жоқтап,
Жан бітірдің,
«Жабайы алмасына!..»
Арқалаған соғыстың ауыр дертін,
Суретші өзің,
Дəл сызған ауыл көркін.
Қиналсаң да қымсынбай
Қиындықтан,
Тосып өстің кеудеңді дауылға еркін.
Өздеріңмен асырып тауым көркін,
Кеудеге дəйім өшпес, дауыл берсін!
Ағаларың кеткенде жауға аттанып,
Жесірлерді қорғаған,
Жауынгерсің!..
Қанша мезгіл өтсе де тарқар ма бұл,
Сол күндердің салмағы арқаңда жүр.
Сол күндердің шертесің сырын əлі,
Өз-өзіңмен оңаша қалғанда бір...
Өтсе де гүл көмкерген неше көктем,
Қоңыр таудың самалы еседі, өпкен.
Телқұлынтай секілді қатар өстік,
Екі жағын бір таудың –
Мекен еткен.
Қоңыр тауда қарсы алып,
Қоңыр күзді,
Қаншама ойлар қалдырдың,
Өмірлі ізгі...
Қоңыр таудан аттандық қатарласып,
Мəскеуде бір оқытты,
Өмір бізді...
Толас бермей жаныңа толымды үміт,
Сара, Ілияс, келеміз жолын қуып.
Ел-жұртыңды отырсың алқап бүгін,
Шуағына ойлардың,
Шомылдырып!..





Пікір жазу