29.06.2022
  116


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАЗ КҮНІМЕН ЖАПЫРАҚ, ҚОШТАСУДА

Жанды бөлеп қуаныш, жасқа-мұңға,
Өте шығар өмір бұл, қас-қағымда.
Қақтырумен келесің əн қанатын,
Тынбай шырқап,
Туған жер аспанында!
Кеше ғана, тергенің далада гүл,
Шоқтай жайнап көңілде қалады əр күн!
Ақындықтың арнасын маған бұрып,
Əншілікті өзіңе қалап алдың.
Əнді құштың, гүл құшқан бұлбұлдайын,
Бұлбұл ғана ұғынар, гүлдің жайын.
Менің-дағы көңілім шалқып жүрер,
Əн шырқатып жүргенде құрбым дəйім!
Құлпырған гүл құшақтап жатқандай жер,
Өнер барда ешкімнен жасқанбайды ел.
Сұлу үнмен тербетіп туған жерді,
Əнмен бірге өзің де
Аспандай бер!
Əнмен бірге өзің де шырқа биік,
Тыңдап қалсын жезкиік,
Қырқада ұйып,
Лəззатына жан-жүрек нұрланбай ма,
Қоңыр əнді көкейге тұрса құйып.
Өте шығар зымырап, өмір-уақыт,
Қоңыр əндер келеді мені уатып...
Есеюге қимаймын ешқашан да,
Қоңыр үнмен əн салсаң,
Қоңырлатып!..
Əнмен тербеп сəбиді жаңа туған,
Атам қазақ, əнімен таң атырған.
Сенің орның ерекше, өнер үшін,
Талай əннің өзіңмен бағы ашылған!..
Тəтті ұйқыдан оятар жалынша өрлеп,
Əнді сүйген, жан құрбым,
Жаның сергек!
Күміс үнді құлындай күмбірлетіп,
Тұра берсін даланы əнің тербеп!
Жүректерді тербетіп ашық-нұрлы үн,
Біз келеміз сырласып,
Бақыт құрбым!
Арнасында толқысаң, əн – өзеннің,
Қанатында мен келем,
Жақұт жырдың!





Пікір жазу