СҰЛУ СЕКСЕН
(X. Бөкееваға)
Жүрегінен жұртына жылу төккен,
Құбылыс қой,
Керемет,
Күнің неткен?!.
Сахнаның өзіңсіз сəні бар ма,
Япырмай-ай,
Бұл неғылған, сұлу Сексен!
Өміріңнің өнерге сай келуін,
Мүмкін бе,
Сізге өлеңсіз, жай келуім.
Көркіне парасат пен ақылы сай, –
Абайдың көргендеймін,
Əйгерімін!
Бар ма əлде, біз білмейтін жанында мұң,
Сан жылдар,
Сахнада жалындадың.
Өзің емей, кім еді,
Бал-Хадиша-ау,
Сомдап соққан қазақтың аруларын?!.
Мақтанарлық шетінен қатарларың,
Биіктерден көрініп жатар дарын!
Жалғыз ғана қазақтың аруы емес,
Басқа ұлттың да көркейттің,
«Аруларын!»
Ешнəрседен жайың жоқ тосылғандай,
Өзен тулап,
Өзенге қосылғандай.
Əн салдырған өмірі өзіңсің бе,
Сері жанға –
Байғали Досымжандай!
Табылатын өзі де, сөзі де өрден,
Кім сүйсінбес көркіне,
Көзі көрген.
Атақты сен ешкімнен сұрамадың,
Атақ-даңқ,
Сізді іздеп,
Өзі келген!
Жүрегінен жұртына жылу төккен,
Құбылыс қой,
Керемет, күнің неткен.
Сахнаның өзіңсіз
Сəні бар ма,
Япырмай-ай, бұл неғылған,
Сұлу – Сексен!.